«Ана тіл үшін ат үстінен түспеген жылдар»

Қар 12, 2026

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Қоғабайдың «Ана тіл үшін ат үстінен түспеген жылдар» энциклопедиясының тұсаукесері өтті.

Басылым Екібастұз қалалық «Қазақ тілі» қоғамының 1990–2022 жылдардағы қызметін қамтиды. Онда ана тілінің мәртебесін көтеруге бағытталған қоғамдық бастамалар, тарихи оқиғалар мен тіл жанашырларының еңбегі жинақталған.

Жиынға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан қатысып, авторды жаңа еңбегімен құттықтады. Сонымен қатар, ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжехан, байланыс саласының ардагері Батырбек Мусин және «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысып, ізгі лебізін жеткізді.

— Биыл халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 37 жыл толды. Осы жылдар ішінде көптеген тіл жанашырларымен қоян қолтық жұмыс істеп, мемлекеттік тілдің абырой жолында ауқымды іс атқарылды. Осы ретте мемлекеттік тіл мәртебесі үшін талай жыл тер төккен Жұмағали Бижанұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ағамызды жаңа энциклопедиялық еңбегінің жарық көруімен құттықтай отырып, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атынын зор алғыс білдіремін. Біздің ұйымның тарихы мен атқарған жұмысын қамтыған мұндай еңбектер бізің ұйым үшін өте маңызды. Алдағы уақытта бұл кітапты өзімізге алдырып, бағасын беретін боламыз, — деді Рауан Кенжехан.

Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, ақын Серік Елікбай, Қазақстан Журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, журналист Болат Аманбай, филология ғылымының докторы, профессор Айман Зейнулина, жеке кәсіпкер Дәлелхан Әбдіхалық және басқа да азаматтар сөз сөйлеп, Ж.Қоғабайдың ұлт мүддесі жолындағы еңбегіне жоғары баға берді. Ал жиынды қорытындылаған автор аталған еңбектің жарық көруіне атсалысқан азаматтарға алғысын айтты. Ол аталған энциклопедия Екібастұздағы тіл қозғалысының тарихын сақтап, қазақ тілінің өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың еңбегін кейінгі ұрпаққа таныстыратын басылым екенін атап өтті.

Тілеуберді САХАБА.