Келер жылы төртжылдықтың басты додасы — Париж Олимпиадасы жалауын желбіретеді. Биылдан бастап лицензиялар сарапқа салынып, кіл мықтылар жолдамаға таласып көрмек. Біз әзірге ел спортшыларының бұған дейінгі жарыстарда қол жеткізген жетістіктерін тізіп беруді ұйғардық.
Тарихқа көз жүгіртсек, жазғы Олимпия ойындарына Тәуелсіз мемлекет ретінде 1996 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеміз. Сол жылы өткен Атланта Олимпиадасы ел спортшылары үшін табысты болып, 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль еншіледік. Атап айтсақ, грек-рим күресінен Юрий Мельниченко, боксшы Василий Жиров және бессайысшы Александр Парыгин алтыннан алқа тақса, мылтық атудан Сергей Беляев – екі, ал ауыр атлет Анатолий Храпатый бір күміс медальді қоржынға салды. Боксшылар Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов, мерген Владимир Вохмянин және еркін күрес шебері Мәулен Мамыров Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте 24-орынға тұрақтадық. Сидней Олимпиадасында (2000 жыл) да отандастарымыз тәуір нәтиже көрсетті. Жеті медаль (3 алтын, 4 күміс) олжалаған саңлақтарымыз жалпыкомандалық есепте 22-орыннан көрінді. Алтын медальді боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов, жеңіл атлет Ольга Шишигина, күміс медальді боксшылар Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков, велоспортшы Александр Винокуров және еркін күрес шебері Ислам Байрамуков алып берді. 2004 жылы Афина Олимпиадасында спортшыларымыздың нәтижесі біраз төмендеді. Онда 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль алған қазақстандықтар жалпы есепте 40-орынға табан тіреді. Жалғыз алтынды боксшы Бақтияр Артаев қанжығасына байласа, күміс медальді қазіргі таңда кәсіпқой бокста қарсыластарын сұлатып жүрген Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, грек-рим күресінен Георгий Цурцумия, еркін күрестен Геннадий Лалиев еншіледі. Қола медальді онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов және грек-рим күресі шебері Мхитар Манукян иеленді. 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасында 13 спортшымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алайда, допинг тексерісінен кейін, ХОК 5 отандасымыздың жүлдесін қайтарып алды. Ауыр атлет Илья Ильин допинг қолданды деген айыппен Олимпиада чемпионы деген атағынан айырылса, дәл сондай айыппен Таймураз Тигиев (күрес) пен Ирина Некрасова (ауыр атлетика) күміс, Мария Грабовецкая (ауыр атлетика) пен Әсет Мәмбетов (күрес) қола жүлделерін қайтарып берді. Ал өзге елдің спортшылары допингпен ұсталып, нәтижесінде 2008 жылы күміс алған отандасымыз Алла Важенина (ауыр атлет) арада 8 жыл өткенде Олимпиада чемпионы атанса, Нұрбақыт Теңізбаев (күрес) пен Ольга Рыпаковалардың (үш қарғып секіру) қола жүлделері күміске айналды. Сөйтіп, бұл додада қазақстандықтар жалпы саны 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль алып, командалық есепте 37-орынға тұрақтады. Қазақстанның алғашқы алтынын ел қоржынына боксшы Бақыт Сәрсекбаев салса, екіншісі жоғарыда айтқандай Алла Важенинаға тиесілі. Күміс медальды Асхат Житкеев иеленсе, қола медальдар әйелдер күресінен Елена Шалыгинаға, еркін күрестен Марид Муталимовке, боксшы Еркебұлан Шынәлиевке және таэквондошы Арман Шылмановқа бұйырды. 2012 жылғы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар толайым табысқа жетіп, алғаш рет Олимпиадада 7 алтын алдық деп бөркімізді аспанға атып едік. Сөйтсек, бекер қуанған екенбіз. Арада 4 жыл өткенде Илья Ильин бастаған ауыр атлеттеріміз Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова допинг қолданды деген айыппен алтын медальдарын қайтарып берді. Есесіне тағы бір ауыр атлетіміз Анна Нұрмұхамбетова мен еркін күрес шебері Дәулет Шабанбай қола жүлдегер атанды. Бүгінде Лондондағы табысымыз – 11 медаль (3 алтын, 1 күміс, 7 қола). 2012 жылы алтын жүлделер легін велоспортшы Александр Винокуров бастап берген еді. Жеңісті жолды әрі қарай боксшы Серік Сәпиев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова жалғап, Отанымыздың даңқын асыра түскен-ді. Боксшы Әділбек Ниязымбетов күміспен күптелсе, қола медальді грек-рим күресінен Даниял Гаджиев, еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров, бокстан Марина Вольнова мен Иван Дычко, әйелдер күресінен Гүзел Манюрова олжалады. 2016 жылғы Рио Олимпиадасында да сайыпқыран саңлақтарымыз ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. 3 алтын, 5 күміс, 10 қола жүлде (18) олжалаған спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте 22-орынға тұрақтады. Жүзу спортынан Дмитрий Баландин, ауыратлет Ниджат Рагимов және боксшы Данияр Елеусінов ел мерейін асырып, алтыннан алқа тағынды. Ал Елдос Сметов (дзюдо), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Василий Левит (бокс), Әділбек Ниязымбетов (бокс), Гюзель Манюрова (күрес) күміспен күптелсе, Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Фархад Харки, Карина Горичева, Денис Уланов, Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова (күрес), Иван Дычко, Дариға Шәкімова (бокс) ел қоржынына қола медаль салды. Пандемияға байланысты Токио Олимпиадасы 2021 жылға шегерілгені белгілі. Сол әсер етті ме, әйтеуір бұл – қазақ елі үшін тәуелсіздік жылдарындағы ең сәтсіз Олимпиада болды. Токиода еліміздің әнұраны бірде-бір рет шырқалмады. Әнұранды әуелету үшін қажет алтын медаль түгіл, күміс медаль да алынбады. Олимпиада қорытындысы бойынша командалық жалпы есепте Қазақстан ұлттық құрамасының еншісіне тигені — 83-орын. Ал медальдардың жалпы саны бойынша түзілетін есепте Қазақстан, басқа да 8 медалі бар елдермен, атап айтқанда, Хорватия, Грузия және Норвегиямен бірге 29-32-орындарды бөлісті. Біздің елдің спортшылары бұл Олимпиадаға 19 спорт түрі бойынша қатысып, бокс, күрес, дзюдо, каратэ және ауыр атлетика, яғни спорттың 5 түрінен ғана жүлделі орынға ие болды. Атап айтар болсақ, Елдос Сметов (дзюдо), Игорь Сон, Зульфия Чиншанло (екеуі де ауыр атлетика), Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаев (екеуі де бокс), Нұрислам Санаев (еркін күрес) және Дархан Асәділов пен Софья Берульцова (екеуі де каратэ) сынды спортшыларымыз жүлдегерлер қатарынан көріне алды.
Төрткіл дүние көз тігетін Париж Олимпиадасы Қазақстан үшін табысты болғай!
Оралхан ҚОЖАНОВ.