Павлодар ауданында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және көгалдандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына бір мыңға жуық адам қатысып, көшелер мен қоғамдық орындарды тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
Аудандық нақты экономика секторы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қанат Желдібаевтың айтуынша, сенбілік барысында жиналған қоқысты арнайы орындарға жеткізу үшін бес техника жұмылдырылған. Сонымен қатар аудан аумағын көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Жалпы, аудан бойынша 520 түп ағаш отырғызылды.
– Мәселен, Ольгинка ауылында 40 түп қарағай көшеті егілді. Өзге ауылдарда да ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп, елді мекендердің жасыл желегін көбейтуге үлес қосылды. Аталған шара туған өлкенің тазалығын сақтауға, табиғатты аялауға және ауылдық елді мекендердегі табиғи ағаштарды көбейтуге бағытталды. Сондай-ақ, осындай игі бастамалар арқылы тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру көзделеді, —
деді Қанат Жамалиденұлы.
Т.САХАБА.
павлодар ауданы
