Бұл жолы Павлодар ауданының Жертұмсық ауылындағы мешіттің салыну тарихы мен оның бой көтеруіне демеушілік жасаған азаматтар туралы айтуды жөн санадық. Себебі, шағын ауылдағы кішкентай ғибадат үйі болса да қанша адамның еңбегі және ұйқысыз, күлкісіз төгілген маңдай тері жатқанын жақсы білеміз.
«Әкемнің аманаты»
Ауылдағы еңселі мешіт 2024 жылы бой көтеріп, мұсылман қауымының игілігіне берілді. Бұл – жертұмсықтықтардың көптен күткен қуанышы ғана емес, ауылдың рухани өміріндегі елеулі жаңалық болды. Содан бері қасиетті шаңырақ әр жұма сайын ауыл тұрғындарының басын қосып, ағайынның бірлігін бекемдейтін, имандылық пен ізгілікті насихаттайтын рухани орталыққа айналды.
Жалпы, мешіт салу — әркімнің қолынан келмейтін жауапкершілігі жоғары іс. Иә, қолында жеткілікті қаражаты, я болмаса дән-дәулеті болуы мүмкін. Бірақ, ол адамның осындай сауапты іске жүрегі бұрылып, ниеті тураланбаса, мұндай істі бастауы екіталай. Жертұмсық ауылындағы мешітке демеуші болған кәсіпкерлердің бірі – Салтанат Қалиева. Сонымен қатар, ағалары Асхатолла, Насифолла және інілері Бауыржан, Мирас Жұматаевтар да қолдан келген көмегін көрсеткенін айтады. Кәсіпкердің айтуынша, ғибадат үйінің құрылысы 2022 жылы басталған. Ал осындай үлкен іске бел буып кірісуіне әкесінің түсінде айтқан бір ғана сөзі себеп болғаны.
— 2011 жылы бір түс көрдім, түсімде әкемді көріппін деймін. Марқұм әкем маған келіп, балам, осы ауылға бір мешіт керек деп жатыр екен. Міне, содан кейін әкемнің айтқан бір сөзі жатсам да, тұрсам да ойымнан кетпеді. Мен бұл сөзді Алладан келген аян деп қабылдадым. Жалпы, біздің атамыз Жұматай деген кісі үлкен молда болған. Ал әкеміз Құран білетін, дұға бағыштайтын адам еді. Сонымен қатар, әжеміз намаз оқитын және нағашы атамыз — қажылыққа барған адам. Міне, осындай үлкен адамдардың қасиеті ұрпағы – біздің осындай игі іске баруымызға себеп болған шығар. Дегенмен, құрылысты бастау оңай болған жоқ. Жердің өзін алу, құжаттарын рәсімдеу көпке созылды. Сөйтіп жүргенде тағы да бір түс көріп, онда әкем тағы жол көрсетті. Тура содан кейін жұмысымыз реттеліп, алға жүре бастады. Жердің жыры біткеннен кейін шағын амбар салып, одан кейін үлкен ғимаратқа кірістік. Осы қиы сәтте қаржылай қолдау білдірген де сол ағаларым екенін айтпай кетуге болмайды. Құрылыс жұмыстарына ауыл тұрғындары да айтарлықтай көмектесті, — деп еске алды Салтанат ханым.
Мешіт құрылысы 2024 жылы толығымен аяқталғаннайн кейін бүкіл құжаттары Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облысы бойынша өкілдігіне тапсырылды. Мешіттің құрылысы аяқталған соң оның ашылу рәсімін де дүркіретіп өткізді ауыл тұрғындары. Алыс-жақыннан құрметті қонақтар жиналып, құттықтауларын білдірді. Игі бастама ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа ұласып, ел-жұрттың қатысуымен кең көлемде аталып өтті. Игі шараға облыстық орталық мешіттің наиб имамы Қанат Қабаев, Павлодар ауданының сол кездегі әкімі Николай Дычко қатысып, мешіт құрылысына үлес қосқан барша азаматтарды марапаттады. Жаңа мешіттің ашылуы – ауылдағы ағайынның ауызбіршілігін арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге жол ашатын маңызды қадам болды.
Ғибадат үйі ғимаратының жалпы ауданы 140 шаршы метрді құрайды. Намаз залына 100 адамға дейін сапқа тұрып намаз оқуға болады. Кәсіпкер мешітті тұрғызып қана қоймай, оның кейінгі жағдайын да ойластырып, ұзақ уақыт жылытатын пеш салып берген. Сонымен қоса, жанында дәрет алатын орын мен мәйіт жуатын кішкентай үй бар. Мешітке келуші жамағаттар үшін төрт мезгіл ыстық және суық су ағып тұр. Жылу мен судың шығынын да осы Жұматаевтар әулетінің азаматтары төлеп келеді.
— Мешіттің дизайнын, ішкі және сыртқы сәулетін өзім шығардым. Ал құрылыс материалдарының барлығын жергілікті құрылыс фирмаларынан алғыздық. Ғибадат үйінің күмбезін Екібастұз қаласының бір фирмасы тегін жасап берсе, қабырғасын павлодарлық фирмалардың мамандары тегін қалап берді. Міне, осындай жанашыр азаматтардың көмегі құрылыстың уақытында аяқталуына көп сеп болды, — деп атап өтті Салтанат Қалиева.
Мешітке жанашырлық – сауапты іс
Бұл мешіттің бой көтеріп, ауыл тұрғындарының игілігіне берілуіне айрықша үлес қосқан азаматтардың бірі – ауылдың тумасы Қанат Жұпаров. Ол кісі мешіт құрылысы кезінде электр желісін тарту жұмыстарын өз мойнына алғанын айтады. Жұмыс оңай болмаған. Әсіресе, күннің суықтығы көп қолайсыздық туғызған.
– Электр сымын тарту жұмысын өз мойныма алдым. Күн суық болды. Қарындасым екеуіміз бірге жұмыс істедік. Мешіт жанындағы бағанаға шығып, электр желісін тарттық. Бұл іске ауыл тұрғындары да ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтты, – дейді Қанат Жұпаров.
Қанат аға мешітке қолдау көрсетуді мұнымен тоқтатып қоймай, қазірдің өзінде тұрақты қарайласып келеді. Былтыр жол-дасының анасы қайтыс болған кезде мәйітті жуындыратын және жерлеу рәсіміне қажетті жабдықтардың жағдайын көріп, бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған. Ағасы Болатпен ақылдаса келе, екеуі бірігіп, мәйіт салынатын арнайы жәшік пен мәйітті жуындыратын қажетті ыдыстарды жасап берген. Қазір мешіттің ішкі жөндеу жұмыстарына да қолдау көрсету қажеттігі туындап отырғанын, бұл бағытта ауыл азаматтарымен бірігіп, қолдан келгенше көмек көрсетуге ниетті екенін де жасырмады.
– Балаларды да мешітке жақындатып, ұлттық және діни құндылықтарды түсіндіруді жиі қолға алып жүрміз. Әсіресе, мерекелерде балаларды жинап, ақыл-кеңесімізді айтып, сыйлықтар таратамыз. Мешітті көрсетіп, «Бұл мешіт ертең сендерге қалады, оны қадірлеп, сақтаңдар» деп түсіндіреміз. Енді қыс та жақындап келеді. Мешіттің көміріне де ауыл болып қаржы жинасақ деген ойымыз бар, – дейді Қанат Жұпаров.
Тарих қайта жаңғырды
Ауыл азаматы, өлкетанушы Бақытбек Баткеевтің айтуынша, Жертұмсық ауылының құрылғанына 200 жыл толыпты. Осы уақыт дересінде елді мекенде екі мешіт болған. Соңғысы осыдан шамамен жүз жыл бұрын жабылыпты. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін имандылық ордасының ғимараты колхоз басқармасының қарамағына берілген. Ал ауылдың діни қызметін атқарған Асаинов Омар молда қуғын-сүргінге ұшырап, сотталып, абақтыға айдалған.
— Сол бір қиын-қыстау кезеңдерде дін мен дәстүрді, елдік пен имандылықты сақтап қалу оңай болған жоқ. Соған қарамастан Жертұмсықта қолына шоқ ұстағандай елге қызмет еткен талай дін қайраткері, молдалар, ел ағалары өмір сүріп, кейінгі ұрпаққа өнегесін қалдырды. Жертұмсықтың қасиеті мен киелілігін айғақтайтын тарихи деректер де аз емес. Өңірдегі көне зираттарда 4 хазірет, 7 қажы, 11 молданың жерленуі бұл өлкенің рухани бай екенін аңғартады. Олар — өз дәуірінде елдің бірлігіне, имандылығына, салт-дәстүрінің сақталуына қызмет еткен жандар. Осыдан екі жыл бұрын сол бабалар аманатын қайта жаңғыртып, қасиетті Жер-тұмсық топырағында жаңа мешіт ашылды. Бұл ауыл үшін ғана емес, күллі өңір үшін маңызды рухани жаңалық болды. Осы игі істі басынан аяғына дейін ұйымдастырып, мешіт құрылысының барлық ауыртпалығын көтеріп, ел игілігіне осындай үлкен сый жасаған Жұматаевтар әулетіне шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл бір әулеттің ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншіліктің, елге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі, — дейді Бақытбек Төлеубайұлы.
Бүгінгі таңда мешіт жұмысын ауыл имамы Манарбек Әзімхан жүргізіп, ауыл тұрғындарының діни-рухани тұрғыда жаңаруы жолында еңбек етуде. Әр жұма сайын мешітке жиналған жамағатқа уағыз айтып, жұма намазын жүргізеді. Мешітке тек Жертұмсық ауылының тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы көрші ауылдардың жамағаты да арнайы келіп, бес уақыт намазын оқып, діни сауатын арттырып жүр. Бұл – мешіттің ауыл-аймаққа ортақ рухани орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.
– Намаз оқуға жақын орналасқан көрші ауылдардан да ағайындар келіп тұрады. Ауылымызда дін үйренуге ниетті шәкірттер де бар. Мешітке келген азаматтарға сабақ өткізіп, имандылық негіздерін түсіндіріп, асыл дініміздің құндылықтарын үйретіп келеміз. Жастардың діни сауатын арттырып, үлкендердің ақыл-кеңесін кейінгі буынға жеткізуге де көңіл бөлеміз, – дейді мешіт имамы. Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар да жалғасын табуда. Қазіргі таңда елді мекенде асхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл нысанның ауыл тұрғындары үшін де, мешіт жамағаты үшін де маңызы зор. Асхана ел-жұрттың басын қосатын, түрлі қоғамдық және діни шаралар өткізілетін орынға айналмақ.
Жалпы, мешіттің айналасына топтасып, оның қажетіне қолынан келгенше көмек көрсету – ауыл азаматтарының ортақ жауапкер-шілігі. Өйткені, мешіт – тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, елді бірлікке, имандылыққа, ізгілікке үндейтін рухани орталық. Оның игілігін кейінгі ұрпақ та көретінін ескерсек, бүгінгі жасалған әрбір қайырымды істің мәні зор.
Тілеуберді САХАБА.
