Алдын алу шараларын күшейту нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 14,6%-ға төмендегенін хабарлады. Қоғамдық орындарда қылмыс 22%-ға, көшелерде 20%-ға қысқарды. Азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау мақсатында Бас прокуратура мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп «Антиколл-орталық» жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында 1,6 млн-нан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесіліп, жалпы сомасы 389 млн теңгені құрайтын 766 кредиттің рәсімделуіне жол берілмеді. Алаяқтық фактілерінің саны 20%-ға, кибер алаяқтық – 22%-ға төмендеді. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов баяндады.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Саналы ұрпақ» және «Тәлімгер» жобалары жүзеге асырылуда. 500 мектеп пен колледжде прокуратура және полиция органдарының ардагерлері оқушыларға тәлімгерлік етеді.
Құқықтық ағарту жұмыстары «Халық заңгері» акциясы арқылы жүргізілуде.
Ведомствоаралық комиссия отырысында мас күйінде жасалған құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары және осы санаттағы адамдарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мәселелері де қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жыл басынан бері мас күйде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2,5%-ға азайып, 6,9 мың фактіні құрағанын баяндады. Алкогольді ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 184 мыңнан астам факті тоқтатылды. Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін 68,7 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Соттар алкоголь тұтынуға тыйым салу туралы 17,5 мың шешім шығарды.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.
