Дүние жүзі тарихында өте сирек кездесетін жағдай

Қаз 12, 2026

Биыл 15 наурызда елімізде Жаңа Конституция қабылданды. Оның қажеттілігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте ел алдындағы сөздерінде айтқан болатын. Биыл 23 тамызда алғашқы Құрылтай сайлауы өтіп, Жаңа Конституцияның халық игілігіне қарай жұмыс істеуіне бір мүмкіндік ашылды. Президент бірінші сессияда Конституцияның толықтай жаңадан қабылдануы мынадай алмағайып кезеңде, дүние жүзінде өте сирек кездесетін жағдай екенін атап өтті.

«Мемлекет өміріндегі бұл маңызды үдеріс осыдан тура бір жыл бұрын басталды, мұны сіздер жақсы білесіздер.  Мен былтырғы халыққа Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім.   Аталған ұсыныс қоғамымызда қызу әрі кең ауқымда талқыланды. Ел ішінде ашық, шынайы пікірталас болды. Азаматтарымыздың тарапынан мыңдаған ұсыныстар, ой-пікірлер айтылды.   Осылайша, талқылаудың соңы кейінгі 30 жылда болмаған мазмұны терең конституциялық реформаға ұласты.   Биыл 15 наурызда жалпыұлттық референдум арқылы тұтас елімізді өрлеу дәуіріне бастайтын қастерлі құжатты – Конституциямызды қабылдадық.

Бұл маңызды тарихи оқиға халықаралық қауымдастық тарапынан зор ықылас пен қызығушылық туғызды. Өйткені қазіргідей бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде жаңа Конституцияның қабылдануы бүкіл дүние жүзі тарихында өте сирек кездесетін жағдай деп айтуға болады.   Беделді саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның бұл қадамын шын мәнінде бірегей саяси оқиға деп бағалап, мұны батылдық пен жасампаздықтың жарқын көрінісі ретінде мойындау қажет екенін бірауыздан айтуда» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шетелдік, халықаралық сарапшылардың айтуынша, қазақ еліндегі алғашқы Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде, заңнамаға сәйкес өткізілді. Енді оның елімізде жарқынк елешекке бастауына жол ашық. Осы орайда баршамызға жұмыла, аянбай, бірлікте еңбек етуіміз шарт.

«Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз.   Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік.   Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті. Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді.   28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті. Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды.   Міне, бүгін Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр. Осы тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармайық, құрметті отандастар!  Түптеп келгенде, бір жылдың ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болды.   Біз аз ғана уақытта тұтас мемлекет пен бүкіл қоғамның сипатын өзгерткен аса ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асырдық.   Ал қазіргі таңда бұл – өркениетті, жасампаз және ең бастысы біртұтас ұлттың ғана қолынан келетін іс деп ашық түрде айтуға болады» , деді Мемлекет басшысы.

Нұрбол Қанатбекұлы.