Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақсу қаласының индустриялық аймағында қант зауытын салу жобасы бастау алған болатын. Ол үшін өңірдің шаруалары арнайы қант қызылшасын да өсірді. Алайда бұл бастама әлі күнге дейін іске асқан жоқ. Бұған не себеп?

Апта басында өңірімізге Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев келіп, өңірдегі бірқатар сауда және агроөнеркәсіптік нысанды аралады. Алдымен министр орынбасары «Jailau» базарына барды. Өткен жылдың соңында ашылған бұл сауда орнында өңір шаруалары өз өнімдерін делдалсыз сата алады. Өз кезегінде тұтынушы-ларға қолжетімді бағада сапалы тауарлар ұсынылады. Қазіргі уақытта мұнда 30-дан астам жергілікті шаруаға орын бөлінген.

— Бүгінгі таңда Павлодар облысы — ішкі тұтыну тауарлары өндірісін дамыту бойынша үлгілі өңірлердің бірі. Бұл ретте фермерлік базар жобасын ерекше атап өтуге болады. Оны еліміздің басқа аймақтарында да іске асырған жөн. Бұл платформа сауданы делдалсыз дамытуға мүмкіндік береді, соның арқасында баға тұрғындар үшін қолайлы, — деді Арман Шаққалиев. Сонымен қатар, бірінші вице-министр «Молком-Павлодар», «Кэмми Групп», «Гринвич» гипермаркетінде, «Batyr mall» сауда-ойын сауық орталығында және «Агро-Трейд ПВ» кәсіпорнында болды. Кейін өңір кәсіп-керлерімен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Жергілікті кәсіпорын басшыларымен жүздесу барысында бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Олардың қатарында бидайды импорттау мен экспорттауға қатысты шектеу- лер, отандық өнімдерге ірі сауда орындарынан сөрелер қарастыру, сапа сертификатын үлестіру, кәсіпкерлерге субсидия беру сынды мәселелер бар. Осы орайда «ВАШ» дүкендер желісінің өкілі Иван Семенов жергілікті қантты қашан сатып алуға мүмкіндік болатынын сұрады. Айтуынша, қазіргі уақытта дүкендегі бұл өнімнің негізгі бөлігі Тараздан және шетелдерден ғана жеткізіледі.

— Ақсудағы қант зауытының жобасын жасауда шикіліктер болған көрінеді. Мәселен, өндірісте мазутты қолдану қарастырылған. Отынның бұл түрін тек Польшадағы қант зауыты қолданады. Біз үшін бұл тиімсіз. Мазутты әлеуметтік бағамен сатып алғанның өзінде дайын өнімнің келісі 370 теңге болады. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейден жеткізілетін қанттың келісі – 250 теңге. Сондықтан бұл жобаны әлі де жетілдіру керек, — деді А.Шаққалиев. Бұған қатысты облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов та пікір білдірді. Айтуынша, қант зауытын салу қазіргі күні «сақалды» мәселеге айналды. Оның басты себебі – техникалық-экономикалық негіздеме жасау кезінде бірқатар ерекшеліктің ескерілмеуі. Басқасын былай қойғанда, бір жылда тек бірнеше ай аралығында қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорынға тоннаға жуық шикізатты жеткізудің өзі қиындық тудыруы мүмкін. Сол себепті жобаға бастапқыда қызығушылық тудыратын инвесторлар кейін кері айналып жатыр. Қазіргі таңда жеке компания негіздемені қайта жасап жатқанға ұқсайды. Сонымен қатар, Серік Барлыбайұлы астықты бидай саудасына қатысты шаруалардың сұрақтарына жауап берді. Жыл басынан бері оның алыс-берісіне қатысты енгізілген шектеулер кей ұн тартушыларға салмақ салып отыр. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Ресейден емес, өзіміздің астықты аймақтарымыздан шикізат сатып алуға кеңес берді. Сонымен қатар, Үкіметке жекелеген кәсіпорындарға квота бөлуді ұсынатынын жеткізді. Кездесу соңында министрлік пен облыс басшылығы кәсіпкерлердің талап-тілектері ескерусіз қалмайтынын айтып, кей мәселелерді жеке бақылауына алатын болды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.