ҚАЗАҚ терминологиясының цифрлық алаңы

Қаз 29, 2026

Қазақ тілінің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуде электрондық жүйелер мен түрлі цифрлық платформалардың мүмкіндігін пайдалану – заман талабы. Мұндай заманауи құрылғылар мемлекеттік тілді үйренуге ғана емес, сонымен қатар, жаңа терминдерді қоғамның әр саласында қалыптастыруға да жол ашады.  Осы тұста «Termincom.kz» порталының жан-жақты қарастырылған мүмкіндіктерін ерекше атап өтуге болады.

«Termincom.kz» – қазақ тіліндегі терминдер қорын жинақтап, жүйелеп,  пайдаланушыларға ұсынып отырған бірегей ауқымды электрондық платформа. Бүгінде сайт қорында 390 мыңнан астам термин жинақ-талған және терминологиялық база тұрақты түрде толықтырылып отырады. Порталдың негізгі бетінің өзінде сегіз бөлім бар. Олар – «Термин», «Алаң», «Мақалалар», «Кітаптар», «Библиография», «Тарих. Дерек. Тұлға», «Мектеп терминологиясы», «Мониторинг» деп аталады. Әр бөлімнің өзінің атқарар жүгі мен тапсырмалары бар. Мәселен, терминология саласына қатысты сұрақтардың барлығын «Термин» бөлімінен таба аласыздар. Бұл бөлімде қазіргі таңда 43 мыңға жуық термин бар. Яғни,  сөздердің қолданылатын саласына байланысты қазақша және орысша аудармалары  берілген. Ал «Алаң» айдары-көптеген тіл жанашырлары мен сарапшылардың басын қосқан бөлім. Яғни, кез келген қолданушы осы бөлімге сарапшы ретінде тіркеліп, жаңа терминдерге қатысты ой айтып, пікір білдіруге болады. Сонымен қатар пайдаланушылар ғылыми мақалалармен, терминологиялық бюллетеньдермен, сөздіктермен, жинақтармен және тілге қатысты ғылыми-зерттеу еңбектермен таныса алады. Осы «Алаң» бөлімінде республикалық терминология комис-сиясының мүшелері туралы да мәліметтер сақталған. Атап айтар болсақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, Байменше Серікқали, Шерубай Құрманбайұлы бастаған тіл мамандары бар.

«Termincom.kz» –  ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы тарапынан әзірленген. Порталдың басты ерекшелігі – түрлі ғылым мен қоғамдық қызмет салаларына қатысты терминдерді бір жерден іздеп, олардың қазақша баламаларымен танысуға мүмкіндік беруі. Мұнда ауыл шаруашылығы, медицина, білім, құқық, экономика, техника, ақпараттық технологиялар және басқа да бағыттар бойынша терминдер қамтылған.

«Termincom.kz» порталының тағы бір маңызды ерекшелігі – терминдерді талқылауға қатысуға және терминология саласындағы мамандармен, ғалымдармен байланыс орнатуға жағдай жасап қойған. Тіркелген пайдаланушылар жаңа терминдерді қабылдау үдерісіне өз үлесін қоса алады. Ал терминологиялық алаңда ұсынылған терминдерге қатысты сараптамалық пікірлер мен ұсыныстар жарияланады. Бұл платформа аудармашыларға, мұғалімдерге, студенттерге, ғылыми қызметкерлерге, журналистерге, мемлекеттік қызметшілерге және қазақ тілінің қолданысына қызығушылық танытатын барша оқырманға пайдалы. Әсіресе кәсіби мәтіндер мен ресми құжаттарды әзірлеу кезінде сөздердің дұрыс әрі бірізді қолданылуына көмектеседі.

– Платформаның басты мақсаты – қазақ тіліндегі ғылыми, техникалық, қоғамдық-саяси және кәсіби терминдердің қорын жинақтау, жүйелеу, сараптау және оларды кеңінен пайдалануға мүмкіндік жасау. Бүгінде сайт қорында 390 мыңнан астам термин жинақталған және терминологиялық база тұрақты түрде толықтырылып отырады. Осылайша, Цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы қазақ тілінің ғылыми және кәсіби салалардағы қолданыс аясын кеңейтуге болады. Termincom.kz – ұлттық терминологияны дамытуға, тілдік сауаттылықты арттыруға және қазақ тіліндегі сапалы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды электрондық ресурс екенін сеніммен айта аламыз, — дейді «Termincom.kz» порталының әкімшілігі.

Тілеуберді САХАБА