Кішкентай кезімізден «Том мен Джерри», «Ну, погоди!», «Маша мен аю» секілді шетелдік анимациялық фильмдерді қызыға көріп өстік. Сондағы кейіпкерлердің қызықты оқиғалары балалық шағымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Алайда қазақ анимациясының да тарихы тереңде жатқанын көпшілік біле бермейді. Ұлттық ертегілер мен аңыздарды экран тіліне көшірген отандық мультипликаторлар осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын төл анимацияның негізін қалады. Бүгінде бұл сала жаңа технология мен заманауи көркемдік тәсілдерді меңгеріп, ұлттық мазмұнды кең аудиторияға ұсынуға талпынып келеді.
Әлемдік киноиндустрияда анимациялық фильмдерге жүздеген миллион доллар инвестиция салынады. Сәтті жобалар жұмсалған қаржыны бірнеше есеге ақтап, мол табыс әкеледі. Ал Қазақстанда анимация әзірге ірі табыс көзіне айнала қойған жоқ. Дегенмен, соңғы жылдары ұлттық тарих, фольклор мен мәдениетке негізделген жобалар көбейіп, отандық анимация түрлі жанр мен стильдерді игере бастады.
Қазақ анимациясының бастауында Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі тұр. 1967 жылы жарық көрген туынды халық аңызы негізінде жасалып, 1968 жылы Ленинградта өткен Бүкілодақтық фестивальде екінші жүлдеге ие болды. Кейін мультфильм шетелдік экрандарда да көрсетілді. Бұл шығарма қазақ анимациясының алғашқы жетістіктерінің бірі ғана емес, ұлттық фольклорды экран өнері арқылы танытудың сәтті үлгісіне айналды. Режиссердің «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр –
құрылысшы» сияқты туындылары да қазақ анимациясының алтын қорына енді.
Отандық мультипликацияның кейінгі дамуына Жәнібек Дәненов, Ұлықбек Қыстауов, Ермек Әбдірахманов, Бекен Омаров, Тұяқ Мұқанова, Қанат Сейденов сынды режиссерлер елеулі үлес қосты. Олардың туындыларында халық ертегілері, аңыздар мен ұлттық болмыс түрлі анимациялық тәсіл арқылы көрініс тапты. Жалпы, осы уақытқа дейін елімізде 200-ге жуық мультфильм түсіріліп, 30-дан астам анимациялық студия құрылды.
Соңғы онжылдықта салаға жаңа серпін келді. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жұмысы жанданып, ашық питчингтер арқылы жас авторлардың жобалары өндіріске жолдама алып жүр. Мұндай бастамалар жаңа есімдердің танылуына және анимацияның тақырыптық тұрғыдан кеңеюіне мүмкіндік беруде. «Qupiya Nauryz», «Köleñke», «Su perisi», «Shańyraq», «Унисон» секілді қысқаметражды фильмдер мен «Үйім қайда?», «Айбынды аула» сериалдары – осы ізденістердің нәтижесі.
Қазақ анимациясы халықаралық алаңда да көріне бастады. Майдан Тұрдыбек пен Тілек Тілеуғазының «Алтын адам» фильмі «Hiroshima Animation Season 2026» фестивалінің ресми іріктеуінен өтті. Ал «Köleñke», «Su perisi» және «Shańyraq» туындылары «PFCAT 2026» фестивалінің негізгі бағдарламасына енді. «Қазақанимация» ұжымы «Comic Con Astana» фестиваліне қатысып, отандық жобаларды кең аудиторияға танытуға мүмкіндік алды.
Биыл өндірістік кезеңге өткен жаңа жобалардың қатарында «Saqshy Qysdar-ai», «Qara shańyraq», «Ayajan älemi», «Örken», «Qyzyl Tymaq», «Tazy», «Jіbek Joly» қысқаметражды фильмдері мен «Uyim qaida?» сериалы бар. Олардың ортақ бағыты – ұлттық мәдениет пен дәстүрді заманауи анимациялық тілмен жеткізу. Бұл ретте дәстүрлі сюжеттерді қайталау ғана емес, оларды бүгінгі көрерменнің талғамына сай жаңа нұсқада ұсыну маңызды.
Анимация – ұлттық құндылық-тарды жас ұрпаққа танытудың тиімді құралдарының бірі. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Алдар көсе», «Тазша бала», «Ер Төстік пен айдаһар» сияқты туындылар халық ертегілері мен аңыздарын жаңғыртып, тапқырлық, батылдық, әділдік пен адамгершілік секілді қасиеттерді дәріптейді. Ал «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Шоқан. Қашқария сапары», «Алтын адам» фильмдері жас көрерменді ұлттық тарихпен және тарихи тұлғалармен таныстыруға бағытталған.
Қазақтілді анимацияға көрермен сұранысының жоғары екенін YouTube көрсеткіштері де аңғартады. Мәселен, «Бесік жыры» мультфильмі 80 миллионнан астам, ал «Мұзбалақ» 10 миллионнан астам қаралым жинаған. Бұл қазақ тіліндегі анимациялық контентке аудиторияның бар екенін және оның сапалы әрі мазмұнды жаңа өнімдерге сұранысы жоғары екенін көрсетеді.
Қазақ анимациясы бүгінде дәстүр мен заманауи технология тоғысқан жаңа кезеңге қадам басып келеді. Ұлттық тарих пен фольклорды заманауи тілде жеткізіп, балаға қызықты, ата-анаға пайдалы әрі кең аудиторияға түсінікті өнім жасау – саланың басты міндеттерінің бірі. Осындай талаптар орындалған жағдайда қазақ анимациясының тек ішкі нарықта емес, халықаралық деңгейде де өз орнын табуға мүмкіндігі бар.
Айдана БОРАНБАЕВА.
