Қазақ тілін үйрететін платформа

Қыр 24, 2026

Қазақ тілін үйренуге ниет білдірушілердің қатары жыл сайын артып келеді. Сондықтан мемлекеттік тілді күнделікті өмірде еркін қолдансам деген азаматтарға ыңғайлы әрі қолжетімді оқу құралдарының маңызы зор. Ал қазіргі уақытта белсенді жұмыс істеп тұрған онлайн оқу құралдарының бірі – «Tilqural.kz» деп аталатын электронды портал. Бұл — қазақ тілін өз бетімен меңгеруге мүмкіндік беретін тиімді онлайн платформа.

Аталған сайт тіл үйренушілерге қазақ тілін белгілі бір жүйе арқылы кезең-кезеңмен үйренуге жағдай жасайды. Платформадағы сабақтар тіл меңгерудің халықаралық деңгейлеріне сәйкес, A1-ден C1-ге дейін бөлінген. Яғни, қазақ тілін мүлдем білмейтін адам қарапайым деңгейден бастап біртіндеп көтере береді. Сабақтардың құрылымы да тіл үйренушіге ыңғайлы. Алдымен белгілі бір тақырыпқа қатысты жаңа сөздер ұсынылады. Одан кейін оларды есте сақтауға арналған түрлі интерактивті жаттығулар беріледі. Осы арқылы үйренуші жаңа сөздерді тек оқып қана қоймай, бірнеше рет қайталап, сөйлем ішінде қолдануға машықтанады.

Платформада күнделікті өмірде жиі кездесетін тақырыптарға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, отбасы, мекенжай, уақыт, ауа райы, азық-түлік, киім, мамандық және басқа да тұрмыстық жағдайларға байланысты сөздер мен сөз тіркестерін меңгеруге болады. Бұл – қазақ тілін нақты қарым-қатынас барысында қолданғысы келетін адамдар үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар сайтта түрлі мәтіндер де жинақталған. Көркем шығармалардан алынған үзінділерді оқу арқылы тіл үйренуші жаңа сөздермен танысып, үлкен сөйлемге айналдыра алады.

Tilqural.kz платформасының тағы бір ерекшелігі – сабақпен ғана шек-телмейді. Мәтін оқудан басқа, бейнероликтер көріп, аудиодыбыстарды тыңдау және сөздік жаттап, сөз тіркестерін талдау секілді қосымша материалдарды да ұсынып отыр. Бұл тілдің сөздік қорын молайтып қана қоймай, қазақ тілін есту, оқу және түсіну дағдыларын қатар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Атап айтар болсақ, теория жүзінде оқыған, жаттаған сөздерді тәжірибеде іске асыра алады.

Қазіргі таңда цифрлық технологияның мүмкіндігі кеңейіп, білім алудың жаңа тәсілдері қалыптасып келеді. Бұрын тіл үйрену үшін арнайы курсқа қатысу немесе оқулық іздеу қажет болса, қажетті материалдың барлығын интернет арқылы табуға болады. «Tilqural.kz» осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қазақ тілін үйренуге ниетті жандарға қолжетімді оқу алаңын ұсынып отыр.

Платформаның мобильді қосымшасы да жұмыс істейді. Онда 2025-тен астам жаттығу, 1500-ден астам фраза және 50-ден астам танымдық мәтін жинақталған. Материалдар спорт, мотивация, денсаулық және салауатты өмір салты бағыттарын қамтиды. Қосымшаны App Store және Google Play жүйелерінен жүктеуге болады.

Мемлекеттік тілді меңгеру – тек сөз жаттау немесе грамматикалық ережелерді үйрену емес. Ол – қазақ халқының мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін түсінуге бастайтын жол. Сондықтан осындай онлайн платформаларды пайдалану қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықты арттырып, оны күнделікті қарым-қатынаста қолдануға ықпал етеді. Қазақ тілін үйренуге ниет бар жерде мүмкіндік те бар. Ең бастысы – тұрақты түрде ізденіп, алған білімді күнделікті қолданыста бекіту. Ал Tilqural.kz сияқты цифрлық ресурстар осы жолда тіл үйренушілерге жақсы көмекші бола алады.

Тілеуберді САХАБА.