Мен — қазақтың қызымын

Қыр 17, 2026

Қазақ қызы — ұлтымыздың абыройын, ар-намысын, тәрбиесі мен болмысын бойына жинаған, орны ерекше жан. Қазақ қызының намысы мен болмысы талай ғасыр бойы қалыптасып, күшейіп келеді деп ойлаймын.

Қазақта «Ұлдан — үміт, қыздан — ырыс» деген терең мағыналы мақал бар. Бұл сөздер қазақ халқы үшін ұрпақ тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Қыз балаға дүниеге келген сәтінен бастап ерекше тәрбие беріліп, оған үлкен сенім, үміт пен жауапкершілік артылған.

Менің түсінуімше, қазақ қызының бойындағы намыс – жүрегіндегі тазалық, отбасындағы мәртебесі, ұлты алдындағы азаматтық борышы және өз-өзіне, айналасындағыларға деген құрметі мен ізгілігі.

Әр адамның бойында намыс сезімі болады. Оны тек ұят пен құрметпен шектеуге болмайды. Намыс адамның тәлім-тәрбиесінен бастау алады. Қазақ даласында әрбір ата-ана қыз баласына ерекше тәрбие берген. Қызды өнегелі, нәзік әрі мықты, намысшыл болып өсіп, елін биіктен көрсете алуы үшін бар күшін салған.

«Сөзіңе берік бол, ісіңе адал бол, жауапкершілікті сақта, өзіңді сыйла, үлкендерді құрметте, кішілерге ізет көрсет» деген сияқты даналыққа толы сөздер қыз баланың өмірлік жолына бағыт болған.

Қазақ халқы қыздың жүзіне қарап, үйдің тәрбиесін, ал міне-зіне қарап, оның әулеттегі
орнын таныған. Меніңше, осының бәрі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухқа толы мирасымыз, ұлттық болмысымыз.

Бүгінгі қазақ қызының мүмкін-дігі мол. Қазір қыздар білім мен ғылымда, өнер мен мәдениетте, спорт пен түрлі мамандықта өз қабілеттерін көрсетіп жүр. Әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, еліміздің атын танытып жүрген қазақ қыздары аз емес.

Алайда заманауи болу – ұлттық болмысты жоғалту деген сөз емес. Керісінше, білімді, еркін ойлайтын қазақ қызы өз тамырын, тілін, дәстүрін құрметтегенде ғана биіктей түседі.

Мен қазақ қызының әлсіз емес, нәзік болғанын қалаймын. Әдепті болғанын қалаймын, бірақ өз ойын айтуға қорқатын болғанын емес. Ұлттық дәстүрді құрметтегенін қалаймын, бірақ жаңалыққа жабық болғанын емес. Себебі нағыз қазақ қызы – нәзіктігі мен қайсарлығын қатар алып жүретін жан.

Қазақ елінде өз тіліміз, мем-лекетіміз, халқымыз, салтымыз, дәстүріміз және терең тарихымыздың болғаны – зор мақтаныш. Осы құндылықтарды құрметтеу – біздің де міндетіміз. Біздің осындай ерекшеліктеріміз арқылы қазақ қызы мақтана алады, дами алады және өз намысын таныта алады.

Намысшыл қыз – абыройдың аңғары. Егер бір күні өзіме «Мен кіммін?» деген сұрақ қойсам, мен еш ойланбастан: «Мен – қазақ қызымын!» деп мақтанышпен жауап беремін.

Ойымды түйіндей келе, қазақ қызының намысшыл, батыл, түбірі мықты, сұлу, нәзік әрі ұлтжанды екенін мақтанышпен айтқым келеді. Ол өткенді құрметтейді, бүгінін бағалайды, болашағына сеніммен қарайды.

Қазақ қыздарына әрдайым сыйластықпен қарайық, ағайын! Біздің қыздарымыз – тектілігі-міздің айнасы, отбасымыздың жылуы және ұрпақтың ақ қанаты.

Саяжан ДҮТПАЕВА,

№25 орта мектептің 11-сынып оқушысы,

Павлодар қаласы.