Елімізде 1 қазанға дейін жеке тұлғалар мүлік салығын төлеуі тиіс. Бұл төлем 2025 жыл үшін алынады. Өткен жылға облыстың 260 мың салық төлеушісіне барлығы 346,6 млн теңге салық есептелген. Тиісті төлеу мерзіміне дейін бірнеше апта ғана қалды. Қазіргі таңда өңір тұрғындарының мүлік салығын өтеу белсенділігі қандай? Бұл салықты қалай және қайда төлеу керек? Уақытылы төлемеген жағдайда заңнамада қандай шаралар қарастырылған? Кімдер мүлік салығынан босатылады? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық мемлектетік кірістер департаменті басшысының орынбасары Марат Бейсенов жауап берді.
– Марат Жұмажанұлы, 1 қазанда жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталатыны белгілі. Қазір жағдай қалай? Тиісті салықты тұрғындар уақытылы төлеп жатыр ма?
– Жалпы, 2025 жылға облыс тұрғындарына шамамен 346,6 млн теңге мүлік салығы есептелді. Яғни, бұл соманы өңіріміздің 260 мыңнан астам салық төлеушісі төлеуі керек. Бүгінде 199,5 млн теңге бюджетке түсті. Оған қоса, өкінішке қарай, өткен кезеңдер үшін қалыптасқан қарыз бар. Мәселен, аймақтың 27 мың тұрғыны өткен жылдардағы 41 млн теңге көлемінде мүлік салығы бойынша берешегін өтеген жоқ.
– Осы ретте, тұрғындар мүлік салығы туралы қайдан біліп, қалай төлеуі керектігін айтып өтсеңіз…
– Мүлік салығы жылжымайтын мүлік орналасқан мекен бойынша төленеді. Ал салықтың мөлшерін азаматтар «e-salyq Azamat» мобильді қосымшасында «ЖТ және ЖК алдағы төлемдер сервисінен», «Halyk Bank», «Kaspi Bank» және тағы басқа банк қосымшаларынан біле алады. Осы құралдар арқылы төлеуге де жол ашық. Сонымен қатар, соманы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің portal.kgd.gov.kz порталынан да анықтауға болады. SalyqBot сілтемесі арқылы Telegram арнасындағы чат-бот, 1414 байланыс орталығы арқылы да білуге мүмкіндік бар. Банктер мен банкоматтар арқылы төлеуге арналған деректемелер – БСК (Бюджеттік сыныптау коды) – 104102, ТТК (Төлем тағайындау коды) – 911 (өсімпұл төлеу кезінде – 912).
– Салықты уақытылы төлемеген жағдайда қандай шаралар қолданылады?
– Құзырлы орган салықты уақытылы төлемегендерге 2 қазаннан бастап бірқатар шара қолданылатынын алға тартты. Біріншіден, банктік қызметтерге шектеу қойылады. Мәселен, борышкерлер банктік шот аша алмайды, ақша аударуға немесе несие рәсімдеуге тосқауыл болады. Сонымен қатар, әрбір кешіктірілген күн үшін ҚР Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Тағы бір шара мәжбүрлеп өндіріп алуға қатысты қолданылады. Яғни, қарыз 1 АЕК жоғары болғанда хабарлама табысталған күннен бастап 30 жұмыс күні өткенде салық бұйрығы шығарылады. Қарыз 5 күн ішінде өтелмесе, бұйрықты жеке сот орындаушыларына жолдайды. Жеке сот орындаушылары қатаң санкцияларды қолданады. Банктік шоттар мен мүліктерге тыйым салады. Сонымен қатар, Қазақстан шекарасынан тыс жерлерге шығуға тыйым салынады. Борышкерден жеке сот орындаушылары қызметіне қарыз сомасының 25 пайызы көлеміне дейін қосымша төлем ұсталады. Осы орайда тұрғындарды мүлік салығын қазан айынан кешіктірмей төлеуге шақырамыз.
– Мүлік салығынан босатылған немесе жеңілдіктер бар азаматтардың санатына тоқталсаңыз…
– Биыл 2025 жылдың салығы қабылданатындықтан, өткен жылдың 1 айлық есептік көрсеткіші –
3932 теңге назарға алынады. Мүлік салығын толық немесе ішінара төлеуден босатылған азаматтардың жеңілдетілген санаттарының тізбесі Салық кодексінің 526-бабының 2-тармағымен белгіленген. Жеңілдетілген санатқа Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Отан» орденімен марапатталған адамдарға жеңілдік қарастырылған. Жеңілдіктер бар санатқа Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдар жатады. Сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдар кіреді. Мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балалар 18 жасқа толғанға дейінгі кезеңде меншік құқығындағы жер учаскелері, тұрғын үйлер, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар, автотұрақ орындары және өзге де құрылыстар, ғимараттар, үй-жайлар бойынша, бала кезінен мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының біреуі жер учаскелері бойынша жеңілдіктер беріледі. «Батыр ана» атағына ие, «Алтын алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналарға, бөлек тұратын зейнеткерлерге белгілі бір шекте жеңілдіктер бар.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
