Әйел депутат әлеуметтік тақырыппен шектелмейді

Қыр 24, 2026

Елімізде өкілді билікте әйелдердің үлесі жыл санап артып келеді. Соның айқын көрінісін алыстан іздемей-ақ, Павлодар қалалық мәслихатынан табасыз. Облыс орталығындағы күрмеулі мәселелерді шешуге атсалысатын өкілді орган депутаттарының бүгінде
50 пайызын әйелдер құрайды. Ерлермен бірге олар белсенділік танытып, өзекті тақырыптарда өз ойларын білдіруде.

Белсенділіктің көрсеткіші

Павлодар қалалық мәслихатының VIII шақырылымында 24 депутат болса, соның тең жартысы – нәзік жандар. Бірден «бұл мақсатты түрдегі саясаттың нәтижесі ме әлде депутаттар құрамының табиғи түрде өзгеруі ме?» деген сұрақ келеді. Павлодар қалалық мәслихаттың төрағасы Қобыланбек Қожин мұны қоғамда әйелдердің белсенділігінің артқанының айқын көресткіші екенін айтады.

– Бүгінде әйелдер мемлекеттік қызметте де, бизнесте де, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық секторда да белсенді еңбек етіп жүр. Сондықтан олардың жергілікті өкілді органда да кеңінен ұсынылуы –
заңды құбылыс. Бүгінгі таңда Павлодар қалалық мәслихатының депутаттық корпусы сайланған
24 депутаттың 21-і жұмыс істеуде. Қалалық мәслихат құрамында болған екі әйел депутат Қазақстан Республикасы Ұлттық құрылтайының құрамына сайланды, – дейді Қобыланбек Нұрмұханұлы.

Көбіміз әйелдер қауымы, әдетте, әлеуметтік салаға жақын, сол тақырыптарды ғана қаузайды деген таптаурын пікірмен жүреміз. Сондықтан да, аталған мәслихат отырыстарында қозғалатын мәселелер ауаны да әлеуметтік сипатқа ойысып кеткен болар деп ойларсыз. Алайда, мәслихат төрағасы мұны жоққа шығарды.

– Әйелдер үлесінің көп болуы мәслихатта қаралатын мәселелердің сипатына белгілі бір деңгейде әсері бар деп айтуға болады. Бірақ әйел депутаттар тек «әйелдер мәселесі» немесе әлеуметтік саламен ғана айналысады деген түсінік дұрыс емес. Біздің әйел депутаттар білім беру, әлеуметтік қорғау, балалардың қауіпсіздігі сияқты мәселелермен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, бюджет, кәсіпкерлік, жер қатынастары, құрылыс, абаттандыру және қаланың инфрақұрылымдық дамуына қатысты мәселелерді де белсенді көтереді. Әйелдердің қатысуы кейбір мәселелерді басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Мәселен, ауланы абаттандыру туралы сөз болғанда, бұл тек асфальт немесе орындық орнату мәселесі емес. Баланың қауіпсіздігі, жарықтандыру, аналардың балалар арбасымен еркін жүруі, егде жастағы адамдарға қолайлы жағдай жасау сияқты күнделікті өмірге тікелей әсер ететін мәселелер де ескеріледі. Сондықтан әртүрлі тәжірибесі бар депутаттардың болуы қабылданатын шешімдердің жан-жақты болуына ықпал етеді деп ойлаймын, – дейді Қ.Қожин.

Әйел депутаттар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау, балалар мен жастарға жағдай жасау, білім беру нысандарының жағдайы, аулаларды абаттандыру, жарықтандыру, қоғамдық көлік, жол қауіпсіздігі, тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді жан-жақты қозғап, шешім шығуына атсалысып келеді. Солардың бірқатарына тоқталсақ, Павлодар қалалық мәслихатының әйел депутаттарының бастамасымен қаланың білім беру ұйымдарында мектептегі тамақтанудың сапасы мен ұйымдастырылуына тексеру жүргізілген. Мониторинг барысында ұсынылатын тағамдардың сапасына, санитариялық талаптардың сақталуына және тамақтануды ұйымдастыру жағдайларына ерекше назар аударылған. Қобыланбек Нұрмұханұлының айтуынша, анықталған мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданып, бірқатар проблемалық мәселелер оң шешімін тапқан. Нәтижесінде білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыру сапасын жақсартуға мүмкіндік туған.

– Мәслихатта экономика және бюджет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік және мәдени даму, жер қатынастары мен қала құрылысы, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бағыттары бойынша тұрақты комиссиялар жұмыс істейді. Депутаттар өз комиссиялары аясында қаланың бюджеті мен оның орындалуын, инфрақұрылымдық жобаларды, жер мәселелерін, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты ұсыныстарды және басқа да экономикалық мәселелерді қарайды. Яғни, бүгінгі әйел депутат – тек әлеуметтік мәселелерді көтеретін депутат емес. Ол қаланың экономикасына, бюджетіне және стратегиялық дамуына қатысты шешімдерді қабылдауға толыққанды қатысады, –
дейді мәслихат төрағасы.

Ол сондай-ақ, әйел депутаттардың белсенділігі жоғары екенін айтады. Олар сессиялар мен тұрақты комиссиялардың отырыстарына қатысумен шектелмей, тұрғындарды жеке қабылдап, округтерде кездесулер өткізеді. Оған қоса, проблемалық нысандарға бақылау жүргізеді. Мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар мен ұсыныстар жолдауда да белсенді.

– Әрине, кез келген мәселені бірден шешу мүмкін емес. Кейбіріне бюджет қажет, кейбіріне заңнамаға өзгеріс немесе бірнеше мемлекеттік органның бірлескен жұмысы керек. Бірақ депутаттың міндеті – мәселені көтеріп қана қоймай, оның әрі қарай қалай шешіліп жатқанын бақылауда ұстау. Осыны әріптестерім ұмытпайды, – дейді Қ.Қожин.

Сенімді ақтауға асығады

Өкілдік органның шешімдеріне гендерлік баланс қаншалықты әсер ететінін де сұраған едік.

– Менің ойымша, әсер етеді. Бірақ оны «әйелдер бір шешім, ерлер басқа шешім қабылдайды» деп қарапайым түрде түсіндіруге келмейді. Гендерлік баланс – мәселені әртүрлі өмірлік тәжірибе мен көзқарас тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді. Бір мәселенің өзіне кәсіпкер, ұстаз, дәрігер, мемлекеттік қызметші немесе қоғамдық сала өкілі әртүрлі қырынан қарай алады. Әйелдер мен ерлердің тәжірибесі де белгілі бір мәселелерде ерекшеленуі мүмкін. Мәслихат шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады, ал шешім жобалары оған дейін тұрақты комиссияларда қаралып, депутаттардың ұсыныстары талқыланады. Сондықтан әр депутаттың пікірі түпкілікті шешімнің қалыптасуына ықпал ете алады. Меніңше, гендерлік баланс – белгілі бір топқа артықшылық беру емес, қоғамның әртүрлі бөлігінің көзқарасын шешім қабылдау процесінде ескеру мүмкіндігі, – дейді Қобыланбек Нұрмұханұлы.

Әйелдердің депутаттықтан бөлек түрлі жауапкершілігі болады. Тұрмыстағы, негізгі қызметіндегі міндеттері бар дегендей. Депутаттық қызметті сапалы үйлестіруге мұның бәрі кедергі келтірмей ме? деген де ой келеді. Қобыланбек Қожин депутаттардың басым бөлігі үшін депутаттық қызмет негізгі жұмыспен қатар атқарылатынын айтады. Оның үстіне отбасы алдындағы жауапкершілік те бар. Сондықтан осы міндеттердің барлығын қатар алып жүру оңай еместігін де біледі. Дегенмен, әйел депутаттар уақытты дұрыс жоспарлап, негізгі қызметін, отбасын және қоғамдық міндетін қатар алып келеді. Мұны төраға жауапкершілік пен ішкі тәртіптің нәтижесі деп біледі. Үйдегі де, түздегі де тірлікті жауапкершілікпен атқарып жүрген әйел депутаттардың бірі – Нұр-Сәуле Байболатова. Ол сайлаушылардың сенімін ақтау үшін бәріне уақыт тауып жүргенін айтады.

– Депутат болу сессияға қатысып, дауыс берумен ғана шектелмейді. Кейде тұрғындар жұмыс уақытынан кейін де хабарласады. Себебі, олардың мәселесі үшін дәл сол сәт маңызды болуы мүмкін. Әрине, негізгі жұмысымыз да, отбасымыз да бар. Сондықтан уақытты дұрыс жоспарлауға тура келеді. Бірақ қаламыздың тұрғыны сенім артып, өз мәселесін саған айтқаннан кейін оны жай ғана тыңдап қоюға болмайды. Депутаттық мандат – ең алдымен үлкен жауапкершілік. Отбасыңның қолдауы мен әріптестеріңнің түсіністігі болғанда ғана осы міндеттерді қатар алып жүруге болады, – дейді Нұр-Сәуле Ахметқызы.

Мәслихат төрағасы әйел депутаттар жай ғана депутаттық корпустың сандық құрамын толықтырып отырған жоқ деген ойда. Яғни, бастысы – әйел немесе ер депутаттың саны емес, тұрғындардың сенімін ақтайтын, қаланың дамуына нақты үлес қосатын мықты депутаттық корпус қалыптастыруға басымдық беріледі.

Осындай бірлескен жұмыс бүгінде нәтижесін де берген көрінеді. Олар қала тұрғындарының мүддесін қорғап, көтерген мәселелерін тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп қана қоймай, шешілуіне ықпал етуге күш салады. Соңғы жылдары депутаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, жол және көлік инфрақұрылымы, жылумен және сумен жабдықтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау, жер қатынастары және қаланы дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Биыл жыл басынан бері Павлодар қалалық мәслихатының 9 сессиясы өткізіліп, 50 шешім қабылданған. Сонымен қатар, депутаттар 24 жеке қабылдау өткізіп, 60 азаматтың өтінішін қараған. Павлодар қалалық мәслихат аппаратына E-Otinish ақпараттық жүйесі арқылы 110 өтініш келіп түскен. Мәслихат жұмысына жаңашылдықтар енгізуге де көңіл бөледі.

– Депутаттар мен тұрғындар арасындағы байланысты барынша жедел әрі ашық етуге мән беріп отырмыз. Азаматтардың өтініштерін электронды форматта қабылдау, олардың орындалуын бақылау, депутаттардың әлеуметтік желілер арқылы халықпен тікелей байланыс орнатуы – осы бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі. Басты мақсат – тұрғынның мәселесі қай кезеңде тұрғанын көре алатын, ал депутат оның орындалуын жүйелі түрде бақылай алатын тиімді кері байланыс қалыптастыру. Мемлекет басшысы жасанды интеллект барлық салалардың дамуына қозғаушы күш болып, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Осы бағытта Павлодар қалалық мәслихаты депутаттарының қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде, – дейді Қ.Қожин.

Мәселен, 2024 жылдан бастап қалалық мәслихат депутаттары мен сайлаушылар арасындағы байланысты нығайту мақсатында 2ГИС мобильді қосымшасы арқылы қаланың әрбір тұрғыны өз депутаты туралы ақпарат ала алады. Атап айтқанда, депутаттың аты-жөні мен телефон нөмірін, тұрғын үйдің қай сайлау округіне жататынын, сондай-ақ депутаттың азаматтарды қабылдайтын мекенжайын білуге мүмкіндік бар.

Бетті әзірлеген — Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.