Емтиханды автомектеп қабылдағаны дұрыс па?

Қаз 1, 2026

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға ниетті азаматтардың қарасы күрт көбейіп, арнайы емтихан тапсыру орталықтарында кезек мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. Биыл жыл басынан бері «Автомектеп» жүйесіне 187 мыңнан астам адам тіркелген. Ал емтихан тапсыруға арналған бос орындар санаулы уақытта брондалып кетіп жатыр. Осыған байланысты жауапты органдар емтиханды қайта тапсыру тәртібін өзгертіп, үшінші реттен кейінгі талпынысты ақылы етуді ұсынып отыр. Сонымен қатар, тәжірибелік емтиханды жеке автомектептерге өткізуге рұқсат беру мәселесі де қаралуда. Бірі бұл өзгерістер кезекті азайтып, емтихан жүйесіндегі жүктемені төмендетеді десе, енді бірі жүргізуші куәлігін алуға талпынып жүрген азаматтарға қосымша қаржылық салмақ түсетінін алға тартады. Ал практикалық емтиханды жеке автомектептерге беру қаншалықты тиімді? Қайта тапсыруды шектеу мәселені шеше ме? Жүргізуші куәлігін алу жүйесіндегі аталған сауалдарды «Алаңның» талқысына салып көрдік.  

Қасен ЕСТАЕВ,

жол полициясы саласының ардагері:

— Мен бұл ұсынысты мүлдем қолдамаймын. Себебі, жүргізуші куәлігін алу үшін өткізілетін емтихан, әсіресе, практикалық бөлігі, мемлекеттің бақылауында болуы тиіс. Өйткені, бұл — жай ғана қызмет емес, жол қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе.

Қазіргі таңда емтихан орталықтарында кезектің көп болуы сұраныстың артқанын көрсетеді. Бірақ бұл уақытша мәселе болуы мүмкін. Бүгін кезек көп болса, ертең азаюы мүмкін. Сондықтан осы мәселе үшін бүкіл жүйені өзгертуге асықпау қажет. Оның орнына мемлекеттік емтихан орталықтарының өткізу мүмкіндігін арттырып, жұмысын тиімді ұйымдастырған дұрыс. Ал практикалық емтиханды жеке автомектептерге беру күмән тудырады. Себебі, автомектеп азаматты оқытады, ал оның дайындығын тәуелсіз тарап бағалауы керек. Бір ұйым әрі оқытып, әрі емтихан қабылдаса, объективтілікке қатысты сұрақ туындауы мүмкін. Ал үшінші реттен кейін қайта тапсыруды ақылы ету мәселені түбегейлі шешпейді деп ойлаймын. Бұл кей азаматтарға қосымша қаржылық салмақ түсіреді. Сондықтан негізгі мақсат – кезекті кез келген жолмен қысқарту емес, жүргізушінің көлік басқаруға шын мәнінде дайын болуын қамтамасыз ету. Кезек мәселесін мемлекеттік жүйенің мүмкіндігін арттыру арқылы шешкен дұрыс.

 

Валентина СЕРГЕЕВА,
автомектеп басшысы:

— Қазіргі автомектептерде тәжірибелік емтихан өткізуге қажетті барлық жағдай жасалған. Оқу көліктері, практикалық дайындыққа арналған база және қауіпсіздік талаптарын сақтауға мүмкіндік беретін қажетті жағдайлар толық қарастырылған.

Қазіргі таңда практикалық емтихан тапсыратын азаматтардың саны көп. Соның салдарынан кезек мәселесі өзекті болып отыр. Осыған байланысты талапқа сай келетін автомектептерге өз базасында практикалық емтихан өткізуге мүмкіндік беру орынды деп санаймын. Бұл қолданыстағы емтихан орталықтарына түсетін жүктемені азайтып, азаматтардың кезек күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Біз өз базамызды осындай жұмысқа пайдалануға және қажетті ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге дайынбыз. Қажет болған жағдайда емтихан өткізуге арналған жағдайлардың барлығын тиісті талаптарға сәйкестендіріп, жауапкершілікпен жұмыс жүргізуге әзірміз. Бұл мүмкіндіктің берілуі азаматтарға да, жалпы емтихан жүйесіне де оң әсерін тигізеді деп есептеймін.

Бұл өзгеріс жүргізушілерді даярлау сапасына әсер етпей, керісінше, емтихан жүйесінің тиімді әрі қолжетімді болуына бағытталуы қажет деп есептеймін.

 

Жұлдыз БАЙСАЛБАЕВА, 

Павлодар қаласының тұрғыны:

— Меніңше, практикалық емтиханды автомектептердің өзінде тапсыруға мүмкіндік берудің еш оғаштығы жоқ. Егер автомектепте барлық қажетті жағдай жасалып, талапқа сай көліктері, оқу алаңы және қауіпсіздікке қажетті мүмкіндіктері болса, емтиханды сол жерде қабылдауға болады деп ойлаймын.

Бастысы, барлық жерде талап пен бағалау тәртібі бірдей болуы керек. Қай жерде емтихан тапсырғанынан гөрі, адамның көлік жүргізуді қаншалықты меңгергені маңызды. Егер автомектептер белгіленген талаптарға толық сәйкес келсе, олардың мүмкіндігін пайдалану емтихан орталықтарына түсетін жүктемені азайтып, кезекті қысқартуға септігін тигізуі мүмкін.

Қазір жүргізуші куәлігін алғысы келетін адам көп. Сондықтан емтихан тапсыратын орындардың мүмкіндігін кеңейту орынды деп ойлаймын. Әрине, мұнда бақылау мен ашықтық сақталуы керек. Сонда әрі азаматтарға ыңғайлы болады әрі емтиханның сапасы мен әділдігіне күмән туындамайды.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.