Елге еңбегі сіңген қариялар қандай құрметке болса да лайық. Бүгінгі күнде аймағымызда жасы үлкен адамдардың бос уақытын тиімді өткізуге, олардың денсаулықтарын нығайтуға бағытталған түрлі клубтар, үйірмелер жұмыс істейді. Соның бірі – Торайғыров атындағы облыстық кітапхана жанындағы «Дебют» шахматшылар клубы.
Кітапхана жанындағы шахмат клубы 2018 жылы ашылған. Бүгінгі таңда клубтың 30-ға жуық мүшесі бар. Көбі — кезінде елге еңбек етіп, бүгінгі күні сол еңбегінің зейнетін көріп отырған қариялар. Олардың қатарында бұрынғы аудан және ауыл әкімдері, зауыт инженерлері, прокурорлар да бар. Қарт шахматшылар кітапханаға күн сайын келіп, шүйіркелесіп, емен-жарқын әңгімелесіп отырады. Содан кейін шахмат ойнап, өздерінің бос уақыттарын пайдалы өткізіп қайтады. Клуб жетекшісі – Ешімхан Рүстемұлы есімді ақсақал. Өзі қатарлас қариялардың басын қосып, түрлі жарыстар ұйымдастырып, замандастарына ерекше қолдау көрсетіп келеді.
– Мен 1966 жылдан бастап 1995 жылға дейін Павлодар Алюминийі зауытында жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Содан бері шахмат клубтарын ұйымдастыру жұмысымен айналысып келемін. Алғашқы шахмат клубын 2005 жылы ашып, барлық жұмыстарын өзімнің қаражатым есебінен жүргіздім. Ол 2013 жылға дейін жұмыс істеп, қаражаттың тапшылығына байланысты жабылды. Бірақ клубқа жиналған қарияларды тарқатып жіберуге қимай, әртүрлі мектептерге апарып, ойнатып жүрдім. Соңғы мекеніміз Торайғыров атындағы облыстық кітапхана болды. 2018 жылы мекеме басшылығына осы ұсынысты айтқан кезде бірден қолдап, үстел, орындықтарын қойып берді. Содан бері біздің келуімізге ешқандай шектеу қойған емес. Кітапхананың жұмыс күнінде келіп, көп уақытымызды осында өткіземіз. Мекеме қызметкерлерінің бізге деген құрметі ерекше, қарым-қатынастары да сыпайы, – деп ерекше ықыласын білдірді Ешімхан қария.
Ұйымдастырушылар шахматтың адам өмірін жақсартуға, соның ішінде үлкен адамдардың әдемі қартаюына тигізер пайдасы зор екенін айтады. Атап айтар болсақ, олардың ми белсенділігін арттырып, деменция мен альцгеймер ауруының алдын алуға көмектеседі дейді. Сонымен қатар, бұл ойын егде жастағы адамдардың ойлау қабілетін ширатып, өмір сапасын жақсартады.
– Шахматты өз басым спортқа да, өнерге де, ғылымға да жатқызамын. Себебі, мектепте шахматты жақсы меңгерген балалар қай сабақты да оңай меңгеріп әкетеді. Ал өмірде неше түрлі күрделі мәселелердің шешімін оңай табуға көмектеседі. Қандай мәселе болса да оның шешімінің түрлі нұсқаларын алдын ала ойланып, ойға түйіп отырады. Шахматтың үлкен кісілерге де пайдасы зор. Ең бастысы есте сақтау қабілеттерін шыңдап, миларын жетілдіре түседі. Себебі, бұл ойынды ойнаған адам миын мейлінше тез істетуге тырысады және ол есінде жақсы орнығып қалады. Мысалы, мен сонау 1960 жылдары ойнаған ойындарым есімде, тіпті кейбір партияларды қарсылассыз қайталап та бере аламын, –
дейді Ешімхан Рүстемұлы.
«Дебют» шахматшылар клубының құрамында шахматтан 1 разряд деңгейіндегі ойыншылар мен түрлі жарыстардың жеңімпаздары бар. Солардың бірі – Талапбек Дүйсенбаев. Ол осы спорт түрімен 13 жасынан шұғылданады. Қалалық, облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпазы.
– Шахматтың үлкен адам-дардың миын шынықтыратын, олардың есте сақтау қабілетін төмендетпейтін пайдалы ойын. Оны күнделікті жанымызда жүрген ақсақалдардан көре аламыз. Өз басым шахматтың көп құпиясын білемін және ойын барысында сол тәсіл-дерді қолдануға тырысамын. Шахматты мықты меңгерген адамдар қарсыласына небары үш секундта немесе екі-үш жүріспен мат қоюға болады. Ал мүмкіндігі ең жоғары фигуралардың бірі – ат. Бұл әсіресе тақтаның ортасында болса, жақсы шабады және қарсыласты оңай қақпанға түсіреді. Міне, біздің клубта шахматтың осы секілді құпия-ларын меңгерген қариялар көп, — дейді Талапбек аға.
«Дебют» шахматшылары арасында жарыстар да өткі-зіліп, жүлдегерлерге кітапхана тарапынан және демеушілердің көмегімен түрлі ынталандыру сыйлықтары беріліп тұрады. Дегенмен, қариялардың тағы бір арманы бар. Ол – зейнет-керлердің жеке шахмат үйін құру. Әрине, ол үшін жергілікті билік орындары назар аударып, осы іске мүдделі болуы керек.
Тілеуберді САХАБА.
