Қыс — қыр астында. Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында өңірде көмір қорын толықтыру жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындар мен әлеуметтік нысандардың отынға деген қажеттілігін өтеу үшін қандай шаралар қолға алынуда? Осы сауал төңірегінде Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жылумен жабдықтау бөлімінің басшысы Жангелді Қожановпен тілдесіп көрдік.
— Бүгінде қажетті көмір көлемінің қаншасы дайындалды? Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету бойынша жалпы ахуал қандай?
— Қазіргі уақытта Павлодар облысында халықты және әлеуметтік сала нысандарын қатты отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына 660 мың тонна көмір сатып алу жоспарланған, оның ішінде 244 мың тоннасы бюджеттік ұйымдарға, ал 416 мың тоннасы халыққа арналған. Көмір жеткізу бойынша шарттар толық көлемде жасалды. Әлеуметтік сала нысандарын қамтамасыз ету үшін 244 мың тонна қатты отын қарастырылған. Бүгінгі таңда
185 мың тонна немесе жоспарланған көлемнің 76%-ы жеткізілді. Сонымен қатар, көмір тасымалдау штаттық режимде жалғасуда. Жеткізілімдер тұрақты негізде жүзеге асырылуда, көмірдің қалған көлемі жеткізу кестесіне сәйкес әкелінеді. Қатты отынға қатысты дүрбелең мен тапшылық байқалмайды. Әлеуметтік нысандарды қажетті көмір көлемі-
мен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда және басқарманың тұрақты бақылауында.
— Тұрғындарға арналған әлеуметтік көмір жайлы айта кетсеңіз. Тегін көмір алуға азаматтарды тіркеу қашан басталады және өтініштерді қайда беруге болады?
— Әлеуметтік және тегін көмір беру мәселесі әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға және қосымша қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсету аясында қарастырылады. Алушы-лардың тізімін қалалық және аудандық әкімдіктер азаматтардың материалдық және әлеуметтік жағдайын ескере отырып анықтайды. Көмекті ресімдеу үшін, әдетте, тұрғылықты жері бойынша тиісті әкімдікке немесе уәкілетті органға жүгініп, өтініш, жеке куәлік, отбасы мүшелері туралы мәліметтер және әлеуметтік көмек алу құқығын растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Өтініштерді қабылдаудың басталуы, тіркеу тәртібі және құжаттарды тапсыру орындары туралы ақпарат аудандық және ауылдық округ әкімдіктері арқылы халыққа жеткізіледі. Өтініштер азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тиісті әкімдікте немесе олар белгілеген уәкілетті орган арқылы қабылданады.
— Көмір бағасы мен оның тұрғындарға қолжетімділігін бақылау бойынша қандай шаралар қабылдануда? Көмір тапшылығына немесе бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қандай жұмыстар жүргізіледі?
— Өңірде қатты отын тапшылығына жол бермеу және бағаны тұрақтандыру мақсатында Басқарма «Майкөбе-Вест» АҚ және «Богатырь Көмір» ЖШС-мен жылыту маусымының соңына дейін «Павлодар облысын-дағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, қалалық және аудандық әкімдіктер жанынан көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс топтары құрылды, олар көмір сату орындарына апта сайын мониторинг жүргізеді.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Сара ӘБДОЛ.
