Мұз сарайы салынады

Қыр 17, 2026

Қазір облыс орталығында жұмыс істеп тұрған қысқы спорт нысандары балалар мен жасөспірімдердің тұрақты түрде жаттығуына аздық етеді. Сондықтан осыдан бірнеше жыл бұрын мұз сарайын салу ұйғарылып, тиісті жұмыстар қолға алынған еді. Бүгінде аталмыш жобаны жүзеге асыру басталды.

Жобада Олимпиада талаптарына сай 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, канадалық және еуропалық форматтағы екі хоккей алаңы, керлингке арналған жолақтар қарастырылған. Бұдан бөлек,
500 көрерменге арналған трибуна, жаттығу залы, жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған бөлмелер салынады. Кешеннің жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бұл спорт сарайы қолданысқа тапсырылған соң мұнда қысқы спорттың бірден бес олимпиадалық түрі бойынша жаттығуға мүмкіндік туады. Атап айтқанда, конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлингті дамыту көзделген. Сонымен қатар, кешеннің ашылуы жаңа спорт секцияларын ұйымдастыруға, толыққанды оқу-жаттығу процесін өткізуге және түрлі деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға жағдай жасайды. Көпфункционалды мұз спорт сарайын салу үшін мемлекеттік қазынадан 19,9 млрд теңге бөлінгенін атап өткен жөн.

Жалпы, қазіргі уақытта 370 мыңнан астам тұрғыны бар Павлодар қаласында 19 хоккей корты жұмыс істейді. Оның бесеуі жабық. Сондай-ақ мұз сарайы мен мұз аренасы бар. Дегенмен қолданыстағы нысандар тұрғындар мен спорт ұйымдарының қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Ал келесі жылы пайдалануға берілетін жаңа спорт кешені жүктемелерді азайтып,  қысқы спорт түрлерімен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.