Жедел жәрдем жүгі жеңілдетілді

Қаз 1, 2026

Өңірімізде жедел медициналық жәрдем жүйесіне енгізілген жаңа тәсілдің оң нәтиже бергені белгілі болды. Бұл жөнінде баспасөз мәслихатында айтылды.

Облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, 103 нөміріне түскен шақыртулар төрт санатқа бөлінеді. Соның ішіндегі бірінші, екінші және үшінші санаттағы шақыртуларды жедел медициналық көмек бригадалары орындайды. Ал өткен жылдың 1 мамырынан бастап төртінші санаттағы шақыртулардың бір бөлігі емханалар жанындағы мобильді бригадаларға берілген екен.

– Бұл бригаданың құрамында медициналық көмек көрсету тәртібіне оқытылған фельдшер бар. Мобильді бригадалар барлық қажетті дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Яғни, олардың жарақтандырылуы белгіленген стандарттарға сәйкес келеді. Түсіндіре кетер болсам, төртінші санатқа науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірмейтін жедел ауру немесе созылмалы аурудың асқынуы жатады. Мысалы, жеңіл жарақаттар мен күйіктер, созылмалы аурудан туындаған ауырсыну синдромы, асқынусыз артериялық гипертензия, өздігінен басылмайтын жоғары дене қызуы және тағы басқа жағдайлар. Мұндай шақыртуларға бригада ары кетсе 60 минуттың ішінде жетіп, тиісті жәрдем көрсететін болады, – дейді станция басшысының орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, аталған мобильді бригадалар төртінші санаттағы шақыртуларға жұмыс күндері таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін, ал сенбі күні сағат 8.00-ден 13.00-ге дейін барады. Кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ, демалыс күндері мұндай шақыртуларды жедел медициналық жәрдем бригадалары орындайтын болады.

Маманның айтуынша, бұл жаңа жүйенің басты мақсаты – жедел жәрдем бригадаларының уақытын тиімді пайдаланып, оларды шұғыл медициналық көмекке мұқтаж науқастарға барынша жылдамырақ бағыттау. Ал төртінші санаттағы шақыртуларды емханаларға беру арқылы жедел жәрдем бригадаларын шұғыл шақыртуларға жіберуге мол мүмкіндік туып отырған көрінеді. Сонымен қатар, жаңа тәсіл емхана қызметкерлерінің науқастың жағдайын бағалап, одан әрі амбулаториялық деңгейде емдеу тактикасын анықтауларына да көмегін тигізуде.

– Статистикаға сүйенсек, 2026 жылдың сегіз айында аймақ бойынша 103 пультіне 184 671 шақырту түскен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 176 043 болған. Төртінші санат бойынша 31 390 шақырту тіркелді. Оның ішінде 16 362 шақыртуды жедел жәрдем бригадалары, ал 15 028 шақыртуды мобильді бригадалар орындаған, – дейді Ирина Мищенко.

Осылайша, бүгінде облысымызда төртінші санаттағы шақыртулардың жартысына жуығын мобильді медициналық бригадалар орындап жүргенін атап өткен жөн.

Айта кетерлігі, елімізде 103 жедел жәрдем қызметі медициналық көмектің кепілдік берілген тегін көлемі аясында жұмыс істейді. Яғни, тұрғындарға көрсетілетін барлық жедел жәрдем көмегі тегін. Сонымен қатар, қалалар мен аудандардағы стационарлардың өтінімдері бойынша жағдайы ауыр науқастарды облыс орталығына шұғыл түрде жеткізу үшін санитарлық авиация қызметі де бар.

– Біздің облыстағы жедел жәрдем шақыртуларының барлығы бірыңғай call-орталық арқылы қабылданады. Бұл жұмысты медициналық фельдшерлік білімі бар білікті диспетчерлер атқарады. Әр диспетчер шұғыл жағдайларда қоңырауды ұстап тұру функциясын меңгерген және алғашқы медициналық көмек көрсетуге қатысты кеңес бере алады, – деп атап өтті станция басшысының орынбасары.

Н.ШОДЫР.

Сурет газет мұрағатынан алынды.