Жарық қымбаттап, ауызсу арзандайды

Қаз 1, 2026

Бүгіннен бастап электр қуатының құны өседі. «Павлодар электр желілерін тарату компаниясы» бағаның артуын электр энергиясын сатып алу құнының өсуімен, энергия беруші ұйымдардың тарифтерінің, ұлттық электр желісін пайдалану қызметтерінің және электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеу қызметтерінің құнының өзгеруімен негіздеп отыр.

Бұл туралы облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов мәлім етті.  Жалпы, 2026 жылдың үшінші тоқсанында департаментке тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды бекіту және өзгерту мәселелері бойынша 52 өтінім, сондай-ақ электр энергиясының шекті бағасын көтеру туралы 2 ақпарат түскен.  Құзырлы орган өтінімдерді қарап, 11 материалға оң шешім беруден бас тартылса, 10 өтінімді субъектілер өздері қайтарып алған. 20 материалға қатысты тиісті актілер қабылданған.
13 материал әлі қаралуда.

Мұндай өтінімдердің бірі «Павлодар электр желілерін тарату компаниясы» АҚ тарапынан шілдеде түскен. Кәсіпорын электр энергиясының шекті бағасын көтеруді сұраған.  Өтініштің негізділігіне көз жеткізген департамент бағаны өсіруге рұқсат етті. Бірақ, субъект сұраған бағаға көтерілген жоқ. Яғни, қазіргі таңда 1 киловатт сағатының құны қосымша құн салығынсыз 34,7 теңге болса, кәсіпорын 38 теңгеге өсіруді қалаған. Департамент 36,79 теңге белгілеп берді. Осы ретте, тұтынушылардың әр тобына бағаларды келісу жоспарланып отыр. Мәселен, тұрғындар үшін тариф киловатт-сағатына 22 теңге болмақ. Бұл қолданыстағы тарифтан 1 теңгеге өседі. Ал өзге тұтынушылар тобына 1,8 теңгеге артып, 38,85 теңгені құрайды. Бюджеттік ұйымдар үшін құны 7 теңгеге өсіп, бір киловатт-сағат құны 96 теңгені құрайды деп күтілуде. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндіретін заңды тұлғаларға тариф 2 теңгеге артып, 36,79 теңге болады.

Есесіне, жылу бағасы жыл соңына дейін өспейтіні айтылды. Тіпті, 2024 жылғы тарифтен төмен көрінеді.

– «Павлодар жылу желілері» бойынша үшінші тоқсанда тариф өзгерген жоқ. Қолданыстағы тариф биыл сәуірде бекітілген. Тұрғындар үшін бір гигакалорий тарифі – 4048 теңге. 2025 жылғы деңгейде қалып отыр. Субъект өтініш бергенімен, кейін кері қайтарып алды. Жыл соңына дейін тариф өзгермейді. Тіпті, қазіргі тариф 2024 жылғы тарифтен төмен. Ол кезде құны 4078 теңге болған. Стратегиялық тауарлар құны күрт өспесе, басқа да кері әсер ететін факторлар болмаса, жыл соңына дейін жылу бағасы өспейді, – дейді Нұрлан Әуелбекұлы.

Тағы бір қуантарлығы, Павлодар қаласында судың тарифі төмендемек. Оған «Павлодар-Водоканал» кәсіпорнының тиісті инвестициялық бағдарламаларда жоспарланған шараларды және оның шығын баптарын тиісінше орындамауы себеп болған. Ауызсумен қатар техникалық судың да тарифі төмендетілді.

– Табиғи монополиялар субъектілері инвестициялық бағдарламалар бойынша есеп береді. Егер орындалмаса, уақытша өтемдік тариф енгізіледі. «Павлодар-Водоканал» бойынша үшінші тоқсанда осындай шара қолдандық. Өтемдік тариф қолданыстағы тарифті төмендетеді. Аталмыш субъектке бір жылға өтемдік тариф енгізді. Қазір тұрғындар үшін тариф 97 теңге болса, өтемдік тариф есебінен ол 5 теңгеге арзандатылды. Өзге тұтынушылар үшін 22 теңгеге төмендеп, 337 теңгені құрады. Ал бюджеттік ұйымдар үшін бір текше метр судың құны 64 теңгеге арзандатылды. Осылай біз инвестициялық бағдарла-маларға үнемі талдау жүргізіп, міндеттемелер орындалмаса, тарифті төмендету түрінде әкімшілік шара қолданамыз, – деді департамент басшысы.

Бұдан бөлек, брифингте ұлттық «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобасының барысы баяндалды. 2026 жылы ұлттық жоба 5 табиғи монополия субъектісі 20 жобаны іске асыруда. Жобалардың жалпы құны 17,473 млрд теңгені құрайды. Оның 9 жобасы «Павлодар электр желілерін тарату компаниясында» жүзеге асырылуда. Жылумен қамту бағытында 10 жоба қолға алынған. Оның төртеуі — Павлодар қаласында, төртеуі Екібастұзда іске асуда. Екі жоба – Ақсудың еншісінде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.