Павлодарлық үздік атанды

Қаз 1, 2026

Шанхайда өтіп жатқан «WorldSkills Shanghai–2026» атты әлем чемпионатында павлодарлық студент үздік нәтиже көрсетті. Айтулы додаға жоғары ақпараттық технологиялар колледжінен барған Дарья Мельник «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреттілігі бойынша «Medallion for Excellence» кәсіби шеберлік медаліне ие болды.

Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен жас маман әлемнің жетекші елдерінен келген қатысушылармен бәсекеге түсті. Ол Бразилия, Сауд Арабиясы және Жапония өкілдерімен бірге бақ сынап, кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде дәлелдеді. Қатысушылар арасында жетекші оқу орындарының студенттерімен қатар, ірі технологиялық компаниялардың мамандары да болды.

Үш күнге созылған байқау барысында байқау қатысушылары квадрокоптердің дизайнын әзірлеудің толық циклін орындады. Олар алдымен концептуалдық эскиз жасап, кейін 3D-модель әзірледі және 3D-принтер арқылы макет шығарды. Сонымен қатар, жобаның презентациялық мате-риалдары мен постерін дайындады.

Чемпионат қорытындысы бойынша Дарья Мельник Қазақстан ұлттық құрамасының марапатқа ие болған сегіз өкілінің қатарына енді. Жас маманды «WorldSkills Shanghai–2026» чемпионатына жоғары ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы, халықаралық сарапшы Борис Григорьев дайындағанын атап өткен жөн.

Биылғы әлем чемпионатына 70-тен астам елден 1400-ден астам қатысушы жиналды. Байқау 64 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылды. Қазақстан құрамасы 31 құзыреттілік бойынша 33 қатысушыдан құралды. Чемпионат нәтижесінде ұлттық құрама қоржынына 8 марапат түсті. Атап айтқанда, 1 қола медаль, 6 кәсіби шеберлік медалі және «Best of Nation» марапаты бар.

Павлодарлық Дарья Мельниктің жетістігі – жас маманның кәсіби дайындығы мен тәлімгер еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар, бұл нәтиже Павлодар облысында техникалық және кәсіптік білім берудің сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі екенін көрсететіні сөзсіз.

Айта кетерлігі, өңірімізде колледждердің материалдық-техни-калық базасын жаңарту, өндіріс орындарымен байланысты нығайту және мамандар даярлау жүйесіне халықаралық стандарттарды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Жас маман» жобасы аясында облыс колледждерінде 10 құзыреттілік орталығы құрылып, оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыруға 2 миллиард 340 миллион теңге бағытталған.

Н.ШОДЫР.