Көлік салығын кімдер төлемей жүр?

Қыр 17, 2026

Аймақта 147 мыңнан астам азаматтың атына 220 мыңнан артық автокөлік тіркелген. Бүгінде солардың ішінде 14,2 тұрғын көлік салығын төлемеген. Берешек көлемі 898 млн теңгені құрап отыр. Ал көлік салығын төлеу мерзімі биыл сәуірдің бірінде аяқталған.

Содан бері бес ай өтсе де, қарызын өтеуге асығар емес. Кейбірі, тіпті, жылдап төлемей жүр. Көлік салығы бойынша берешегі 5 млн теңгеден асқан азаматтар да бар көрінеді. Яғни, көбінде жол талғамайтын көлемі үлкен көлік иелерінің қарызы басым.  Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Арман Уәлиевтің мәлімдеуінше, мұндай борышкерлер төлеуге «уақыт жоқ, ұмытып кеттік» деген сылтау айтады. Құзырлы орган борышты екі жылдан астам төлемеген жағдайда күн сайын қосылатын өсімпұл мөлшері салықтың көлемімен теңесіп қалады. Яғни, берешек күн сайын өсе береді. Осы ретте, қарыз иелерімен күресті күшейткен. Нақтысы, жеке сот орындаушыларымен және полициямен бірлесіп, «Кибер-Шериф», «Оракул-Қорғау» кешендері көмегімен үнемі рейд жүргізеді. 118 рейд өткізіліп, нәтижесінде 553 борышкер 85,5 млн теңге қарызын өтеген. Рейд кезінде салықты төлемеген жағдайда көлікті айып тұрағына қояды. Қазіргі таңда 2 автокөлік айып тұрағына жеткізіліпті.

Департамент өкілдері мүлік салығын төлеу мерзімі таяғанын еске салды. Алдағы 1 қазанға дейін облыста 260 мыңнан астам тұрғын 346,6 млн теңге мүлік салығын төлеуге міндетті. Бұл соманың 220 млн теңгесі қазынаға түскен. Әлі 41 млн теңге салық төленуі тиіс.

Дегенмен, департамент өкілдері биыл 8 айда өңірдің салық органдары бюджетке салықтық қаржының түсуінің өсу қарқынын және тұрақтылығын қамтамасыз еткенін атап өтті. Республикалық бюджетке салықтық түсімдер жоспардан асыра орындалған. Жоспар 370,3 млрд теңге болса, нақты 383,9 млрд теңге түскен. Ал жергілікті қазынаға 305,4 млрд теңге жолданған. Кедендік төлемдер де тұрақты, биыл сегіз айда 21 млрд теңге түскен.

Сондай-ақ, мамандар 2026 жылы декларация тапсыруға қатысты мәліметке тоқталды. Биыл мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік функциялар орындауға уәкілетті тұлғалар және олардың жұбайлары, компания басшылары мен үлесі 10 пайыздан асатын құрылтайшылар, олардың жұбайлары табысы туралы есеп беруі тиіс. Жеке практикамен айналысатын адвокаттар, нотариус, медиатор, жеке сот орындаушылары да декларация тапсыруға міндеттелген. Шетелде тіркелетін мүлкі бар азаматтар есеп беруі керек. 78 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған, мүліктік кіріс көрген тұрғындар, криптовалюта иелері, шетелдік жылжымайтын мүлік немесе шетелдік банктерде 1000 АЕК артық шоты бар азаматтар да декларация тапсырады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің 96 пайызы тапсырған. Тапсырмағандардың көбі компаниялардың басшылары, құрылтайшылары көрінеді. Департамент өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда есеп бермегендерге хабарламалар жолдануда. Ал 15 қыркүйекке дейін уақытылы тапсырмағандарға алдымен ескерту жасалады. Одан кейін 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Сонымен қатар, жеке тұлғаларды банкроттық деп тану бағытында заңнамаға өзгерістер енгізілгені белгілі болды. Банкроттық жариялау бастамасы қолға алынғаннан бері облыста 18 мыңнан астам азамат соттан тыс банкроттыққа өтініш берген. Олардың 3361-і банкрот деп танылған. Яғни, қарыздары есептен алынып тасталды. Әлі 980 іс қарастырылуда. Ал тиісті талаптарға сай келмейті 13,6 мың адамның өтінішін қанағаттандырудан бас тартылған. Енді осы сәйкессіздікке байланысты заңнамаға өзгеріс енгізілген.

– Заңда қазір жеке тұлғалар банкроттығы бойынша үш жол қарастырылған. Бәрін де азаматтар өздері бастай алады. Алғашқысы – соттан тыс банкроттық. Мұнда азаматтардың қарызы 1600 айлық есептік көрсеткіштен төмен болуы тиіс. Атында мүліктің болмауы, 12 айдан бастап кешіктіріп төлеу жағдайы ескеріледі. Өтінімді egov.kz мобильді қосымшасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы бере алады. Екіншісі – сот банкроттылығы. Яғни, бұл тетікті несиелік берешегі 1600 АЕК жоғары, атында мүлкі бар азаматтар қолданады. Үшінші жолы – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Мұнда банкрот мәртебесінсіз сот арқылы 5 жылға дейін қарызды бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылады, – деді Арман Уәлиев.

Сондай-ақ, заңнамадағы өзгерістерге сәйкес шағын қаржы ұйымы жойылып, лицензиясынан айырылса да, азаматтардың қарызы заң бойынша алынып тасталады. Бұрынғыдай өтініште тұрғындардан қарызының нақты сомасын көрсету, кредиторлардың атауын жазу әрі анықтама қоса тапсыру талап етілмейді. 12 айдан артық төлем болмаған жағдайда банкпен реттеу рәсімі қажет етілмейді. 2026 жылдың наурызынан бастап берешегі 1600 АЕК дейінгі әрі 5 жылдан астам төлеу кешіктіргендердің өтінішін қарастыру 6 айдан 1 айға дейін азайтылды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.