Баланың тілін тапқан тәрбиеші

Қаз 1, 2026

Таңғы сағат 8.00 шамасында баласын «Zerekbala» балабақшасындағы «Жұлдыздар» тобына әкелген ата-аналар күн сайын мына бір көрініске тап болады. Топ ішіндегі Гүлима Оразбайқызы күнделікті жұмысына дайындалып, балалардың бір күнін қызықты өткізу үшін түрлі-түсті қағаз қиып, желіммен жабыстырып немесе шар үрлеп, әйтеуір бірдеңемен әлек болып жатады. Ал кешкі сағат 18.00-де баласын алуға келген ата-ана тағы да тәрбиешінің түрлі көрнекілік құралдарын дайындап отырғанын көреді. Өзі топтағы жалғыз апай болса да, таңнан кешке дейін тыным таппай, бүлдіршіндердің жанынан табылады. Бір қарағанда, мұның бәрі күнделікті жұмыс секілді көрінгенімен, мұның артында тәрбиешінің үлкен еңбегі, ізденісі мен жауапкершілігі жатыр.

Павлодар қаласындағы «Zerekbala» балабақшасының тәрбиешісі Гүлима Қалтаеваның еңбек өтілі – төрт жыл. Биыл ол бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша диплом алып, кәсіби білімін тағы бір сатыға көтерді. Үш баланың анасы үшін балалармен жұмыс істеу – тек қызмет емес, жүрек қалауы.

Тереңкөл ауданы, Қызылтаң ауылының тумасы Гүлима Оразбайқызының жұмысқа деген жауапкершілігін отбасы да түсіністікпен қабылдайды. Өйткені, оның балабақшадағы әр күні тек белгіленген жұмыс уақытынан тұрмайды. Балалар үйлеріне тараған соң да ертеңгі күнге дайындық жалғасады. Қандай тақырыпта сабақ өтеді, оны бүлдіршіндерге қалай қызықты жеткізуге болады, қандай көрнекілік қолданған жөн екені жайлы сұрақтар үнемі тәрбиешінің ойында жүреді. Оны өзгелерден ерекшелендіретін қасиеттерінің бірі де осы. Сондай-ақ, ол бақшадағы әр мерекені балалардың есінде қалатындай етіп ұйымдастыру үшін барын салады. Мәселен, Ғарышкерлер күні қарсаңында балаларға ғарыш туралы сурет салдырып қана қоймай, қағаздан үлкен зымыран жасап, бүлдіршіндерге ғарышкердің киімін кигізіп, ғарыш әлеміне саяхат жасатады. Жаз айларында «Қарбыз party», «Кино time» секілді көңілді шаралар ұйымдастырады.

Үш-төрт жастағы бүлдіршіндердің көпшілік алдында өлең айтып, ән салуға талпынуы да тәрбиешінің осынау күнделікті еңбегінің нәтижесі. Гүлима апай балаларға тақпақ пен әнді көп жаттатып, олардың еркін сөйлеуіне, өз ойын жеткізуіне жағдай жасайды. Әсіресе, Наурыз, Жаңа жыл секілді мерекелерде балалардың киіміне де ерекше мән береді. Бүлдіршіндердің сахнаға өзгеше образда шығуына көңіл бөліп, концерттік шараларға ата-аналарды да тартады. Нәтижесінде, бақшадағы әр мереке тек балалардың емес, ата-аналардың да ортақ қуанышына айналады.

«Жұлдыздар» тобындағы бүлдір-шіндер Гүлима апайларын жақсы көреді. Тіпті, топтан басқа балабақшаға ауысқан балалардың қошта-сарда көз жасына ерік беретін кездері де болады. Бұл – бала жүрегіне жол табудың, оған шынайы мейірім сыйлаудың көрінісі.

Гүлима Қалтаеваның айтуынша, оның тәрбиеші мамандығына келуіне бала кезіндегі ұстаздарға деген қызығушылығы себеп болған.

– Мектеп қабырғасында оқып жүргенде ұстаздарыма қарап қызығатынмын. Менің де олар секілді балалармен жұмыс істеуге деген сүйіспеншілігім және олардың тәрбиесі мен дамуына өз үлесімді қосқым келгені осы мамандықты таңдауыма себеп болды. Баланың кішкентай жетістігінің өзі үлкен қуаныш сыйлайды. Сондықтан тәрбиешілік қызметті жүрек қалауыммен таңдадым, – дейді ол.

Төрт жыл ішінде Гүлима Оразбайқызы балалармен жұмыс істеудің сан қырын меңгерген. Ол жұмыстың қиын сәттері болатынын жасырмайды. Бірақ балалардың күлкісі, жетістігі, жылы сөздері мен қылықтары барлық қиындықты ұмыттырады. Бұл мамандық — ол үшін жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік. Ол тәрбиеші бойындағы ең маңызды қасиет – мейірімділік пен сабырлылық екенін айтады. Сонымен қатар, әр баланы жеке  қабылдап, оны түсіне білу де аса маңызды.

– Балалар маған шыдамдылықты, әр нәрсеге баланың көзімен қарауды және кішкентай қуаныштардың қадірін білуді үйретті. Әр баланың өзіндік мінезі мен ерекшелігі бар. Олардың алғашқы күні балабақшаға келген сәттері есімде ерекше қалады. Алғашында анасын қимай жылап келген балғынның уақыт өте келе бақшаға қуана келіп, тәрбиешісін іздеп тұруы – мен үшін үлкен жетістік. Осындай сәттер мамандығымның қаншалықты маңызды екенін сезіндіреді, – дейді ол.

Тәрбиеші баланың балабақшаға тез бейімделуі үшін ең алдымен жылы қарым-қатынас пен қауіпсіз орта қалыптастыруға тырысатынын айтады. Ойын арқылы танысып, баланың қызығушылығына қарай әрекет етеді. Ата-анамен де тығыз байланыс орнатып, баланың көңіл күйін, әдетін және жеке ерекшелігін ескереді. Өйткені, әр бала – жеке әлем. Бірі көпшіл болса, енді бірі тұйық болуы мүмкін. Бір балаға көбірек көңіл бөліп, қолдау көрсету қажет болса, екіншісіне еркіндік берген тиімді. Сондықтан Гүлима Оразбайқызы барлық балаға бірдей талап қоюдан гөрі, әрқайсысының жеке ерекшелігіне қарай жұмыс істеуге тырысады.

– Ең бастысы – баланы салыстырмау. Оның өз қабілетін ашуына мүмкіндік беру керек. Ұялшақ, көпшілікпен араласуға қиналатын балаға ерекше тәсіл қажет. Мұндай баланы ешқашан асықтырмаймын, көпшіліктің алдына бірден шығармаймын. Алдымен жеке қарым-қатынас орнатып, сеніміне кіруге тырысамын. Кейін шағын ойындарға, топтық жұмыстарға біртіндеп қосамын. Баланың әрбір кішкентай жетістігін байқап, мадақтап отырамын. Баланың тәртібін қалыптастыруда жазалау емес, түсіндіру, үлгі көрсету, мадақтау және дұрыс әрекетке бағыттау әдістерін тиімді деп санаймын. Балғынға «неге болмайды?» дегеннен гөрі, «қалай дұрыс жасауға болады?» дегенді түсіндіру маңызды. Сонда ол өзін құрметтегенін сезінсе, тәртіпті де жақсы қабылдайды, – дейді Гүлима Оразбайқызы.

Гүлима Қалтаева қазіргі тәрбие-шілер тек баланы қарап, уақыт өткізетін адам емес, педагог, ұйымдастырушы, психолог әрі шығармашылық ізденістегі маман болуы керек екенін алға тартады.

– Қазіргі балалар ақпаратты өте тез қабылдайды, технологиямен ерте танысады және көптеген нәрсеге қызығушылығы жоғары. Сонымен қатар, олардың ойлау қабілеті мен сұрақ қоюы да ерекше. Сондықтан қазіргі тәрбиеші үнемі ізденіп, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп отыруы қажет деп ойлаймын, – дейді ол.

Шынында да, балабақшадағы бір күн сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ таңертең балаларды қарсы алып, олардың көңіл күйін бақылау, сабақ өткізу, ойын ұйымдастыру, тамақтануын қадағалау, мерекеге дайындалу, ата-анамен байланысу – мұның барлығы үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Ал сол жауапкершілікті үш баланың анасы, ауылдан шыққан жас маман Гүлима Қалтаева күн сайын жүрек жылуымен атқарып келеді. Ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан білікті тәрбие-шінің жұмысына береке тілейміз!

Нұржайна ШОДЫР.