Инклюзивті білім қолжетімді ме?

Қар 5, 2026

«Инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде».

 ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның

 өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.

Ел Президенті халыққа Жолдауында ерекше балалардың ел қатарлы білім алу мәселесіне екпін беріп, осы бағыттағы жұмыстарды ширату керектігін қадап айтты. Бұл ретте, аймақтағы ахуал қалай? Өңірімізде инклюзивті білім беру ісі қалай жүріп жатыр? Мамандар жеткілікті ме? Осы және өзге де сұрақтарымызға облыстық білім беру басқармасының балалардың құқығын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы Жібек Оразбайқызы Айтмұхамбетова жауап береді.

– Жібек Оразбайқызы, қазіргі таңда аймағымызда ерекше білім беруді қажет ететін неше бала бар және олардың қаншасы балабақшаға, мектепке, колледжге барады? Сондай-ақ, неше жеткіншек білім алу мүмкін-дігінен тыс қалып отыр? Мұндай балалардың мәселесі қалай шешілуде?

– Бүгінде облысымызда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10334 бала тіркелген. Оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарда – 2483 бала, арнайы және жалпы білім беру мектептерінде – 5770 оқушы, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 220 студент білім алады. Бұл балалардың 89,8%-ы, яғни 9 286 бала оқумен қамтылған. Ал білім алу мүмкіндігінен тыс қалған 1048 бала бар. Осы орайда аталған жеткіншектердің барлығы бірдей білім алудан негізсіз шеттетілген деп қарастыруға болмайтынын айта кеткен жөн. Себебі, олардың 424-і денсаулық жағдайына байланысты медициналық көрсетілімдер бойынша білім беру процесіне қатыса алмайды. Сондай-ақ, 3 жасқа толмаған 624 бала мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында кезекте тұр.

– Облыстағы мектептердің қаншасы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қабылдауға толық дайын? Яғни, пандус, арнайы дәретханадан бөлек, қажетті оқу құралдарымен қамтылуы қандай деңгейде?

– Өңірімізде инклюзивті білім беру ісін дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыстағы 356 жалпы білім беретін мектептің 341-інде немесе 95,5%-ында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға барлық жағдай жасалған. Мектепке дейінгі ұйымдарда бұл көрсеткіш 95,6%-ды, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 96,5%-ды құрайды. Сонымен қатар, инклюзивті білім беруге дайындық тек пандус пен арнайы санитариялық тораптардың болуымен шектелмейді. Ол ғимараттардың кедергісіз қолжетімділігін, арнайы оқу құралдарын, бейімделген білім беру ортасы мен тиісті мамандардың қолдауын қамтиды. Осы бағытта ерекше балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін арнайы ұйымдар желісі жұмыс істейді. Оның құрамында 7 арнайы мектеп пен мектеп-интернат, 10 арнайы балабақша,
4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және 13 түзету кабинеті бар. Бұдан бөлек, аутизмі бар балаларды қолдау орталығы қызмет көрсетеді. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету және мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру жұмыстары жалғасуда. Жалпы, соңғы жылдары арнайы мектептер мен мектеп-интернаттардың материалдық-техникалық базасы 181,6 млн теңгеге жаңартылды.

– Президент халыққа Жолдауында инклюзивті білім беру инфрақұрылымын   дамыту керектігін атап өтті. Осы орайда облысымызда   қандай жобалар жүзеге асырылады деп жоспарлануда?

– Облыста инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту ісі бірнеше бағыт бойынша қолға алынуда. Ең алдымен түзету көме-гінің қолжетімділігін арттыруға мән берілуде. Қазіргі уақытта аймағымызда 32 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істеп, 1026 балаға көмек көрсетуде. Сонымен қатар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде 722 бала қамтылған.Ағымдағы жыл соңына дейін тағы 4 кабинет ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл жыл соңына дейін Екібастұз қаласында жобалық қуаты 140 орындық арнайы балабақша ашылады деп күтілуде. «Дара» қорымен бірлесіп «Ерте қолдау» жобасы да іске асуда. Бүгінгі таңда облыстың психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде 3 ерте қолдау қызметі ашылды (Екібастұз қаласы, Павлодар ауданы, Железин ауданы). Бұдан бөлек, Павлодар қаласындағы №26 жалпы орта білім беретін мектеп базасында ресурстық орталық жұмыс істейді. Оның қызметі инклюзивті білім беру тәжірибесін жетілдіруге және педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.

– Шыны керек, ескі мектептердің бір бөлігі мүмкіндігі шектеулі балалардың қажет-тілігіне сай келмеуі мүмкін. Осындай ғимараттарды бейімдеу үшін облыста нақты жоспар бар ма?

– Иә, облыста білім беру ұйымдарының қолжетімді ортасын қалыптастыру және ғимараттарды ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сұраныстарына қарай бейімдеу мәселесі өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Өкінішке қарай, шалғайдағы он шақты мектепте ерекше балалардың ғимаратқа қол жеткізуіне қатысты мәселе бар. Аталған мектептердің ғимараттары ескі үлгіде салынғандықтан, олардың кіреберіс бөліктерінің сәулеттік-жоспарлау ерекшеліктеріне байланысты қолжетімді ортаны қамтамасыз ету бойынша белгілі бір шектеулер бар. Соған байланысты білім беру ұйымдарында кедергісіз орта қалыптастыру, ғимараттардың қолжетімділігін арттыру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына тең жағдай жасау мәселелері біртіндеп қарастырылуда. Сондай-ақ, соңғы 5 жылда облыста оқушы орындары тапшылығы, апатты және тозығы жеткен мектептердің орнына жаңа нысандар салу мақсатында 5028 орынға арналған 14 мектеп бой көтерді. Аталмыш мектептерде ерекше балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған.

– Ауылдық жерлердегі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың мәселесі қалай шешілуде? Яғни, олардың түзету көмегі мен инклюзивті білім алуларына мүмкіндік бар ма? Егер жоқ болса, бұған қол жеткізу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Ауылдық жерлерде тұратын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуы мен қажетті психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтеріне қол жеткізуі маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта облыста ерекше балаларға арнайы көмек көрсету мақсатында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (ПМПК) жұмыс істейді. Облыстық ПМПК мамандары бекітілген кестеге сәйкес аудандарға барып, балаларға консультациялық көмек көрсетуде. Сонымен қатар, аудандарда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері бар. Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балалардың қажетті қолдау алу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мамандар жергілікті жерлерге барып, тиісті түзету-дамыту қызметтерін ұсынып тұрады. Бүгінде Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Май, Шарбақты аудандарындағы мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды.

– Мемлекет басшысы осы салада маман тапшылығы бар екенін де атап өтті. Қазір облыста қанша логопед, дефектолог, педагог-ассистент, психолог және арнайы педагог жетіспейді? Бұл мәселені шешу үшін не істелінуде және нәтижесі қалай?

– Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы қолдау көрсетуде білікті мамандардың рөлі ерекше. Осыған байланысты педагог-ассистенттерге, логопедтерге, дефектолог және басқа да арнайы педагогтарға деген қажеттілік тұрақты назарда.

Облыстың мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарында 29 арнайы педагог жетіспейді. Атап айтқанда, 11 лого-
пед, 18 дефектолог қажет. Бос жұмыс орындарын толықтыру мақсатында білім беру ұйымдарында педагог кадрларға қажеттілік туралы конкурстар тұрақты түрде жарияланып отырады. Алайда бос лауазымдарға үміткерлердің болмауына байланысты кадр тапшылығы мәселесі шешімін таппай отыр. Бұл мәселені шешу үшін қажетті штат бірліктерін қарастыру, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында жас мамандарды тарту, бағдарлама шеңберінде үй мәселесі мен көтерме жәрдемақы ұсыну сияқты қолдаулар жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, 2026-2027 оқу жылында
Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі базасында педагог-ассистент және логопед маманын даярлау топтары ашылды. Облыстық білім беру басқармасы мен Ә.Марғұлан атындағы университет арасында арнайы педагогтерді даярлау және өңірдің білікті кадрларға деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында меморандум жасалды. Соның аясында «Логопедия» және «Дефектология» бағыттары бойынша білім алатын студенттерді даярлауға, сондай-ақ, оқуын аяқтағаннан кейін олардың облыс мектептерінде еңбек етуіне жағдай жасау көзделуде. Сол арқылы болашақта кадр тапшылығы мәселесі шешіледі деген үміт бар.

– Ерекше балаларды мектепке қабылдаудан бас тарту немесе оларды басқа мектепке ауыстыруға мәжбүрлеу жағ-дайлары орын ала ма? Егер осындай мәселе туындаса, іс қалай шешіледі?

– Әрбір баланың білім алу құқығы сақталуы тиіс. Ерекше білім беру қажеттіліктерінің болуы баланың білім алу құқығын шектеуге негіз болмауы керек. Сондықтан басқармаға келіп түсетін өтініштер мен шағымдар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралады. Өтініште көрсетілген мән-жайлар зерделеніп, қажет болған жағдайда білім беру ұйымдарынан тиісті ақпарат сұратылады және құзыретіне қарай шаралар қабылданады.

Мектепке қабылдау, білім беру жағдайларын ұйымдастыру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету мәселелері әрбір нақты жағдайды ескере отырып қарастырылады. Ата-аналар тарапынан баланың білім алуына қатысты сұрақтар туындаса, білім беру ұйымының әкімшілігіне немесе тиісті білім беру органына ресми түрде жүгінуге болады.

– Инклюзивті білім беру тек ғимарат пен маман мәселесі емес, сонымен қатар, балалардың мектепте өзін қауіпсіз сезінуі екені сөзсіз. Бұл ретте, ерекше қажеттілігі бар балаларға қатысты кемсіту, буллинг немесе қатарластарынан оқшаулау жағдайларының алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Облыстағы барлық білім беру ұйымында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі (ППҚҚ) жұмыс жасайды. Білім беру мекемесінің басшысы бекітетін ППҚҚ құрамына мектепке дейінгі ұйымның әдіскері, басшылардың орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, арнайы педагогтар, педагог-ассистенттер, педагог-кәсіби бағдар берушілер кіреді. Олар балалардың мінез-құлқы мен эмоционалдық ерекшеліктерін үнемі бақылап, терең психологиялық-педагогикалық тұрғыда зерттеп отырады. Қандайда бір қиындықтар туындаса, білім алушының ата-аналарын немесе заңды өкілдерін хабардар етіп, қажетті қолдау көмегін көрсетеді. Сонымен қатар, облыста Өңірлік психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықта балалар мен ата-аналарға білікті кәсіби психологиялық кеңес пен көмек ұсынылады.

– Осы салада қандай қиындықтар бар?

– Инклюзивті білім беруді дамыту барысында арнайы педагогтер мен басқа да бейінді мамандардың тапшылығы  қиындық туғызуда. Осы орайда білім беру басқармасы Оқу-ағарту министрлігіне еліміздің барлық жоғары орындарында «Олигофренопедагогика» бағыты бойынша мамандар даярлауды ұйымдастыру туралы ұсыныс хат жолдаған болатын.

Аталған бастама арнайы педагогтарды даярлау жүйесін жетілдіруге және өңірлердегі білікті мамандар тапшылығын біртіндеп шешуге мүмкіндік береді.

Білім беру басқармасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі басым бағыттарды толығымен қолдайды және іске асырады.

Біздің басты мақсатымыз – әрбір ерекше баланың сапалы білім алып, жеке қабілетін дамытуына және қоғамның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік жасау.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.