Ветеринарлық нысандар салынуда

Қаз 29, 2026

Екібастұз аумағында бүгінде 8 ветеринарлық пункттің құрылысы аяқталуда. Солардың бірқатарына қала әкімі Аян Бейсекин арнайы барып, құрылыс барысымен танысты.        

Бұл туралы шаһар басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті. Сегіз ветеринарлық мекеменің алтауы аулыдық елді мекендерде бой көтеруде. Атап айтсақ, Сарықамыс, Тай, Байет, Бесқауға, Құдайкөл ауылдары мен Шідерті кентінде салынып жатыр. Ал Екібастұз қаласының өзінде ветеринарлық станция және үлгілік мал қорымы қолданысқа беріледі. Қала әкімі Шідерті кентіндегі пунктке арнайы барды. 204 шаршы метр аумақты алатын нысанның құрылысы аяқталуда.

– Ең бастысы, сапасына және уақытылы аяқталуына мән беру керек. Бұл нысандардың құрылысы Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыс әкімінің қолдауымен іске асуда. Ветеринарлық инфрақұрылым әрі қарай дамытылады. 2024 жылы зертхана қайта іске қосылды. Екінші кезеңде ветеринарлық пункттер жаңартылып, жаңадан салынып жатыр. Мұның бәрі ел үшін, ветеринарлық эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса қажет, – деді Аян Бейсекин.

Екібастұз ауылдық округіне қарасты Тай ауылындағы нысанның да құрылыс алаңына барды. Мұнда да жұмыстар аяқталуға шақ қалған.

Г.МАҒЖАН.

Екібастұз қаласы

 

Басым бағыттар
белгіленді

Аудан орталығында ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларының қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды.  

Кеңейтілген мәжілісте күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Алдымен аудан әкімі Ернұр Әйткенов пен ауылдық округ әкімдері арасында жасалған меморандум талаптарының 2026 жылдың үшінші тоқсанындағы орындалу барысы қаралды. Әр ауылдық округ бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу мәселесіне назар аударылды. Кейін 2026 жылдың тоғыз айындағы өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру қорытындылары талқыланды. Жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер нақтыланды.

Жиында айтылған ұсыныстар мен тапсырмалар ауданның алдағы кезеңдегі жұмыс бағыттарын айқындап, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі ілгерілетуге бағытталды.

А.БОРАНБАЕВА.

Ақтоғай ауданы

 

Еңбек даңқы –
елге құрмет!

Республика күні қарсаңында Аққулы ауданындағы «Еңбек даңқы» аллеясында осы өңірдің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып, ел игілігі жолында ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек еткен бірқатар азаматтардың есімдері жаңартылды. 

Мерекелік шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтерілді. Рухы биік, мағынасы терең бұл рәсім ел бірлігін нығайтып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыра түсті. Сондай-ақ, бұл күні «Еңбек даңқы» аллеясындағы есімдер жаңартылып, туған жердің дамуына ғұмырын арнап, адал еңбегімен ауданның өркендеуіне жол ашқан азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді.

– Бұл – маңдай терімен ел игілігін еселеген еңбек адамдарының өнегелі жолын ұлықтап, олардың есімдерін кейінгі ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, туған жерінің гүлденуіне үлес қосқан азаматтардың өмір жолы мен еңбегі әрдайым құрметке лайық, – деп атап өтті аудан басшысы Асқар Қадырұлы. Сонымен қатар, ол жетістікке жеткен бір топ аққулылық азаматты марапаттап, айтулы мерекемен құттықтады.

Н.АҚЫТЕГІ.

Аққулы ауданы

 

Жолдар қысқа дайын ба?

Баянауыл ауданында қыс-көктем айларында автомобиль жолдарын күтіп ұстау мәселесіне баса назар аударылуда. Осы мақсатта арнайы жиын өтіп, оған жол жөндеуге және тазалауға жауапты мердігерлер шақырылды.     

Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, жолдардың үздіксіз әрі қауіпсіз қатынасын қамтамасыз ету үшін 6 мердігер ұйыммен 3 жылға келісімшарттар жасалған.

Атап өтерлігі, бүгінгі таңда Баянауылда аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 15 бағыт бойынша жалпы ұзындығы 325 шақырымды құрайды.

Аталмыш жиын барысында былтыр қыс мезгілінде орын алған кемшіліктер талқыланып, жауапты тұлғаларға нақты ескертулер жасалды. Мердігерлерге жолдарды қардан уақытылы тазалап тұру, инертті материалдар қорын жеткілікті деңгейде дайындау, арнайы техникалардың әрдайым әзір болуын қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар кезінде шұғыл әрекет жасау керектігі қатаң тапсырылды. Сондай-ақ, аудан басшысы тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі басты назарда екенін айтып, жауапты тұлғаларға қысқы мерзімде ауылдар мен аудан орталығы арасындағы жол қатынасында қиындықтар болмауы үшін сапалы жұмыс істеу керектігін қадап айтты.

Н.ШОДЫР.

Баянауыл ауданы

 

Оқушылардың еңбектері таныстырылды 

Республика күніне орай Май аудандық Оқушылар үйінде «Адал азамат – адал еңбек» тақырыбында бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды.     

Көрмеге оқушылар мен ұстаздардың қолынан шыққан шығармашылық туындылар қойылып, қатысушылар өздерінің өнерге деген сүйіспеншілігін, шеберлігі мен қиялының ұшқырлығын танытты. Әрбір жұмыстан туған жерге деген ыстық ықылас, Отанға деген құрмет пен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік айқын көрініс тапты.

Осындай шығармашылық шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, ел тарихын құрметтеуге, ұлттық мұраны бағалауға және адал еңбек етуге тәрбиелейді. Өнер арқылы балалар өздерінің туған елге деген сезімін жеткізіп, тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген сенімін білдіреді.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

Май ауданы

 

  Жәрмеңке өтті

Шарбақты ауданында Республика күніне орай ауыл шаруа-шылығы жәрмеңкесі өтті. Оған тұрғындар белсенді қатысып, азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алды.       

Мерекелік жәрмеңке барысында шарбақтылықтарға қой, сиыр, құс еттері мен май, ірімшік, құрт, жарма, басқа да сүт өнімдері және түрлі көкөністер нарықтағыдан едәуір төмен бағамен ұсынылды. Сонымен қатар, отын да арзандатылған бағада сатылды. Жәрмеңкеге келген тұрғындар өздеріне қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып алып, мәз-мейрам болып тарқасты.

Бұл игі шараның басты мақсаты – аудан халқын сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етіп, мерекелік күннің мәнін арттыру, дейді жергілікті кәсіпкерлер.

Әлеуметтік жәрмеңкені ұйымдастыру-шылардың айтуынша, аудан тұрғындарына арналған мұндай қолдау шаралары алдағы мерекелер қарсаңында да жалғасын табады деп жоспарлануда.

Н.ШОДЫР.

Шарбақты ауданы