Бүгінде суармалы жерлердің көлемін ұлғайту жұмыстары әр өңірде қарқынды жүргізілуде. Жалпы, республикадағы жер қоры суармалы алқаптың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Алайда су тапшылығы тежегіш фактор екенін ескеру қажет. Себебі, су ресурстарын үнемдеу қазіргі кезде бүкіл әлемде маңызды. Аталған мәселе кез келген елді алаңдатады. Әсіресе, соңғы кездері елдегі өзендердің сарқылуы жайлы жиі айтылуда. Бұған егістіктердегі су тұтыну көлемінің көптігі себеп пе? Тамшыға байланған түйткілдің шешімі қандай?

Облыстағы ахуал

 

Қазір өңірімізде жалпы суармалы жер көлемі 150 мың гектардан астам жерді құрайды. Оның ішінде 128 мың гектары шаруаларға бекітілген. Павлодар облысының әкімдігі өңірдегі суармалы алқапты игеруге ерекше көңіл бөліп, шаруаларға барынша қолдау көрсетуге даяр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімовтің сөзінше, тамшылатып суару әдісін пайдалану арқылы облыста суармалы алқаптар көбеюде. Аталмыш технология өңірдегі 30-дан астам шаруашылықта қолданылады.

— Облыстағы ірі шаруашылықтар  — «Галицкое», «Киров» және «Абай» жерасты суды пайдалану арқылы суармалы алқаптарын кеңейтуде. Жаңа суармалы жерлерді игеру мемлекеттік қолдау мен инвестициялар нәтижесінде жүзеге асты. Облыс шаруаларына суармалы егіншілікті қалпына келтіру бойынша бірқатар міндет қойылып отыр. Бұл жерлерде тиімділігі жоғары дақылдарды өсіру ісі қолға алынады. Оның ішінде картоп, дәнді дақылдар және жем-шөп бар. Инвестициялық субсидияландыру бағдарламасы шаруа-шылықтарға сатып алған жаңбыр-латқыш машиналарды және тамшылатып суаруға арналған жабдықтарды 30 пайыз арзандатуға мүмкіндік береді, — деді ол. Әрине, облысымызда суармалы егіншілікті одан әрі қарқынды дамытудың  негізгі резерві – Ертіс өзені. Бұл ретте қазір барлық жер цифрландырылып, «Gosagro.kz» дерекқорына енгізілген. Ертіс Павлодар облысы-
ның бойымен 720 шақырымға созылып жатыр. Ал Ертістің ресурстық көлемі 33,8 текше шақырым суды құрайды. Бұл бүкіл республикадағы су ресурстарының 30 пайызына тең.
Сондай-ақ, Сәтбаев каналының мүмкіндігі бар екенін білеміз. Бұл су нысанының 272 шақырымы облысымыз арқылы өтеді. Бұдан бөлек, Павлодар облысының шаруашылықтарын Ертіс өзенінен сумен қамтамасыз етушілердің бірі  — «ADIS» ЖШС бар.

 

Суару техникалары

Суармалы егін шаруашылығын дамытудың даңғыл жолы — суармалы алқаптардан жоғары өнімді дақылдар – картоп, қант қызылшасы және мал шаруашылығына қажетті жем-шөп өнімдерін өндіру, ғылыми нақтыланған технологияларды енгізу, заманауи суару машиналарына негізделген егіншілік мәдениетін арттыру. Қазіргі таңда облыста шашыраңқы суару арқылы жұмыс істейтін 528 суару қондырғысы және 603 жаңбырлатқыш қондырғы жұмыс істейді. Оның ішінде 144 суарудың дисперстік технологиясымен жұмыс істейтін — Еуропа, АҚШ, Канада, Испаниядан әкелінген «Valley», «Reinke», «Pivot», Zimmatik», «Rainfain» «РКД» маркалы машиналары.  Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында биыл шаруалар бұл техниканың тағы 52-сін сатып алды. Айта кетейік, жаңа импорттық суару машиналардың барлығы дерлік электронды түрде басқарылады. Мысалы, оларда курс пен суару режиміне арналған сенсорлар бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл суармалы жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 77,4 мың гектарды құрайды. Мал шаруашылығын дамытуды ескере отырып, 27,3 мың гектарды құрайтын суармалы жердің 35 пайызы мал азықтық дақылдарға берілген. Мұнда сүрлемге арналған жүгері – 8800 гектар, біржылдық шөптер – 3200 гектар және көпжылдық шөптер 15,2 мың гектар жерді алып жатыр. Картоп 21,5 мың гектар жерде суарылады, бұл бүкіл суармалы алқаптың 28 пайызын құрайды. Техногендік жауын-шашын кезінде 3,8 мың гектарға, яғни суармалы алқаптардың бес пайызына майлы дақылдар егілген. Суармалы алқаптардың 24 пайызына дәнді және бұршақ дақылдарын өсірілді. Бұл шамамен 18,4 мың гектарды құрайды. Ал көкөністің үлесі облыстағы барлық суармалы алқаптың сегіз пайызын ғана құрайды. Яғни,  6400 гектар.

Күрделі әрі қымбат

Суармалы жерлерді ұлғайту өте күрделі, қымбат және көп уақытты қажет ететін процесс екені сөзсіз. Ал суармалы жерлерді ұлғайтудағы басты қиындық — инфрақұрылым салу
қымбатқа түседі. Иә, теңгенің долларға шаққандағы құнсыздануына байланысты суару техникасы жылдан жылға қымбаттап барады. Дегенмен, технология да инфрақұрылымның бір бөлігі. Сондықтан биыл облысымызда суармалы жер түрлеріне көшіру есебінен тағы да 9 мың гектарға суаруды кеңейту жоспарланып отыр. Ал жеті жарым мың гектарда бірден сегіз жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, үш жарым мың гектар жерді игеруге арналған үш жобаны «Қазсу шаруашылығы» РМК – «Май Агро-М» ЖШС (1200 гектар), «Жаңғобек» ЖШС – 1063 гектар және «МБА» ЖШС – 1350 гектар бойынша ауқымды жобаларын жүзеге асыруда. Бұл ретте «МБА» ЖШС ағымдағы және алдағы жылдары инженерлік инфрақұрылымды кезеңкезеңімен жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Қазсушаруа-шылығы» РМК-ның көптен бері жүргізіліп келе жатқан Ертіс-Успен каналының құрылысы қайта жандана түсті. Қазір канал құрылысының екінші және үшінші кезеңінің жобалық-сметалық құжаттарын түзету үшін жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Жалпы, Ертіс Успен каналын пайдалануға беру келесі жылға жоспарланып отыр. Одан бөлек, «Бизнестің жол картасы» аясында облыс көлемінде төрт жоба жүзеге асырылуда. Атап өтсек, Май ауданында «Ақжар Өндіріс» ЖШС суармалы алқаптарын жабдықтауда. Сондай-ақ, Ақсу қаласына қарасты елді мекендерде «Бастаушы Агро» ЖШС мен «KH Leader PVL» ЖШС-не тиесілі учаскелерінің құрылысы жүргізілуде. Ертіс өңірінде «КМ Ертіс Агро» ЖШС суару алаңын жабдықтауды жоспарлап отыр. Олардың жалпы ауданы 21,6 мың
гектарды құрайды. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін кемінде 22,4 миллиард теңге қажет. Аталған жобалардың ішінде кәсіпкерліктің жол картасы аясында 18 ұсыныс өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралды. Бұл ретте жалпы саны үш мың гектарды құрайтын алты жоба бойынша оларды қаржыландыру мәселесін қарау үшін ҚР Ұлттық экономика министр- лігіне бюджеттік өтінім жолданды. Жеті жоба республикалық мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылып, ҰЭМ-ге бюджеттік өтінім бергенге дейін тағы бес жоба бойынша
материалдар дайындалуда.

Бүгінгі таңда республика бойынша суды аз қажет ететін және монодақылдардың алаңдарын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Инвестициялық субсидиялау аясында фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ, су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындардың 50 пайызы өтеледі. Бұл мақсаттар үшін өңірлердің өтінімдері бойынша 2023 жылы 18,4 млрд теңге қарастырылған.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.