Ғұмырын ғылымға арнаған азамат

Қаз 1, 2026

Жоғары оқу орнында қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Оқытушы болу үшін терең біліммен бірге үздіксіз ізденіс, табандылық және өз ісіне деген шынайы адалдық қажет. Осындай қасиеттерді өмірлік ұстанымына айналдырып, жарты ғасырдан астам уақыт бойы білім мен ғылым саласында еңбек етіп келе жатқан азаматтың бірі – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Әлкей Марғұлан университетінің құрметті профессоры Бахтияр Аспандиярұлы Найманов.

Ол 1966 жылы Новосібір облысы, Қарасуық ауданындағы Қарасарт орта мектебін алтын медальмен бітіріп, сол жылы Павлодар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Мектеп қабырғасынан-ақ білімге деген құштарлығы мен ізденімпаздығын танытқан жас жігіт үшін жоғары оқу орны жаңа мүмкіндіктер мен үлкен ізденістердің бастауы болды. Математиканың терең сырларына бойлап, болашақ мамандығының негізін қалаған ол 1970 жылы институтты тәмамдайды. Бұдан кейін әскери борышын өтеп келіп, 1972 жылдың 1 қыркүйегінде Павлодар педагогикалық институтында еңбек жолын бастайды. Сол сәттен бері оның өмірі осы білім ордасымен біте қайнасып, оқу орнының тарихындағы талай өзгеріс пен жаңарудың куәсі болып келеді. Қарапайым оқытушыдан бастап аға оқытушы, доцент, профессор деңгейіне дейін көтерілген Бахтияр Аспандиярұлы өз кәсібінің қыр-сырын жылдар бойы жетілдіріп, педагогикалық шеберлігін қалыптастырды. Ұзақ жылдар бойы физика-математика және сырттай оқыту факультетінің деканы қызметін атқарып, факультеттің оқу-тәрбие жұмысына, студенттердің білім алуына, жас мамандардың қалыптасуына елеулі үлес қосты.

Математика – дәлдікті ғана емес, терең ойлауды, логикалық пайымдауды, жүйелі ізденуді талап ететін ғылым. Ал оны оқыту – сол ғылымның заңдылықтарын білумен қатар, оны шәкіртке түсінікті әрі тиімді жеткізуді қажет етеді. Бахтияр Наймановтың ғылыми-педагогикалық ізденістерінің негізгі бағыты да осы мәселемен сабақтас. Оның ғылыми бағыты – математиканы оқыту әдістемесі, ал негізгі оқытатын пәні – математикалық анализ.

Ғалым үшін математиканы оқыту тек формулалар мен есептерді меңгертумен шектелмейді. Яғни, ол студенттерінің ойлау қабілеттерін дамытып, мықты маман етіп тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсауда. Осы бағыттағы ұзақ жылғы ғылыми ізденістерінің нәтижесінде ғалымның 80-нен астам ғылыми жарияланымы жарық көріп, 8 оқу құралы дайындалған. Оның ғылыми ізденісі педагогикалық жоғары оқу орындарында математикалық пәндерді оқытудың тиімді жолдарын іздеуге арналды. Бұл ретте, теория мен тәжірибені ұштастыру, болашақ мұғалімнің кәсіби дайындығын жетілдіру мәселелері басты назарға алынғанын да атап өткен жөн.

Иә, ұстаз еңбегінің ең үлкен өлшемі – оның шәкірттері. Бахтияр Аспандиярұлының да талай шәкірті ғылым жолына түсіп, олардың арасынан ғылым докторлары мен кандидаттары шықты. Білім беру саласында еңбек етіп жүрген көптеген мамандар үшін оның берген білімі мен тәлімі кәсіби жолының бастауына айналды десек, артық айтқандық болмас. Ғалымның ерекшелігі де осында. Оның бұл қызметі елеусіз қалған жоқ. Ол жоғары білім беру мен ғылым саласына қосқан мол еңбегі үшін бірқатар марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, олардың қатарында «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» марапаттары, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі, «Еңбек ардагері» және «Ұстаздар ордасына 60 жыл» медалі бар.

Алайда ұстаз үшін кез келген марапаттың мәні оның артындағы еңбекпен өлшенері анық. Ал Бахтияр Аспандиярұлының еңбек жолына көз жүгірткенде, оның өмірінің басым бөлігі білім мен ғылымға арналып, бір ғана оқу ордасының тарихымен астасып жатқанын аңғаруға болады. Ол еңбек жолын бастаған жас маман кезінен бастап профессор дәрежесіне дейінгі кәсіби белестердің бәрінен өтті. Осы жылдар ішінде жоғары білім беру жүйесіндегі талай өзгерісті көріп қана қоймай, сол өзгерістердің жүзеге асуына өзі де атсалысты. Ол кеңестік кезеңдегі жоғары білім жүйесін де, тәуелсіз Қазақстанның жаңа білім кеңістігінің қалыптасуын да көрді. Университет өміріндегі өзгерістер мен жаңарулардың куәсі болды. Бірақ уақыт пен қоғам өзгергенімен, оның ұстаздыққа деген жауапкершілігі мен ғылымға деген адалдығы өзгерген жоқ.

Бір анығы, бүгінде Бахтияр Аспандиярұлы Наймановтың есімі Павлодар педагогикалық университетінің тарихымен тығыз байланысты. Оның еңбек жолы – жас маманнан профессорға дейінгі кәсіби қалыптасудың, ғылым мен білімге адал қызмет етудің үлгісі. Ал оның шәкірттері – ұстаз еңбегінің жалғасы.

Адам ғұмыры жылдармен өлшенеді. Уақыт өте келе қызметтер, атақтар, марапаттар тарихқа айналады. Бірақ ұстаздың шәкіртіне берген білімі мен тәрбиесі, ғылымға қосқан үлесі, жас мамандардың жүрегіне жаққан білім шырағы ұмытылмайды. Бахтияр Наймановтың жарты ғасырдан астам уақытқа созылған еңбек жолы да осындай үзілмейтін сабақтастықтың көрінісі. Оның ғылымға деген осынау адалдығы кейінгі буынға үлгі-өнеге болып қала бермек.

Нұржайна ШОДЫР.