Музей – жәдігерлер сақталатын киелі орын ғана емес, ол – ұлттың жады, ұрпақтың рухани тамыры, кешегіні бүгінмен жалғайтын алтын көпір. Бірақ сол мұраны жылдар бойы жинап, сақтап, елге таныту үшін қаншама адамның көзге көріне бермейтін еңбегі, табандылығы мен жанкештілігі жатқанын көпшілік біле бермейді.
Міне, сондай жандардың бірі -Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бұрынғы директоры Роза Ержанқызы Игібаева. Оқырмандардың сұрауы бойынша мәдениет саласында 45 жылға жуық еңбек еткен ардагермен сұхбаттасып, тарихи мұраны жинау жолындағы есіл еңбек, мойындалмаған маңдай тер және бұл жүйедегі бүгінгі түйткілдер жөнінде әңгіме өрбіткен едік.
– Роза Ержанқызы, зейнетке шыққаннан кейін өткен өміріңізге көз жүгіртіп, «не тындырдым, енді не істеймін?» деген ой мазалады ма? Сондай-ақ, сіз үшін бұл кезең алаңсыз демалысқа айналды ма, әлде жаңа ізденістердің бастауы болды ма?
– Әрине, адам зейнетке шыққан соң өткен күндерін еске алып, өзіне-өзі есеп береді. Жақсы сәттерін сағынып, түрлі ойға шомады. Бұл – заңдылық. Бірақ өмір жалғасып жатыр. Сондықтан тірі адам тіршілігін тоқтатпай, алға ұмтылуы керек деп ойлаймын. Мен де зейнеткер қатарына қосылған соң қол қусырып қарап отыра алмадым.
Өздеріңіз білетіндей, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде 25 жыл директор болып еңбек еттім. Зейнетке шығуыма бірнеше ай қалғанда Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің сол кездегі ректоры, ғалым, профессор Алтынбек Нұхұлы жоғары оқу орнының 55 жылдығына орай музей құруға көмектесуімді өтінді. Бір-екі аптаның ішінде музейдің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеп бердім. Ректордың көңілінен шықты. Сөйтіп, оның ұсынысы бойынша бастапқыда 0,5 ставкамен университетке қосымша жұмысқа орналастым. Ал зейнетке шыққан соң ректор маған толық ставка ұсынып, Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхананың директоры болуды сеніп тапсырды. Кітапханамен қатар музей жұмысы да жүктелді. Ол жерде өте көп іс атқарылды.
Кейін Алтынбек Нұхұлы қызмет бабымен Астанаға кетті, мен де біраз демалайын деп шештім. Бірақ үйде қарап отырған жоқпын. Аудандық музейлердің ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеп, тарихи деректерді іздестірумен айналыстым. Бұл бағыттағы жұмысым әлі жалғасуда. Мұрағатқа, кітапханаға барып, жаңа мәліметтерді тапқан сайын олжалы болып қуанамын. Қазіргі өмірім сонысымен де қызықты болып өтіп жатқан жайы бар.
– Ширек ғасыр бойы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры болғаныңызды айттыңыз. Осы уақыт ішінде қолыңыздан не келді?
– Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі 1992 жылы 22 наурызда ашылды. Алғашқы директоры Бикеш Дурманова отбасылық жағдайына байланысты Алматыға көшіп кеткен соң, сол жылдың мамыр айынан бастап музей тізгіні маған тапсырылды. Зейнетке шыққанға дейін осы қызметті атқардым.
Музейге келген соң, алдымен халықты қалай тартамыз, жұртты немен қызықтырамыз деген сұрақ ойландырды. Мен Шымкент мәдениет институтын бітіріп, кейін Алматыдағы менеджерлер мектебінде оқығанмын. Сондықтан музей жұмысын ұйымдастыруға басқа қырынан қарауға тырыстым. Көп ойландым. Өйткені, өлкетану музейінде балаларды қызықтыратын дүниелер көп, яғни жануарлардың мүсіндері, табиғат көріністері және басқа да экспонаттар бар. Ал біздің музейде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың фотосы, бір-екі заты, Всеволод Ивановтың қолжазбалары секілді мұралар ғана болды. Біз үшін олардың қадірі ерекше болғанымен, басқаларды қызықтыра қоймайтыны анық. Сондықтан көрерменді тартудың жолдарын іздеп, өзге музейлердің тәжірибесін зерттеп, маркетингтік жоспар құрдым.
Ең алдымен, мықты мамандар жинау керек деп шештім. Өлкетану музейінен Бекмұхамед Исламұлын, мәдениет орталығынан әнші Қуандық Қалиевті шақырдым. Баянауылда мектеп музейін ашқан Мәруан Хамитоваға да өтініш білдірдім. Зерттеуші Айтжан Бәделхан ағамыз маған ақыл-кеңесін айтып, көп көмектесті. Осы адамдармен бірлесе жұмыс істедік. Қызметкерлердің бастамасын қолдап, қолдарынан келгенше еркін еңбек етуіне жағдай жасауға тырыстым. Бастапқыда бізге «қазақ музейі» деп мұрнын шүйіре қарайтындар да болды. Мен өзім де ыңғайсызданып, қорымызда өзге ұлт өкілдерінің де мұралары барын түсіндіріп, шыр-пыр болатынмын. Кейін осы мен неге ақталуым керек, одан да бар күшімді музейдің мәртебесін көтеруге жұмсайын дедім. Сөйтіп, алғашында музейдің қорында 4 мыңдай жәдігер ғана болса, мен басшылық еткен 25 жылда олардың санын 47 мыңға жеткіздік. Ақын-жазушылардың, өнер қайраткерлерінің мұраларын, қолжазбаларын, шығармалары мен жеке заттарын жинадық. Сонымен қатар, музейді дамыту үшін қомақты қаражат қажет болды. Ал бюджеттен бөлінетін ақша мардымсыз еді. Сондықтан демеушілер іздедім. Алғашқы жылдары-ақ бірқатар мазмұнды шара ұйымдастырдық. Мысалы, Қуандық Қалиевтің ұсынысымен республикалық деңгейде Естай атындағы әншілер байқауын өткіздік. Қатысушыларға сыйлықтар әзірлеу, байқау өткізетін орын табу, қазылар алқасына белгілі өнерпаздарды шақыру керек болды. Сол жолы жоба жетекшісінің ұсынысымен Шахимардан Әбілов ағамызды қазылық етуге шақырып, оның жолына, қонақүйіне жұмсалатын қаражатты өзім іздеп таптым. Одан кейін Байғабыл Жылқыбаев атындағы өнер сайысын, балаларға арнап Есентай Ерботин атындағы өлең байқауын өткіздік. Жыл сайын музей күнін ұйымдастырдық. Кейде ойын түрінде аукциондар да өткізіп, жиналған ақшаға музейге қажетті заттар сатып алдық. Басты мақсатымыз – адамдарға музей тек жәдігерлер қойылған тыныш орын емес, түрлі қызықты шаралар өтетін рухани орта екенін көрсету еді. Солай жылдар жылжып өтіп жатты. Бірде Астанадан келген кәсіпкер музейімізді аралап, жұмысымызға қатты риза болды. Ол елімізге танымал бес ақынның кітабын шығаруға демеушілік етіп, сол кітаптардың тұсаукесері Павлодарда ұйымдастырылатын болған соң осында келген екен. Кейін менімен кездесіп, музейге деген жанашырлығым үшін 500 мың теңге ұсынып, өзіңізге тон алып киіңіз, деді. Мен оған тоным бар екенін айтып, бұл қаражатқа музейге ескі болса да «Газель» көлігін алғым келетінін, онымен ауылдарды аралап, балаларға көрме көрсету керектігін айттым. Ауылдағы кейбір жеткіншектердің қалаға келуге мүмкіндігі жоқ екенін түсіндірдім. Сонда кәсіпкер бұл ойымды қолдап, 3 миллион теңге берді. Сол қаражатқа музейге жаңа көлік алдық. Бұған дейін өз машинаммен жүретінмін. Бензинін де өзім құйып, іс-шараларға қызметкерлерді таситынмын. Осылай директор ғана емес, жүргізуші де болған кездерім аз емес еді.
– Кезінде музейді кеңейту үшін де талай табалдырықты тоздырған екенсіз. Қазіргі таңда қос ғимаратқа қол жеткізудің артындақандай күрес тұрғанын көпшілік біле бермейді. Сол жайлы айта кетсеңіз…
– Бастапқыда бізге бір қабатты ағаш үй ғана берілген еді. Ол тарлық ететін. Қосымша ғимарат сұрап, әкімдерге бірнеше рет бардым. Бірде бізге алыстау жерден орын ұсынды, бірақ ол қызметкерлердің қатынауына қолайсыз болды. Кейін дәл жанымыздағы фотомектептің ғимараты сатылатынын естідім. Бұл орын музей үшін өте ыңғайлы еді. Келесі күні сол кездегі облыс әкімі Даниял Ахметовке бардым. Ол менің көзімше білім беру басқармасының басшысы болған Зоя Овчинниковамен телефон арқылы сөйлесті де, маған бұл ғимараттың құжаттары жекешелендіру үшін Астанаға кетіп қалғанын айтты. Қысқасы, мәселені шешуге кеш екенін жеткізді. Бірақ мен бір жолы бар шығар деп тұрып алдым. Әкім бетіме қарап, енді бұл мәселені Премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов қана шеше алатынын мәлімдеді. Бұдан кейін мен жұмысқа келе салып, әлгі Премьер-министрге хат жаздым. Музейге қосымша ғимарат қажет екенін түсіндіріп, тарихи құндылықтарға жанашыр-
лық танытуын өтіндім. Сөйтіп, арада он шақты күн өткен соң облыс әкімі шақырып жатыр деген қоңырау түсті. Жүгіріп барсам, Даниял Ахметов менің әрекетіме ашуланып, тіпті, жұмыстан шығаратынын да айтты. Мен төмен қарап жылап отырмын. Сосын іштей соншалықты не бүлдірдім деп ойладым да:
– Жұмыстан шығарсаңыз, шығара беріңіз. Мен өзіме үй сұрап отырған жоқпын. Музейге ғимарат сұрадым, – деп орнымнан тұрып кете бергенімде, әкім қайта отырғызып, қолыма қағаз ұсынды. Қарасам, әлгі ғимаратты музейдің балансына беруді қарастыру туралы хат екен. Қатты қуанып кеттім. Солай бір қабатты музейге жақын тұрған екінші ғимаратқа әзер қол жеткізген едік. Алайда оны алу бір бөлек, ары қарай жөндеп, кіру үшін де түрлі қиындыққа тап болдық. Өйткені, сол ғимаратты сатып алмақ болып үміттеніп жүрген кәсіпкер ішіндегі розеткаларды жұлып, әдейі бүлдіріп кеткен екен. Оны жөндеуге қаражат керек болды. Әкімдіктерге бардық, бірақ ақша бөлінбеді. Тағы да демеуші іздеуге тура келді. Бұл енді үлкен әңгіме…
– Сол кезде сіздің басыңыздан бір қызық әрі қауіпті оқиға өтіпті ғой…
– Иә, жөндеу жұмыстарына ақша таба алмай жүргенде, кезінде комсомолда бірге істеген Серік деген танысым есіме түсті. Ол сол уақытта Шарбақты ауданы әкімнің орынбасары болатын. Автобусқа отырып, соған бардым. Қаражат сұрасам, өзінде ақша жоқ екенін айтты. Сосын әкесінен сұрап көруін өтіндім. Әкесі Шалдай орман шаруашылығын басқаратын. Ол да ақша бере алмайтынын, бірақ ағаш беруге болатынын айтты. Мен ағашты қайтемін деп ренжіп, кетіп қалдым. Қалаға келген соң, «Шығыс» гастрономының басшысы Нәсифолла Сүлейменов деген ағамызға бардым. Бұрын қалалық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы болып жұмыс істегендіктен, мекеме басшыларымен таныс едім. Сонымен, Нәсифолла ағайға жағдайымды айттым. Ол кісі де қолма-қол ақша бере алмайтынын жеткізді. Сөз арасында Шарбақтыда бір адам маған ағаш ұсынғанын да айтып, бұрқылдадым. Сонда ол:
– Ойбай, онда бартер деген бар ғой. Бір КамАЗ ағаш әкелсең, музейдің еденіне төсейтін линолеум мен басқа да қажетті заттарды алып беруге көмектесемін, – деді. Мен қуанып кеттім. Ертеңінде қайтадан Шарбақтыға барып, Серіктен әкесінің ағашын сұрап беруін өтіндім. Ол кісі келісіп, бір КамАЗ ағаш жіберетін болды. Бірақ көлікті қаланың шетінен күтіп алу керектігін айтты. Жүк көлігінің жүргізушісі жолды білмейтін болғандықтан, өзім тосып алып, тиісті орынға еріп баруға келістім.
Сол кезде жасым 30 шамасында ғана. Сәнді киінгенді ұнататынмын. Әдеттегідей әдемі киімімді киіп, биік өкшелі туфлимен, қысқалау юбкамен қалаға кіреберістегі бұрылысқа бардым. Өзім жалғыз тұрмын. Жүк көліктері тоқтап, бірге жүруге шақыра бастады. Мен ағаш күтіп тұрғанымды айтып әлекпін. Кейбірі қыдырып, көңіл көтерейік деп мазамды алды. Іштей үрейленіп тұрсам да, КамАЗ-ды күтуден басқа амалым жоқ болды. Солай 1 сағаттан соң ағаш тиелген көлік те келді. Жүргізуші менен музейден келгенімді сұрап, анықтаған соң ғана көлікке отырдым. Баратын жерге жеттік.
Кейін осы оқиғаны достарыма айтсам, олар таңғалып, неге жалғыз барғанымды сұрап ұрысты. Сөйтсем, мен тұрған бұрылыс жеңіл жүрісті қыздарға арналған орын екен. Оны білмеппін. Қайта Құдай сақтапты деп ойлаймын.
Осылайша, музейдің ғимаратын жөндеуге қажетті заттарды да таптық. Сол кезде директор болсам да, кез келген істің соңынан өзім жүгіретінмін. Өйткені, өз жұмысыма өте адал болдым. Музейді дамыту үшін ештеңеден аянбай, басымды осындай қауіпке тіккен кездер де болды.
Әрине, көп жұмысты өзім жалғыз атқарған жоқпын. Өмірде маған адал, еңбекқор және сенімді жандар жолықты. Солармен бірге иық тіресе еңбек еткен тағдырыма ризамын. Атап айтқанда, Айтжан Бәделхан, Бекмұхамед Исламұлы, Қуандық Қалиев, Қуаныш Шайзатдинов, Мәруан Хамитова, Татьяна Корешкова, Тамара Бобылева, Әлия Саматова, Ербол Қайыров және басқа да азаматтар бар. Барлығының есімін атап шығу мүмкін емес. Кезінде менімен бірге жұмыс істеген барша жанға зор алғыс айтамын. Әсіресе, 15 жылдан астам уақыт бойы жанымнан табылып, көп көмектескен Мағзия Қайырбекқызына да ерекше ризашылығымды білдіремін.
– Кезінде бұл мекемені көпшілік қазақ музейі деп ойлады дедіңіз ғой. Бірақ еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары да ұлттық құндылықтарды насихат-тауға қатысты қайшылықтар болғаны жасырын емес. Сіздер мұндай жағдайларды бастан кештіңіздер ме?
– Әрине, қастандық жасалды деп ойлаймын. Музейде екі рет өрт болды. Біріншісі 1993 жылы 22 наурызда музейдің ашылғанына бір жыл толған кезде орын алды. Сол күні мерекелік шара өткізіп, еліміздің ғарышкерлері келіп, оларға дастархан жайып, үйге кеш қайттық.
Әлі есімде, түнгі сағат 12.00 шамасында біреу үйіме телефон соғып, музейдің өртеніп жатқанын айтты да, тұтқаны қоя салды. Ұйықтап жатқан киімімді де ауыстырмастан, такси шақырып, бауырымды ертіп музейге жүгірдім. Барсам, төбеден қара түтін шығып жатыр, өрт сөндірушілер жүр екен. Ішке кіріп, кабинетімдегі құжаттар мен заттарды жинастыра бастадым. Бір өрт сөндіруші жарықты өшіруімді ескертті. Кейін қызметкерлерімді шақырып, кітаптар мен жиһаздарды сыртқа шығардық. Түнімен сонда жүрдік. Ертеңінде көзім ісіп, түтіннен уланып қалғаным белгілі болды. Бір аптадай емделдім. Кейін тергеу басталды. Басында өрт электр сымдарының тұйықталуынан болды деген болжам айтылып, қауіпсіздікті сақтамағанымыз үшін айып тағылды. Алайда біраз күннен кейін аула сыпырушы Владимир Шведц деген азамат ғимараттың сыртынан іші қап-қара болып қалған үш литрлік банка тауып алды. Бұл күдікті зат туралы жаңа тергеуші Марат Рымбаевқа айтып, оқиғаны қайта баяндадым. Ол өрт кезінде жарық жанып тұрғанын естіп, тергеу бағытын өзгертті. Яғни, кінәлі емес деген шешім шығарды. Арада біраз уақыт өткенде, тағы да өрт шықты. Таңғы сағат 4.00-5.00 шамасында күзетші әйел үйге хабарласып, музейге тағы да өрт қойылғанын айтты. Жылап-еңіреп жүгіріп барсам, кіреберістің бір қанаты жаныпты. Күзетші екеуміз су тасып жүріп, сөндіріп алдық. Мен полиция шақырдым. Олар үйретілген итпен келді. Сөйтіп, әлгі ит жер иіскелеп жүгіріп отырып, ескі шіркеу маңындағы бір сарайға алып барды. Сол жерде бірнеше басқа ұлттың азаматтары ішімдік ішіп, көңіл көтеріп отыр екен. Кейін полициялар бұл оқиғаны ұсақ бұзақылық ретінде қарастырғанын айтты. Мен бұл жағдайдың жай ғана бұзақылық болғанына күмәндандым. Мұның артында бір саяси мақсат жатқан сияқты деп ойлаймын.
Ең бастысы, сол кезде музейдің мол мұрасын аман алып қалуға тырыстық.
– Әңгіме басында музейде түрлі іс-шаралар көп өткенін атап өттіңіз. Сонда қызметкерлер осындай іспен айналысып жүргенде ғылыми зерттеу жұмыстары ақсап қалған жоқ па?
– Шаралар өте көп өтетін. Мысалы, Абайдың 150, 155 жылдық мерейтойлары кезінде 20–30-ға дейін іс-шара ұйымдастыратынбыз. Қаламен шектелмей, аудандарды да қамтитынбыз. Бірақ зерттеу жұмысын да қатар алып жүрдік. Көбінесе бұл іспен Айтжан Бәделхан ағамыз айналысты. Ол Бісміллә Балабеков туралы деректерді іздеп, мұрағаттарға барып, шығармаларын қарап, мәліметтерді тексерді. Жүсіпбек Аймауытовты бірнеше қызметкеріміз зерттеді. Мәшһүр Жүсіптің мұрасын Торайғыров университетінің ғалымдарымен бірге қарастырдық. Басқа қалалардың мұрағаттарына да хат жазып, жерлестеріміздің мұраларын іздейтінбіз. Бірде Жүсіпбек Аймауытовтың бір кітабы Қарағандыдағы туыстарында сақтаулы тұр деген хабар алдық. Іздеп барып, иесімен сөйлесіп, ақысын төлеп сатып алдық. Бұл да оңай жұмыс емес. Естайдың тойына музыкатанушы Борис Ерзакович келгенде, Айтжан ағамыз оның қолымен жазылған Естай әндерінің ноталарын алып, музей қорына қосты.
Жалпы, мен директор болған уақытта қорымызда 200-ге жуық тұлға туралы ақпарат бар еді. Олардың жартысынан астамы зерттелді деуге болады. Дегенмен, әлі де зерттелмеген мұра көп деп ойлаймын. Мысалы, Торайғыровтың қолжазбасы бар деген деректі естіп, талай мекемеге хат жазып, іздестірдік. Бірақ нақты нәтиже болған жоқ. Меніңше, Ертіс-Баян өңірінің тарихын әлі де терең зерттеу керек. Ғалымдарымыз бірқатар тұлға туралы ғылыми жұмыстар жазды. Өзге де азаматтардың өмірін, шығармаларын, елге сіңірген еңбегін түгендеу қажет. Тарихымызды толық тану үшін ізденіс тоқтамауы тиіс.
– Бүгінде жасанды интеллект саласы дамуда. Осындай заманда музейдің, архив пен кітаптың маңызы төмендеп кетпей ме? Сондай-ақ, цифрландыру туралы ойыңыз қалай?
– Интернетке де ақпаратты адамдар енгізеді ғой. Егер дерек интернетке түспесе, жасанды интеллект тауып бере алмайды. Әсіресе, қазақ тіліндегі тарихи мәліметтер әлі де аз. Айталық, 60-ыншы жылдары жарық көрген кітаптарды, қолжазбаларды кім толық цифрландырып, ғаламторға енгізіп жатыр? Қаншама құнды ақпарат әлі кітапханалар мен мұрағаттарда тұр. Сондықтан жасанды интеллектті пайдаланғанда өте мұқият болу керек. Интернеттен бір мәліметті алып, тексерместен тарату оңай. Бірақ тарихи дерекке келгенде бұлай жасауға болмайды. Ақпаратты мұрағаттан тауып, бірнеше дерекпен салыстырып, тексеріп барып жариялау қажет.
Музей қызметкерлерінің айтқанына, жазғанына адамдар сенеді. Демек, біздің жауапкершілігіміз де үлкен. Қате мәлімет тараса, кейінгі ұрпақты шатастыруымыз мүмкін. Цифрландыру керек, әрине. Бірақ тарихи шындықты бұрмаламай, деректің дәлдігіне көз жеткізуіміз қажет. Бұл – жай ғана техникалық жұмыс емес, үлкен жауапкершілік.
– Ел арасында «жас буын музейге бармайды, қызықпайды» деген пікір жиі айтылып жатады. Қазіргі заманда оларды музейге тарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Өкінішке қарай, қазіргі жас ұрпақ телефонға өте көп қарайды. Бірақ бұл олардың тарихқа мүлде қызықпайтынын білдірмейді. Мәселе – мұраны қалай таныстыратынымызда. Мысалы, бастауыш сынып оқушыларын музейге қызықтыруға болады. Жүсіпбек Аймауытовтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Всеволод Ивановтың кім болғанын айтып қана қоймай, олардың пайдаланған заттарын көрсетіп, өмірін қызықты етіп жеткізу керек. Ересектерге де көрмені аралап шығыңыздар деп айта салу жеткіліксіз. Дөңгелек үстел, пікірталас, шығармашылық кездесу ұйымдастырып, оларды әңгімеге тарту қажет. Адамдарға өз ойын айтуға мүмкіндік берген жөн. Қазір көпшілік бір тақырыпта сөйлесетін, пікір алмасатын орта іздейді. Тіпті, жақын туыстардың өзі бұрынғыдай бір-біріне қонаққа бара бермейді. Осындай кезде музей рухани ләззат алып, пікірлесетін ортаға айналуы керек.
Иә, музей жәдігер жинап, сақтайтын қойма ғана болмауға тиіс. Ондағы әрбір құнды дүние халықтың игілігіне жарауы қажет.
– Мәдениет саласында 45 жылға жуық еңбек етіпсіз. Көпті көрген жан ретінде бүгінгі жүйеде сізді не алаңдатады?
– Мәселе көп. Соның бірі – қағазбастылық. Мәдениет қызметкерлері құжат толтырумен айналысып, халықпен жұмыс істеуге уақыт таппай жатады. Қазір көптеген іс-шара өтеді, бірақ жылулық пен шынайылық жетіспейді. Кейбір мекемелердің басшылары сол шараларға қатыспай, кабинеттерінде қағаздан бас алмай отырады.
Мен директор болған кезде музейдегі жиындарға өзім қатысып, сөз сөйлейтінмін. «Басшысыз — ел жетім, иесіз — жер жетім», – демекші, мекеме басшысы араласпаса, іс-шара да өз деңгейінде өтпейді деп ойлаймын. Басшының міндеті – тек есепке қол қою емес, ұжымымен бірге жұмыс істеу, халықпен араласу.
Тағы бір жүрегіме бататыны – қазір мәдениет мекемелерінде «салқындық» қатты сезіледі, яғни үлкенді сыйлау, ардагерлерді құрметтеу деген құндылықтар әлсіреп бара жатқандай. Біз де осы саланың ыстығы мен суығына төзіп, талай жыл еңбек еттік. Бірақ кейде мерекелерде бір ауыз хабарласып, хал-жағдай сұраудың өзі ұмыт қалғандай көрінеді. Мен мұны өзіме құрмет көрсетсін деп айтып отырған жоқпын. Шүкір, өз жағдайым өзіме жетеді. Бірақ адамның көңілін ешбір дүние алмастыра алмайды. Көп уақытын осы салаға арнаған жандардың еңбегін кейінгі ұрпақ ұмытпаса екен деймін. Менің қызым да кейде:
– Мама, кезінде жұмыс деп жүгіріп жүріп бізге аз уақыт бөлдің. Енді неге өзіңді ешкім іздемейді? –
деп қояды. Рас айтады. Бірақ мен ешкімге өкпелемеймін. Тек мәдениет саласында адами қарым-қатынас пен жанашырлық азаймаса екен деген тілегім бар.
– Сонда да еңбегіңізді бағалап, марапаттап жатқандар бар шығар… Жалпы, атақ-даңққа көзқарасыңыз қалай?
– Кезінде «Нұр Отан» партиясында қоғамдық жұмыстарға белсенді араластым. Қазір сол кездегі әріптестерім мен жастар хабарласып, мерекелерде шақырып, Алғыс хаттармен марапаттап жатады. Оларға ризамын.
Ал атақ-даңққа ешқашан қызыққан емеспін. Жас кезімізде комсомолда жүргенде, «Неге бізді марапаттамайды, тынымсыз жұмыс
істеп жүрміз ғой», – деп қыңқылдайтынбыз. Сонда үлкендер сұрап алған марапаттың түк құны болмайтынын айтып, оған қызықпаңдар дейтін. Сол сөз өмірлік ұстанымыма айналды. Ешқашан біреудің алдына барып, марапат сұраған емеспін.
Мәдениет саласында жарты ғасырға жуық еңбек етсем де, мемлекеттік награда алып көрмеппін. «Қайраткер, басқа да анау-мынау» деген атағым да жоқ. Кейде аз жыл жұмыс істеп, түрлі медаль алып жатқан адамдарды көргенде таңқаламын. Кейбіреулер облыс алдына сіңірген еңбегі үшін марапатталып, облыстың Құрметті азаматы атанып жатады ғой. Ал мен үшін халықтың құрметі бәрінен де маңызды. Қайда барсам да, адамдар танып, «Музейдің директоры болдыңыз ғой», – деп жағдайымды сұрап жатады. Соған қуанамын.
– Зейнетке шықсаңыз да музейлердің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеп, тарихи деректерді іздеуді жалғастырып жүрсіз. Қазір қандай жобалармен айналысудасыз?
– Ақтоғай ауданының өлкетану музейінің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеп, музейін жасақтадым. Одан кейін Аққулы, Успен аудандарының музейлеріне атсалыстым. Кемеңгер ауылының да тарихы терең екен. Сол елді мекеннің тарихын зерттеп, музейін жасап шығардым. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында Естайға арналған бұрыш ұйымдастырдым. Облыстық соттың музейін жасақтадым, қазір облыстық прокуратураның музейін құрумен айналысып жүрмін.
Бастысы, өзіме бұл жұмыс ұнайды. Ғылыми тұжырымдама әзірлегенде мұрағатқа, кітапханаға барып, көп ізденемін. Кейде бұрын белгісіз болып келген тың деректерге тап боламын. Мысалы, Успен ауданының музейін жасақтағанда жергілікті әкімдіктен осы өңірден қанша Социалистік Еңбек Ері шыққанын сұрадым. Алғашында ондай адам жоқ деген жауап алдым. Мен мүмкін емес деп мұрағатқа барып, зерттеп, ауданнан төрт Социалистік Еңбек Ері шыққанын анықтадым. Олардың өмірбаяндары мен суреттерін тауып, музейге енгіздім. Жастар өз ауданының тарихын білуі керек қой.
Тағы бір қызықты дерек, соғыс жылдарында Успен ауданында сабын қайнатып, майданға жіберген екен. Мұны жергілікті тұрғындар да біле бермейді. Мұрағатты ақтарғанда осындай құнды деректердің табылып жататыны мені қызықтырады.
– Аудандарда жаңа музейлер ашылып жатыр дедіңіз. Бірақ олардағы жәдігерлердің сақталуы мен қорғалуы қалай қамтамасыз етіледі? Бұл жағы сізді толғандыра ма?
– Әрине, алаңдатады. Музей ашумен қатар, оны дұрыс жүргізу де үлкен мәселе. Өкінішке қарай, аудандарда музейге арнайы маман бөлінбейді. Кітапханашыларға немесе мәдениет үйінің әдіскерлеріне қосымша жүктеп, азын-аулақ үстемеақы береді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Музейдің өз жауапты маманы болуы керек. Әр жәдігер тіркеліп, инвентарлық кітапқа енгізілуі тиіс. Оны сақтау, күтіп ұстау, қорғау тәртібі бар. Бұл жұмыс жүйелі жүргізілмесе, құнды дүниелер жоғалуы немесе бүлінуі мүмкін.
Тағы бір мәселе – кейбір аудандарда музей жоқ. Бұл дегеніміз – сол өңірдің тарихы жоқ деген сөз емес. Мұрағатта бар тарихты жинап, сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізетін орын мен маман болмаса, сол мұраның ескерусіз қалу қаупі бар. Өз басым он шақты музей ашуға атсалыстым. Енді оларды одан әрі дамытып, мамандармен қамтамасыз етіп, қорларын жүйелеу қажет. Тарихымыз кезінде талай бұрмаланып, тұмшаланды. Оны қайта түгендеп, жаңғырту үшін мемлекет тарапынан қолдау керек.
– Әңгіме соңында отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз…
– Отбасымда бір ғана қызым бар. Есімі – Мәлика. Биыл 29 жасқа толады. Ол цифрлық өнермен айналысады, планшетпен сурет салады. Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің архитектура факультетін бітіріп, магистратурада оқыды. Қазір елордадағы IT университетінде сабақ береді. Жас суретшілер одағының мүшесі. Екі жыл бұрын Астанада жеке көрмесі өтті.
Ал өзім Павлодар қаласында тұрамын. Анда-санда Астанадағы үйіме барып кетіп отырамын. Өмірім осылай өтіп жатыр.
Ең бастысы, адам қолынан келгенше еңбек етіп, артына пайдалы іс қалдыруға тырысуы керек деп ойлаймын. Зейнетке шықсам да осы жолда ерінбей еңбектеніп жүрген жайым бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.
