Салық төлеушілер уақытша қаржылық қиындықтар туындаған кезде салықтарды, төлемдерді және өсімпұлдарды төлеу мерзімдерін заңды түрде өзгерту мүмкіндігі бар. Оларды беру тәртібі ҚР Салық кодексінде қарастырылған.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының мәлімдеуінше, мұндай тәртіп кодекстің 132-135-баптарымен және Төлеу мерзімін кейінге қалдыру (бөліп төлеу) қағидаларымен реттеледі.
– Кейінге қалдыру – бұл бүкіл қарыз сомасын бір мезгілде төлеу үшін төлеу мерзімін кейінгі күнге ауыстыру. Ол 6 айға дейінгі мерзімге (көлденең мониторингке қатысушылар үшін – 12 айға дейін) беріледі. Бөліп төлеу – бұл қарызды тең үлеспен (ай сайын немесе тоқсан сайын) кезең-кезеңімен өтеу. Ол 36 айға дейінгі мерзімге (көлденең мониторингке қатысушылар үшін –
12 айға дейін) беріледі. Салықтар бойынша кейінге қалдыру және бөліп төлеу ағымдағы қаржылық жағдай салықты уақытылы төлеуге мүмкіндік бермесе, бірақ кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мерзімі ішінде төлем қабілеттілігі қалпына келеді деп пайымдауға негіз болған жағдайда беріледі, – делінген департаменттің ақпаратында.
Мамандардың айтуынша, кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді алу үшін төмендегі негіздердің біреуі жеткілікті. Яғни, еңсерілмейтін күш салдарынан келтірілген залал (табиғи, техногендік немесе әлеуметтік сипаттағы ТЖ, әскери іс-қимылдар және т.б.), тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндірудің немесе өткізудің маусымдық сипаты негіз бола алады. Сонымен қатар, жеке тұлғаның (ЖК болып табылмайтын) ауыр мүліктік жағдайы ескеріледі. Сот шешімі бойынша берешекті қайта құрылымдау да кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеу мүмкіндігіне себеп болуы ықтимал. Экономиканың стратегиялық маңызды саласында жұмыс істеу, қосымша салық есептілігін тапсыру, тексеру қорытындыларымен келісу (5 жылдан астам уақыт бұрын тіркелген салық төлеушілер үшін) де негіз болады.
Кейінге қалдыру және бөліп төлеу төлем көзінен ұсталатын салықтарға, акциздерге, ЕАЭО елдерінен импортқа салынатын ҚҚС-қа, қол қою бонусына және ҚР Ұлттық қорына түсетін салықтарға қолданылмайды. Барлық төлем түрлерінің ішінен мерзімді ауыстыру жер учаскелерін пайдаланғаны үшін және қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақыларға ғана қолданылады. Төлеу мерзімдерін өзгерту банктік кепілдікпен, мүлік кепілімен немесе қамтамасыз етусіз ресімделуі мүмкін. Кепілге өтімді, сақтандырылған және үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынбаған мүлік қабылданады. Жеке тұлғаның жалғыз баспанасын, тыйым салынған немесе айналымы шектелген мүлікті кепілге қоюға жол берілмейді. Кепіл шарты өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жасалуы тиіс. Кепілсіз және банктік кепілдіксіз кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу қарыз сомасы 1500 АЕК-тен аспаған кезде беріледі. Мұнда салық төлеушінің тіркелу мерзімі кемінде 2 жылды құраса, қызметі тоқтатылмаса, сондай-ақ қолданыстағы кейінге қалдыру (бөліп төлеу) және орындалмаған хабарламалар болмаса ғана берілетінін атап өту керек.
Егер өтініш беруші негіздерге сәйкес келмесе немесе соңғы екі жыл ішінде бұрын берілген кейінге қалдыру не бөліп төлеудің төлеу мерзімінің бұзылуына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатылған болса, қызмет көрсетуден бас тартылады.
Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Өтінішті ЭЦҚ пайдалана отырып, «Электрондық үкімет» порталы (eGov.kz) және Салық төлеушінің кабинеті арқылы онлайн түрде, сондай-ақ, мемлекеттік кіріс органдары немесе ХҚКО («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ) арқылы беруге болады. Өтінішке берешекті өтеудің болжамды кестесі, негізді растайтын құжаттар, ал қажет болған жағдайда кепіл мүлкі бойынша құжаттар немесе банктік кепілдік қоса беріледі.
Өтініш түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралады. Нәтиже электрондық немесе қағаз нысанда жіберіледі. Кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді уақтылы ресімдеу салық төлеушілерге бюджет алдындағы міндеттемелерді реттеуге, қаржылық жүктемені азайтуға және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданудан жалтаруға мүмкіндік береді.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
