Өрт – тілсіз жау. Сондықтан немқұрайлық танытып, тиісті талаптарды сақтамаса, соңы өкінішті жағдайға душар етеді. Әсіресе, қыс кезінде пеш жағатын жеке үйлер үшін сақтық шараларын сақтаудың маңызы зор.
Жалындамай-ақ, ақаулы пештен шыққан иістің, түтіннің өзі қауіпті. Сондықтан сала мамандары қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырып отыр. Осы ретте, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындардан пештің мұржаларын уақытылы тазалаудың маңыздылығын ескертеді. Сонымен қатар, пештердің, электр сымдарының және жылыту құрылғыларының жарамдылығын үнемі тексеріп отыру қажет.
– Өрттің алдын алу және иіс газынан уланудан қорғанудың тиімді тәсілдерінің бірі – өрт хабарлағыштарын, сондай-ақ түтін мен иіс газын анықтайтын датчиктерді орнату. Сонымен қатар олардың жарамдылығын жүйелі түрде тексеріп, қуат көздерін уақытылы ауыстыру қажет. Егде жастағы туыстарға ерекше көңіл бөліп, олардың үйлеріндегі қауіпсіздік жағдайын үнемі тексеріп отырған жөн, – дейді сала мамандары.
Бұл талаптарды елемеудің қаншалықты қауіпті екенін Успен ауданында болған оқиға көрсетеді. Ауылдардың бірінде 85 жастағы әйел иіс газынан уланып, ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға мұржаның тазаланбауы себеп болған.
Айта кетейік, зейнеткердің үйіне бұған дейін жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен иіс газын анықтайтын датчик орнатылған. Тамыз айында профилактикалық рейд барысында ТЖМ қызметкерлері тұрғынға пешті жылыту маусымына дайындау қажеттігін ескертіп, датчиктің жарамдылығын тексерген. Алайда кейіннен үй иесі сағатқа пайдалану үшін датчиктің бір батарейкасын алып қойған көрінеді.
Биыл жыл басынан бері облыс аумағында 422 өрт тіркелген. Оның 163-і тұрғын үй секторында, соның ішінде 114 өрт жеке үйлерде болған. Оларға пешпен жылыту жүйелері мен электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, электр сымдарының ақауы, от жаққан соң қараусыз қалдырып кету, басқа да жағдайлар себеп болған.
Мамандар арнайы датчиктерді алуда оның сертификатын тексеріп, дайындау сапасы, қызмет ету мерзімі мен өндірушінің пайдалану жөніндегі ұсынымдарына назар аудару қажеттігін айтады. Бұл – өрт қауіпсіздігін сақтауға жауап бермегенімен, дабыл қағып, уақытылы ескерту тұрғысынан таптырмас құрылғы. Облысымызда дәл осы датчик көмегімен адам өмірін сақтап қалған жағдайлар болған. Ұйқыда жатқан азаматтар датчик дабылынан оянып, дер кезінде үйден шығып үлгерген.
Төтенше жағдайлар қызметі иіс газы «үнсіз» жау екенін ескертеді. Оның не иісі, не түсі болмаған соң адамдар аңғармайды, сезбей де қалады. Сонысымен де адам өміріне аса қауіпті. Иіс газын анықтайтын датчиктің жарамдылығын тексеру, мұржаны уақтылы тазалау адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Демек, дер кезінде осы бір қарапайым ғана қауіпсіздік шараларын ескеріп, іске асырған жөн. Осылайша, өзіңіз бен жақыныңыздың өмірін иіс тиюден, өрт қаупінен сақтап қала аласыз.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
