Жолға – жүйелі жөндеу

Қаз 1, 2026

Ақтоғай ауданында ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Биыл аудан бойынша 7 ауылдың кіреберіс жолы жаңартылды. Жалпы,  ұзындығы 6 шақырымнан асатын жолдарды жөндеуге 357 млн 251 мың теңге бөлінді. Жолдарға асфальт төселіп, жиектері нығыздалып, қажетті жол белгілері орнатылды.    

Мүткенов ауылдық округіне қарасты Әбжан, Жаңабет және Жаңатап ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеуге 126 млн теңге жұмсалды. Бұған дейін ой-шұңқыры көбейіп, әсіресе көктемгі лайсаң кезінде тұрғындардың жүріп-тұруын қиындатқан жолдар бүгінде ел игілігіне қызмет етіп отыр.

Ауданда жол мәселесі алдағы жылдары да кезең-кезеңімен шешілмек. 2027–2028 жылдарға Өтес, Әуелбек, Қараоба, Мүткенов, Жаңаауыл, Исантерек, Басқамыс, Ақжол және Шолақсор ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда бірқатар нысан бойынша жобалық құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар, Жаңабет пен Жаңатап ауылдарындағы мектеп көшелерінің әрқайсысына бір шақырымнан қиыршық тас төселіп, ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Жұмыстарды қыркүйек-қазан айларында орындау көзделіп отыр.

А.БОРАНБАЕВА.

Ақтоғай ауданы