1 қыркүйек күні облыстағы мектептерде білім алатын 115 мың оқушы үшін жаңа оқу жылы басталды. Балалар қайтадан партаға отырып, ұстаздар қауымы алғашқы сабақтарын өткізді. Сөйтіп, жаңа білім мен жетістіктерге жетудің келесі қадамы жасалды.
Биыл 1 қыркүйек күні өңірдегі оқу орындарының барлығында алғашқы қоңырау мерекесі «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында өтті. Сондай игі шара Ақтоғай ауданына қарасты Қожамжар ауылындағы Тіленшин мектебінде де ұйымдастырылды. Мұндағы білім күні мерекесіне облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, аудан басшысы Қаршыға Арынов, білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина қатысты. Алдымен Айзада Амангелдіқызы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, жаңа оқу жылының сәтті өтуін тіледі.
— Баршамызға ыстық, ерекше мереке – білім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл 115 мың бала жаңа оқу жылын бастады. Олардың қатарында мектеп табалдырығын алғаш аттаған 12 мыңнан астам бүлдіршін бар. Білім деген киелі жолда барлық шәкіртке сәттілік тілеймін, — деді А.Құрманова. Айта кетейік, соңғы үш жыл аралығында аймақта 165 мектеп жаңғыртылды. Олардың қатарында Қожамжар ауылындағы Тіленшин орта мектебі бар. Былтыр мұнда оқу орны толығымен күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл аталмыш оқу орнына балаларды тасымалдау үшін жаңа автобус берілді.
— Мектебімізде барлығы 152 оқушы бар. Оның ішінде 13 бала 1-сыныпқа қабылданды. Шағын орталықта 30 бүлдіршін тәрбиеленеді. Былтыр мектеп ғимараты жаңарып бір қуанған едік. Биыл автобуспен толығып, шәкірттерге тағы жайлы жағдай жасалды. Оқудағы жетістіктеріміз де жетерлік. Енді оны еселей түсуге мол мүмкіндік бар, — дейді мектеп директоры Зәмзәгүл Унайбаева. Оқушыларға мұндай жайлы жағдайдың жасалуына ата-аналар қауымы да дән риза. Қожамжар ауылының тұрғыны Жақұлда Самаров осындай игіліктің барлығы балалардың сапалы білім алуына оң әсер беретінін атап өтті.
— Қазіргі таңда ауылдағы білім ордаларында қаладағы оқу орындарындағыдай жағдай жасалған. Арнайы жабдықталған кабинеттер шәкірттердің толымды білім алуына қолайлы. Былтыр мектебімізде жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң ғимараттың іші-сырты жақсарып қалды. Көршілес екі ауылдың оқушылары жылы, жайлы жағдайда қатынауы үшін автобус та беріліп жатыр. Осының барлығы білімді ұрпақтың, мықты мамандардың тәрбиеленуіне септігін тигізеді деп сенемін, — деді ол. Бұл күні аудандағы барлығы 9 мектепке оқушылар автобустарының кілті табысталды. Сөйтіп, аталмыш өңірдегі авто-бустардың барлығы жаңарды. Жалпы, биыл облыс көлемінде шәкірттердің игілігі үшін 46 автобус сатып алынған болатын. Сондай көліктің бірі Ақтоғай ауданы Қ.Ыдырысов атындағы орта мектептің пайдалануына берілді. Аталмыш мектеп директорының орынбасары Жанар Елшімбекова енді шәкірттерді тасымалдау қолайлы болатынын тілге тиек етті.
— Біздің мектепте іргелес жатқан Өтес ауылынан 20 бала келіп, білім алады. Бұған дейін де оларды мектеп көлігі тасымалдады, бірақ ол ескіріп, қолайсыздық тудыра бастады. Енді, жаңа автобус алынып, жайлы жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар, бұл автобус оқушыларымыздың аудан, облыс көлемінде өтетін білім бәсекелері мен спорттық сайыстарға қатысуына ыңғайлы болмақ, — дейді Ж.Елшімбекова. Осы жылы балалардың мектептерге қатынауымен қатар, балалардың жайлы және жабдықталған сыныптарда білім алулары үшін барлық жағдай жасалған. Айталық, облыстың 33 мектебінде күрделі жөндеу жүргізілді. Мерзімдері бойынша артта қалу қаупі бар Павлодар қаласының №2, 5, 14 мектептерінде, сондай-ақ, Шарбақты ауданының Хмельницкое ауылы мен Жаңаауыл кентінде де жұмыстар аяқталды. Алдағы жылдары аймақ басшысы Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша жөндеуді қажет ететін өңірдегі 137 мектепке де жөндеу жүргізу жоспарлануда.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Ақтоғай ауданы.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.