Бүгінде дамыған елдер цифрлық жүйені қолдану арқылы экономикалық өсімді 80-85 пайызға арттырып отыр. IТ-технологияны өндіріске енгізу шығындарды 20 пайызға азайтатыны дәлелденген. Қазақстандық фермерлер де көштен қалмай, GPS жүйенің игілігін көруге ниетті.

Әлем неге әлек?

Иә, еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басты міндеттерінің бірі – цифрландыру. Мемлекет басшысы да аграрлық секторды жаңа технологиялық деңгейге көтеру, өсімдікті қорғау құралдары мен минералды тыңайтқыштарды енгізудің озық жүйелеріне, цифрлық технологияға өтудің қажеттілігін айқындаған болатын. Бүгінде Еуропадағы компания- лар егістік жағдайын зерттеумен айналысатын дрондарды да шығара бастады. Бұл машиналар фермерлердің егіс шығымдылығын алдын ала болжауға мүмкіндік беруде. Егіске күтім жасаумен қатар, өнім жинауға көмектесе алатын роботтар да пайда болуда. Солардың бірі – AGROBOT компаниясы әзірлеген испаниялық SW6010 роботы өзіне орнатылған камера арқылы піскен жемістерді айқындап, оларды кесіп алуға қабілетті екен. Ал Аустралияның Сидней университетінің ғалымдары әзірлеген робот өсімдіктер арасынан арамшөптерді ажырата алатын көрінеді. Лондонда жердің тапшылығына байланысты жер астынан өнім өсіретін фермалар пайда болуда. Жер астындағы фермада күннің орнына диодты шамдар пайдаланылуда. Нидерландтағы Маастрихт университетінің ғалымдары малдан алынған тіннің көмегімен зертханада ет өсіруге 2013 жылдан бастап кіріскен болатын. Олар өздерінің қолдан жасап шығарған еттерінен әзірленген алғашқы гамбургерді жұртшылыққа көрсетіп те үлгерді. Неліктен бүкіл әлемде ауыл шаруашылығын цифрландыру жедел қарқын алуда? Себебі цифрлық технологиялардың саланы дамытуды жаңа сапалы деңгейге көшіріп, осының ықпалымен ауыл шаруашылығының адамзатқа беретін пайдасы артып, жұмсалатын шығындар бұрынғыға қарағанда көп қысқармақ. Отандық ғалымдардың болжамына сәйкес, қазіргі замандық цифрлық технологияларды енгізген жағдайда Қазақстанда астық дақылдарының шығымдылығын ең аз дегенде 2 есе, саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есе, ал мал санын 2 есеге жуық өсіруге болады екен. Қазақстанның 2030 жылға дейін «жасыл» экономиканы дамыту тұжырымдамасына сәйкес, егістік алқаптарының 15 пайызы ылғал үнемдейтін технологиялармен қамтылады. Ғылыми-техникалық бағдарламалар ғылым мен бизнестің тығыз ынтымақтастығын, ауылшаруашылық тауар өндірушілердің ғылыми инновацияларға сұранысын, еңбек өнімділігін және отандық өнеркәсіптің ғылыми-техникалық деңгейін арттыруға септігін тигізбек. Қазір елімізде өндіріс жағдайында интернет арқылы қашықтықтан басқарылатын автоматтандырылған фермаларды құруға мүмкіндік бар. Логистиканың дамыған жүйесі мен электронды сауда шағын фермерлік шаруашылықтардан тұтынушыға дейін өнімді сапасын бұзбай жеткізуге, сол арқылы өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл ұлт саулығы, экспорттық әлеуетті жүзеге асыру тұрғысынан да экологиялық таза өнім өндірісін сақтау мен дамытудың маңызды факторы саналады. Бұл ретте, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы институтының ғалымдары «Ақылды ферма» жобасын жүзеге асырып отырғанын атап өткен жөн. Яғни, шаруашылықтағы жұмыс адамдардың емес, айти технологиялардың көмегімен атқарылуда.

Үйде отырып-ақ бақылайды

Павлодар облысында роботтардың көмегімен табыс тауып отырған фермерлер жоқ. Десе де, шаруасына соңғы технологияларды шама-шарқынша енгізіп жүргендер аз емес. Әзірге жаңашылдыққа қалтасы қалың кәсіпкерлердің мүмкіндігі бар. Соңғы жылдары көптеген шаруалар малына GPS-чиптер орнатып, озық технологияның көмегіне жүгінуде. Белгілі болғандай, арнайы чип түлік терісінің астына көзге көрінбестей етіп орнатылады екен. Егер малды біреу айдап әкетсе, оның қайда жүргенін, қай бағытқа кетіп бара жатқанын үйде отырып-ақ бақылауға болады. Бұл жаңашыл технологияның арқасында мал ұрлаған барымташылардың ізіне түсу құқық қорғау органдарына да еш қиындық тудырмайды. Тіпті, ұрылар малды сойып, бөлшектеп тастаса да тез тауып алуға мүмкіндігі бар. Иә, ауыл шаруашылығы дамыған елдер малына таңба баспайды. «Ақылды» чиппен бағып-қағып отыр. Әлемдік қауымдастықтан қалмауға қарекет қылған біздің елде бұл бағыттағы шаруалар енді дамып келе жатқаны белгілі. Әрине, электронды чипке ауылдағы бақташының шамасы да, қаржысы да жете бермейді. Әр чиптің бағасы 100 мың теңгенің ар жақ, бер жағы екенін ескерсек, жағдайды бағамдай беріңіз. Сондықтан да малшылар көбіне қарапайым бірдейлендіру шарасына жүгінеді.

Электронды өтініш

Соңғы жылдардағы өзгерістерге сәйкес, субсидия алу үшін электронды түрде өтініш қалдыру керек. Яғни, барлық шаруа электронды түрде реттеледі. Алғашқыда жүйе дұрыс жұмыс істемей, жиі істен шығып жүрді. Шалғайдағы шаруалар да компьютердің «тілін» түсінбей, өзіне тиесілі қаражаттан қағылған болатын. Яғни, интернет жылдамдығы аз, тіпті жоқ жерде шаруасын дөңгелетіп отырған шаруалар демеуқаржы алуға үлгермей қалды. Қазір жаңа жүйеге үйренісіп, жедел өтінішін қалдыруға дағдыланған. Жаңа жүйе саланың цифрландыруға аяқ басқанын дәлелдейді. Қорыта айтсақ, АӨК саласын цифрландыру жөніндегі міндеттер шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңашылдыққа ұмтылған шаруаларды қолдап, шығындарын өтеуге әзір. Сондай-ақ барлық мемлекеттік қызметтерді оңтайландырып, электрондық форматқа көшіруде. Бұл бағыттағы шаруалар өз нәтижесін беретініне сенім мол.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ.