МӘМС көмектің қолжетімділігіне мән береді

Қар 12, 2026

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиалы тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, сақтандырылған азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға маңыз береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қазіргі жағдайы, өңірдегі операциялар саны, сақтандырылмаған азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек және өзге де маңызды мәселелер жөнінде филиал өкілі Эльмира Темірғалиевадан білген едік.

– Эльмира Алпысбайқызы, облыс тұрғындары бүгінде МӘМС жүйесіне  қаншалықты сенім артады?

– Өңірімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған азаматтардың саны артып келеді. Қазіргі уақытта облыс бойынша 640 мың адам сақтандырылған. Бұл – жалпы халықтың 83,8 пайызы. Ал 104 мың
тұрғын, яғни өңір халқының 16,2 пайызының сақтандыру мәртебесі жоқ.

Халықтың әлеуметтік осал санаттарын медициналық көмекпен қамту – басты міндеттеріміздің бірі. Осы мақсатта тиісті санаттағы азаматтар үшін медициналық сақтандыру жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Биылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы D және E санаттарына жататын азаматтар үшін де жарна төлей бастады. Бұл жаңашылдық әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындардың МӘМС жүйесі аясында медициналық қызметтер алуына мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

– Сақтандырылмаған мәртебесі бар азаматтар медициналық көмек ала ала ма?

– Әрине, МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесінің болмауы азамат медициналық көмектің барлық түрін ақылы түрде алуы тиіс дегенді білдірмейді. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, әрбір азаматқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медициналық қызметтер көрсетіледі. Оған жедел және шұғыл медициналық көмек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек, вакцинация, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар аурулар мен жағдайлар кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді. Атап айтқанда, туберкулез, АИТВ инфекциясы және онкологиялық аурулар бойынша тиісті медициналық көмек қарастырылған. Ал МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтерді алу үшін азаматтың сақтандырылған мәртебесі болуы қажет. Мұнда тағы бір маңызды жайтты атап өткім келеді, МӘМС жүйесі мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидатына негізделген. Жарналар әр адамның жеке шотында жинақталмайды, керісінше, медициналық қызметтерді қаржыландыруға арналған ортақ қаражатты қалыптастырады. Осы қаражат есебінен медициналық көмекке мұқтаж сақтандырылған азаматтарға қажетті қызметтер көрсетіледі.

– 2026 жылдың басынан бері МӘМС аясында қанша операция жасалды?

– Жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтан-дыру жүйесі аясында мыңдаған жоспарлы және шұғыл операциялар жасалды. Жалпы алғанда, 2026 жылдың 9 айында 21 073 операция жүргізілді (2025 жылдың 12 айын-
да – 42 655). Оның ішінде жоғары технологиялық операциялар – 333 (413), кардиохирургиялық операциялар – 201 (261), нейро-хирургиялық операциялар – 36 (85), травматологиялық операциялар – 10 (15), тамырлы опера-циялар – 86 (52). Бұл операция-
лардың барлығы сақтандырылған азаматтарға МӘМС қаражаты есебінен тегін көрсетіледі.

– Жалпы, МӘМС пакетіне қандай медициналық қызметтер кіреді?

– МӘМС пакеті азаматтардың денсаулығын сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтердің кең ауқымын қамтиды. Атап айтқанда, бейінді мамандардың консультациялары, диагностикалық тексерулер, зертханалық зерттеулер, жоспарлы стационарлық ем, күндізгі стационар жағдайында ем алу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмек және хирургиялық операциялар қарастырылған. Сонымен қатар, МӘМС жүйесі заманауи диагностика мен емдеу әдістеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл ауруларды дер кезінде анықтауға, қажетті емді уақытылы бастауға және пациенттердің денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Медициналық қызметтер медициналық көрсетілімдерге және қолданыстағы тәртіпке сәйкес ұсынылады.

– Шетелде білім алып жатқан студенттер МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесін қалай ала алады?

– Қазақстандағы және шетелдегі оқу орындарының күндізгі бөлімінде білім алатын студенттер МӘМС жүйесінде жеңілдік санатына жатады. Олар үшін сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді, сондықтан өз қалтасынан жарна төлеудің қажеті жоқ. Егер студент күндізгі бөлімде оқып жүріп, жұмыс істесе, жұмыс беруші ол үшін жарна төлеуден босатылады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азамат күндізгі бөлімде оқып жүрсе, МӘМС жарналарын төлеуден босатылады. Шетелдік оқу орындарының күндізгі бөлімінде білім алып жатқан Қазақстан азаматтары да МӘМС жүйесінде жеңілдік санатына жатуы мүмкін. Ол үшін студент eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы тиісті қызметті пайдаланып, оқу орнынан берілген анықтаманы тіркеу керек.

Айта кету керек, қор жеңілдік санатын тағайындамайды. Бұл мәртебе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері негізінде, Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде қалыптастырылады. Ең бастысы, студенттер оқу туралы мәліметтерінің өзекті болуын қадағалап, МӘМС жүйесіндегі мәртебесін алдын ала тексеріп жүргені жөн. Бұл медициналық көмекке жүгінген кезде қиындықтардың алдын алуға көмектеседі.

– МӘМС аясында меди-циалық көмекті еш кедергісіз алу үшін аймақ тұрғындарына  қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, тұрғындарды өздерінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесін тексеріп отыруға шақырамын. Сақтандырылған мәртебесі медициналық көмектің көптеген түрлерін уақытылы алуға жол ашады. Егер мәртебе болмаса, оның себебін анықтап, оны реттеу жолдары туралы ақпарат алған жөн. Сонымен бірге, азаматтар медициналық көмекке жүгінген кезде өз құқықтарын біліп, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС пакетіндегі қызметтердің айырмашылығын түсінгені маңызды.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.