Заң мен тәртіп – ортақ міндет!

Қаз 16, 2026

«Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік ең алдымен заңға деген құрметтен басталады. Себебі, заң үстемдік құрған жерде ғана тәртіп орнап, азаматтардың құқығы қорғалады.

Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатының түпкі мақсаты да құқықтық мәдениеті жоғары, жауапкершілігі мол, қауіпсіз қоғам қалыптастыру екені түсінікті. Осы бағытта облысымызда қандай жұмыстар жүргізілуде? Нәтижесі қалай? Бұл сұрақтарға баспасөз мәслихатында жауап алдық.

Жүйелі жұмыс жүргізілуде

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру бүгінде барлық мемлекеттік органның маңызды әрі басым міндеттерінің біріне айналып отыр.

– Бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы ұйымдастырылуда. Апта сайын жобалық офиске акцентті шаралардың желілік кестесі ұсынылып тұрады. Мәселен, 2026 жылы «Заң мен тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру аясында өңірімізде 2 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда облысқа қарасты қалалар мен аудандарда 700 мыңға жуық адамды қамтыған 1 500-ден астам шара ұйымдастырылды, – дейді Жаннұр Ахметжанова. Оның айтуынша, аймағымызда құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған форумдар, акциялар, диалог алаңдары мен профилактикалық жобалар тұрақты түрде өткізілуде. Соның ішінде 5 мың жасты қамтыған «Волонтер. Заң. Тәртіп. Болашақ» атты облыстық жастар форумы, «Face To Face: Заң & Жастар», «Заң vs Әділдік», «Әділет жолы», «Заң.Lab», «Тура жол» секілді жобалардың орны ерекше екенін атап өткен жөн.

– Жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруда «Заң және тәртіп» идеологиясының амбассадорлар институты маңызды құралға айналып отыр. Олар жастарға заң талаптарын түсіндірумен қатар, қоғамдық белсенділік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетуде. Жастар іс-шараларда тұрақты түрде спикер ретінде сөз сөйлеп, «тең – теңімен» форматында құқықтық мәдениет ұстанымдарын жеткізеді және қатарластарын қоғамдық маңызы бар іс-шараларға, құқықтық мәдениетті арттыруға белсенді қатысуға шақыруда. Сондай-ақ, құқықтық сауаттылықты арттыру жұмысы білім беру ұйымдарын да қамтитынын айта кеткен жөн. Мектептер мен колледждерде «Заңмен дос боламыз», «Құқықтық сағат» қауіпсіздік сабақтары, қаржылық қауіпсіздік бойынша іс-шаралар өткізіліп, буллинг, кибербуллинг, алаяқтық, жол және өрт қауіпсіздігі мәселелері түсіндіріліп келеді. Нашақорлықтың алдын алу, лудоманиямен күрес, отбасылық құндылықтарды нығайту бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік желілерде 1500-ден астам бейнеролик жарияланып, жастармен коммуникацияның заманауи формаларын қолдануға басымдық берілуде, – дейді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы бөлімінің басшысы. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстар әр салада жүйелі түрде қолға алынуда екен. Солардың бірқатарына тоқталар болсақ, денсаулық сақтау саласы бойынша облыстық психикалық орталықта жыл басынан бері психобелсенді заттарды тұтынудың алдын алуға бағытталған онкүндіктер, өзге де мазмұнды шаралар ұйымдастырылуда. Соның аясында жастарға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, түрлі кездесулер, дәрістер және профилактикалық әңгімелесулер өткізілуде.

Әлеуметтік қорғау саласында да «Заң мен тәртіп» идеологиясы бойынша жыл басынан бері тұрақты түрде бос орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылып, оған қатысушыларға құқықтық қауіпсіздік тақырыптары бойынша кеңестер беріліп келеді.

Ал мәдениет мекемелерінде құқықтық мәдениетті насихаттау мақсатында арнайы қойылымдар көрсетілуде. Мысалы, сәуір айында Чехов атындағы облыстық драма театрында «Чиновник» спектаклі қойылып, оны 300-ден астам көрермен тамашалаған. Жыл бойы музейлерде «Заңды орта» көрмелері, дөңгелек үстелдер, кітапханаларда «Заң мен тәртіп –
қауіпсіздік кепілі» арнайы кітап көрмелері өтуде. Сонымен қатар, қыркүйек айында «Ертіс Променад» сахнасында ұсынылған «Отан Ана» атты «Самиян» вокалдық тобының шығармашылық кешінде де заң мен тәртіп құндылықтарын мәдениет пен өнер арқылы насихаттауға ерекше мән берілген. Сондай-ақ, тұрғындар арасында «Заң мен тәртіп» идеологиясын, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда визуалды бейне арқылы көрнекілікті арттыру бағытында «Тәртіпбек» арнайы маскоты әзірленгенін айрықша атап өткен жөн.

– Биыл жыл соңында, яғни желтоқсан айында «Заң мен тәртіп» идеологиясы бағытында жыл бойы атқарылған жұмыстың қорытындысы ретінде және алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындау мақсатында «Заң.Kz» форумы өтетін болады. Осы шара құқықтық және құқық қорғау саласының басты қорытынды алаңы болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғасын таба береді.

Бастысы, облысымызда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға барлық басқарма, қала мен аудан әкімдіктері белсенді үн қосуда, – деді Жаннұр Ахметжанова. Сондай-ақ, ол ендігі кезекте профилактикалық іс-шараларды тереңдетуге, амбассадорлар институтын нығайтуға, медиа кеңістіктегі ақпараттар аясын кеңейтуге және өңірдегі әр тұрғынының әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.

Нәтиже қалай?

Павлодар облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар оң нәтиже беруде. Оған облыстағы қылмыстың азайғаны дәлел болса керек.

– Аймағымызда биыл «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында көп жұмыс жүргізіліп, өз жемісін беруде. Мысалы, осы жылы облыста қылмыс 21,9 пайызға төмендеп отыр, – дейді ол. Оның сөзіне қарағанда, әсіресе, жастар арасындағы қылмыстың азайғаны байқалады. Айталық, былтыр жастар арасында 44 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 26-ға дейін төмендеген. Яғни, қылмыс саны шамамен 40 пайызға қысқарған.

– Жалпы, Павлодар қаласында да оң динамика бар. Өткен жылмен салыстырғанда биыл аса ауыр қылмыстар, оның ішінде кісі өлімі тіркелген жоқ. Полиция қызметкерлері тарапынан отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жастар арасында қылмысқа жол бермеу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Алайда профилактикалық шаралардың
әлі де өзекті екенін ескерген жөн. Мысалы, жыл басынан бері 8 326 азамат мас күйінде сауықтыру орталығына жеткізілген. Отбасылық-тұрмыстық салада 4 мыңнан астам қорғау ұйғарымы шығарылған. Бұл көрсеткіштер құқық бұзушылықтың салдарымен күресумен қатар, оның алдын алуға, отбасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың жауапкершілігін арттыруға баса мән беру керектігін көрсетеді, – дейді Азамат Күркебаев.

Жастарға жауапкершілік қажет

Павлодар облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Жандарбек Қабдраштың айтуынша, жастармен жүргізілетін жұмыстың негізгі мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру. Осы мақсатта 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында орталық «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында 76 іс-шара өткізіп, 3 899 адамды қамтыған.

– Жастармен құқықтық сауаттылық, киберқауіпсіздік, тәуелділіктің алдын алу, отбасылық құндылықтар тақырыптарында кездесулер мен диалог алаңдары ұйымдастырылды. «Нашақорлыққа жол жоқ! Күшіміз бірлікте!» облыстық антинаркотикалық форумы, «Face to Face: Заң & Жастар» диалог алаңы, «Әділет жолы» профилактикалық экскурсиялары секілді жобалар жастардың құқықтық білімін арттыруға бағытталды. Бұл жұмыста
«Заң және тәртіп» идеологиясының 7 амбассадоры белсенділік танытып келеді. Олар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық мәдениет, қауіпсіздік және жауапты азаматтық ұстаным мәселелерін қатарластарына қолжетімді тілде жеткізуде, – дейді Жандарбек Қабдраш. Ол сондай-ақ, облысымызда «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету тек бір реттік акциялармен ғана шектеліп қалмай, тұрақты әрі кешенді сипат алып отырғанын мәлім етті. Бұл ретте, ел болашағы болар жастардың да заң мен тәртіпке бағынып, осы бағыттағы іс-шараларға белсенділік танытып отырғандарын атап өткен жөн.

Десе де, жастар өз құқықтарын жетік біліп, әрдайым қоғам және болашақ отбасы алдындағы жауапкершіліктерін түсіне білулері қажет, дейді мамандар.

Осылайша, облысымызда «Заң және тәртіп» идеологиясын сәтті жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік органдар, полиция, жастар ұйымдары, білім беру мекемелері жұмыла жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде, заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін, қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарайтын азаматтар қатары артады деген сенім бар.

Нұржайна ШОДЫР.