Есептің ебін тапқан

Қар 12, 2026

Қаржы саласы асқан қажырлықты қажет ететіні сөзсіз. Мұнда әрбір санның әділдігі, әрбір есептің дұрыстығы, әрбір шешімнің салмағы бар. Сондықтан қаржы қызметкері болу тек кәсіби білікті ғана емес, асқан мұқияттылықты, терең талдай білуді талап етеді. Осындай, жауапкершілігі жоғары мамандықты кейіпкеріміз Айгүл Әбілтаева саналы түрде таңдаған.

Таңдауына адал. Табанды түрде  қаржы секторында 30 жылдан астам еңбек етеді. 1995 жылы Павлодар мемлекеттік университетін экономика және өнеркәсіпті басқару мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылы бірден еңбек жолын Ақсу аудандық қаржы бөлімінде бюджет жөніндегі маман ретінде бастайды. 2004 жылы Ақсу қалалық қаржы бөлімінің кірістерді болжау, жиынтықтау және бюджеттің орындалуы бөліміне басшы қызметіне тағайындалады. Яғни, он жылға жуық металлургтер шаһарындағы есеп-қисаптың басы-қасында болды. Ал 2006 жылы Павлодар облысының қаржы басқармасына жұмысқа ауысады. Мұнда бюджеттің орындалуына жиынтық талдау бөлімінің басшысы лауазымына келеді. Айгүл Мұратқызының жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесі салада тек ілгері бастыруда. Бүгінде аталмыш басқармада жиынтық талдау, бюджетті орындау және бюджетаралық қатынас бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Бұл дегеніңіз, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсері бар жауапты міндетте. Облыстық бюджеттің уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалайды. Дәл осы бюджетті орындау бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің қызметін үйлестіреді. Өзіне деген жауапкершілікті жақсы сезінеді. Бір сәт те қажыған емес. Себебі, бала кезінен цифрлар әлеміне қызыққан.

– Қазір міне қаржы секторында жүргеніме 30 жылдан асты. Мамандықты саналы түрде таңдадым. Бала кезімнен цифр-
лар логикасы, қаржылар ауқымы, сауатты есептеулердің нақты кірістер мен шығыстарға айналуын көру мүмкіндігі қызықтырды. Қаржы – мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын кез келген ұйымның «қанайналым жүйесі». Бұл тетіктерді түсіну кәсіби тұрғыдан да, тұлғалық тұрғыдан да өсуге ғаламат мүмкіндіктер береді, – дейді қаржыгер Айгүл Мұратқызы.

Кейіпкеріміз қаржыгердің сәтті мансабын қалыптастыру үшін адам бойында сыни ойлау, әрбір цифрдың артындағы бизнес үдерістің нақты жағдайын көре білу қасиеті болуы керектігін айтады. Сондай-ақ, жасырын тәуекелдерді де дер кезінде байқай алуы тиіс. Есеп-қисаптың әрбір бөлшегіне терең үңіле алуы, назарын тоқтата алуы қажет. Өйткені, есептеулерде жіберілген қателіктер бүкіл бюджет үшін аса ауыр салдарға әкелуі ықтимал. Айгүл Әбілтаеваның айтуынша, қаржыгер маманға күйзеліске төзімділік те — аса қажет қасиет. Сонымен қатар, адалдық, әділдік аса маңызды дегенді алға тартты. Өйткені, дәл осы мінсіз іскерлік бедел қаржыгердің басты капиталы екенін баса айтты.

Қаржы саласының білгірі цифрландыру тетіктері қаржы секторына да жан-жақты енгенін атап өтті.

– Қазіргі таңда цифр-ландыру қаржы секторы ланд-шафтын түбегейлі өзгертті. Автоматтандырылған жүйелерді, бұлтты қаржы технологиялары, цифрлық құралдар біздің жұмысы-мыздың назарын деректерді механикалық түрде жинақтаудан терең талдауға ойыстырды. Бұрын бүкіл облыстан, әрбір мекемеден түскен мәліметтерді қолмен жинақтап, жұмыс істедік. Яғни, көлемді кестелердегі мәліметтерге көп уақыт жұмсайтынбыз. Ал қорытынды есеп өткен уақыт көрінісін көрсететін. Қазір бұл күнделікті бірсарынды үдерістер автоматтандырылды. Сәйкесінше, біз қаржылық көрсеткіштердің дәл қазіргі сәттегі жағдайын көре аламыз. Бұл бізге қысқа мерзімде нақты болжамды мәліметтерді құруға көмектеседі, Сонымен қатар, қандай да бір тәуекелдерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді, – дейді Айгүл Әбілтаева.

Кейіпкеріміз қаржы саласында білім бүгінде қызмет үшін емес, көпшілікке де артық болмайтынын айтады. Нақтысы, қаржылық сауаттылық жай ғана пайдалы дағды емес, әркімнің жеке қауіпсізідігі, еркіндігі үшін базалық элемент екенін еске салды.

– Қаржылық сауаттылық қандай да бір биржаға инвестиция салудан басталмайды. Сауаттылық адамдардың өз кірістерін басқа-
рып, бюджетін жоспарлап, қаражатынан қауіпсіздік «жастығын» қалыптастыра білуінен басталады. Тұрғындарды, ең алдымен, тұтыну-шылық мақсатта ойланбай несие алудан аулақ болуға, кіріс пен шығысты талдауға шақырар едім. Оңай ақшаға, жылдам кіріске сыни көзқараспен қарау қажет. Өйткені, қаржылық мәдениет адамға болашаққа сенімді қарауға және жинағын инфляциядан тиімді қорғауға көмектеседі, – дейді тәжірибесі мол қаржыгер.

Г.МАҒЖАН.