Безендіру жұмыстары басталды

Қар 12, 2026

Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына дайындық жұмыстары басталды. Мерекелік көңіл-күйді қалыптастыру мақсатында қала көшелеріндегі LED-экрандарда
тақырыптық бейнероликтер көрсетіле бастады.

16 желтоқсанда аталып өтілетін айтулы мерекеге орай облыстың үш қаласындағы тоғыз LED-экранға Тәуелсіздік тақырыбындағы бейнематериалдар орналастырылған. Атап айтқанда, Павлодар қаласында мерекелік бейнероликтер алты экраннан көрсетілуде. Олар Назарбаев даңғылы мен Естай көшесінің, Академик Сәтбаев пен Кривенко көшелерінің, Назарбаев даңғылы мен Лермонтов көшесінің, Торайғыров пен Академик Сәтбаев көшелерінің, сондай-ақ Торайғыров көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылыстарында орналасқан.

Бұдан бөлек, теміржол вокзалы ғимаратына да LED-экран орнату жоспарланған. Ал Ақсу қаласында мерекелік бейнероликтер Астана көшесі, 7 мекенжайындағы LED-экраннан көрсетілуде. Екібастұз қаласында да мерекелік безендіру жұмыстары қолға алынған. Шаһар тұрғындары мен қонақтары Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған бейнежазбаларды Абай және Әуезов көшелерінің қиылысындағы, сондай-ақ Әуезов көшесі, 496-үй мекенжайындағы экрандардан тамашалай алады. Сонымен қатар, 1 желтоқсаннан бастап Павлодар қаласының көшелері мен қоғамдық орындарын мерекелік безендіру жұмыстары басталады. Шаралар «Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – жаңа даму кезеңіне қадам» атты тұжырымдама аясында жүзеге асырылмақ.

Қала көшелеріне мерейтойлық рәміздер бейнеленген консольдік жалаулар, көшеаралық баннерлер мен түрлі тақырыптық безендіру элементтері орнатылады. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған логотип қаланың кіреберісінде де көрініс табады. Атап айтқанда, Торайғыров көшесі, 44/1 мекенжайындағы ғимараттың қасбетіне орнатылған LED-жүгіртпе жолақта мерейтойлық белгі көрсетіледі.

А.БОРАНБАЕВА.