Шарбақты ауда-нында жазғы лагерь барысында балалардың дем алып қана қоймай, өңірдің тарихи жерлерімен танысып, рухани құндылықтарымен сусындауы үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырылды.

Соның бірі — Арбиген мектебіндегі «Балауса» жазғы сауықтыру лагері тәрбиеленушілерінің көршілес Галкин мектебінің тарихи-өлкетану мұражайына және ауданда орналасқан «Радуга» мектептен тыс шығармашылық орталығына саяхат жасауы. Мұражай жетекшісі, яғни ғылыми қызметкері Қуаныш Чайза оқушыларды ерекше ілтипатпен қарсы алып, экскурсия жасап, түрлі жәдігерлермен таныстырып, құнды ақпараттармен бөлісті. Балалар мұражай қызметкеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әсерлі әңгіме-дүкен құрды. Осындай қазыналы мұражайға барып, рухани тұрғыда кемелденіп қайтқан жеткіншектер қуанышында шек болмады. Бұдан соң оқушылар «Радуга» мектептен тыс шығармашылық орталығына барды. Сондай-ақ, олар мұндағы «Сиқырлы қылқалам» конкурсына қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Біркүндік саяхат соңында ата-аналар мен оқушылар жазғы демалысты қызықты өткізуге атсалысқан жандарға ризашылықтарын білдірді. Біз де өз атымыздан Галкино мектебінің және аудандық «Радуга» шығармашылық орталығының әкімшілігіне, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған қызметкерлеріне алғыс айтамыз.

 

Гүлзада МҰСАТАЕВА,

лагерь директоры, Шарбақты ауданы.