Жаңа оқу жылы басталып, облысымыздың аудандары мен еліміздің өзге өңірлерінің жастары қаламызға білім қуып келді. Түрлі мамандықтың мықты майталманы болуды қалайтын оларды мазалайтын басты мәселе – баспана. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан кешегі мектеп түлектері үшін пәтер жалдау оңай емес. Туыс-туғанның үйін паналау да кейде қолайсыздық тудырады. Мұндайда үш бірдей университеттің әкімшілігі жатақханалардан орын ұсынуға әзір. Жастарға арналған мұндай кампустардағы жағдай жайлы ма? Ай сайынғы төлем қалтаға салмақ салмай ма? Осы мәселелерді зерделеу үшін студенттер үйіне арнайы барып, тұрғындарымен тілдесіп қайттық.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Павлодар — шағын Еуропа

Түркістан облысы Темірлан ауылының тумасы Әділет Әділерұлы бала кезден техникаға әуес боп өсті. Көлікті жөндеу, оны бөлшектеу ерекше қызығушылық тудыратын. Сондықтан мамандық таңдар кезде ойланбастан механик болуды қалады. Ал бұл мамандық еліміздің индустриялық орталығы саналатын Павлодар қаласында жақсы дамығанын білді. Сөйтіп, мемлекеттік гранттар конкурсына өтініш беру кезінде алдымен Торайғыров университетінің «Механика» мамандығында білім алуды қалайтынын білдірді. Сәті түсіп, «Серпін-2050» бағдарламасы арқылы тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Биыл Әділет екінші оқу жылын бастады.

— Павлодар шағын Еуропа дер едім. Мұнда жылдың төрт мезгілінің барлығы өз уақытымен келеді. Әсіресе, қыс қатты ұнады. Бұған дейін оңтүстікте аязды көрмей өскен біз үшін солтүстіктің ауа райы «майдай» жақты. Тұрғындары да сондай сыпайы, әдепті. Алыстан келген студент деп ерекше жылы шырайымен қарсы алды. Бір жыл аралығында жатақхананың өміріне әбден үйреніп алдым. 1-курста №2 кампуста тұрған едім. Биылдан бастап жаңадан салынған №3 кампустың тұрғынымын. Студенттер үйінде барлық қолайлы жағдай жасалған, ештеңеден тарықпаймыз. Бастысы, Торайғыров университетінде еліміздің әр өңірінен білім қуып келген қатарластарыммен достас-
тым. Айталық, біздің бөлмеде Түркістан, Абай, Павлодар облысының азаматтары тұрады. Ауылға жол түсе қалған кезде жерлестеріме «Павлодарда оқысаңдар, өкінбейсіңдер» деп кеңесімді айтамын. Айтпақшы, «Серпін-2050» бағдарламасының қатысушыларына жолақысы толығымен өтеледі. Тұрақты түрде шәкіртақы аламыз. Сондықтан осы қалада, дәл осы университетте білім алып жатқаныма қуаныштымын, — дейді ол. Әділет қолына дипломын алған соң жергілікті кәсіпорындардың бірінде еңбек жолын бастауды қалайды. Тіпті, мемлекеттік бағдарлама аясында отбасын көшіріп әкелу туралы ойы барын білдіріп қалды. Ал Ақбота Амангелдиева — Маңғыстау облысының тумасы. Өткен жылы мектеп тәмамдаған ол білімін Торайғыров универси-тетінде «Ғылыми физика» мамандығы бойынша жалғастыруда.

— Мен бұған дейін Павлодар облысында мүлде болмаған екенмін. Былтыр екі аймақтың арасындағы арнайы бағдарламасы аясында грант ұтып алып, қалаға алғаш рет келдім. Пойыздан түсе сала бірден жатақханаға қарай тарттым. Түн ортасы болғанына қарамастан жатақхана қызметкерлері жақсы қарсы алып, бөлмеге орналас-тырды. Бөлмемізде тамақ дайындайтын орын, жуынатын бөлме, төсек жабдықтары – барлығы бар. Бос уақытымызда коворкинг орталығында жиналамыз. Кей кездері теннис ойнаймыз. Меніңше, студенттер үйінде замандастарыңмен бірге тұрған әлдеқайда қызық әрі тиімді. Бүгінде жатақханадағы орным үшін айына 14800 теңге төлеймін. Пәтер жалдасам, одан қымбатқа түсер еді, — дейді студент. Жатақханадағы жайлы орындар өзге өңірлердің жастарымен қатар, шекараның арғы жағынан келген шетелдіктерге де бұйырады. Мәселен, нигериялық Мұса Мұхаммад қазір «Foundation» факультетінде білім алуда. Мұнда Қазақстандағы өмірге бейімделіп, қазақ және орыс тілдерін терең меңгеріп, отандық жоғары оқу орнына түсуге дайындалады. Айтуынша, бұл бағытта студенттер үйіндегі достары да көп көмек көрсетуде. Бастысы, Торайғыров универ-ситетінің кампустарында мүмкін-
дігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайлар қарастырылған. Мәселен, осы білім ордасында «Менеджмент» мамандығы бойынша бакалаврда білім алып, биыл магистратураға грантқа түскен Арслан Ырымбай мұндағы жағдайлар көңілден шығатынын айтты.

— Мен жоғары білім алу үшін Баянауыл ауданы Майқайың кентінен келдім. Төрт жыл бойы анаммен бірге №2 кампуста тұрдым. Ол кезде жаңа ғимараттың іргетасы енді қаланып жатқан еді. Сол кезде университет басшылығы «Жаңа кампуста қандай жағдай болғанын қалайсың?» деп сұрады. Мен тілегімді, өтінішімді айттым. Соның барлығы ескерілді. Қазір анам екеуіміз жаңа кампуста тегін тұрып жатырмыз, — дейді Арслан. Балаларының жайлы жағдайда белгілі бір мамандықты меңгеріп жатқанына ата-аналар да қуанышты. Мәселен, Екібастұз қаласының тұрғыны Болат Қазеновтың қызы Аружан университет жанындағы студенттер үйінде тұрады. «Қызым арнайы қызметкерлері бар, қажеттінің барлығымен жабдықталған бөлмеде құрбыларымен бірге тұратындықтан айтарлықтай алаңдамаймын. Сабағын жақсы оқып, өзі қалаған мамандықтың білікті иесі атанса болғаны», дейді ол. Айта кетейік, Торайғыров университетінде барлығы үш кампус бар. Толстой көшесіндегі №1 кампус 360 адамға арналған. Осы уақытқа дейін мұнда 104 студент орналасты. Олардың дені – университетке қарасты колледж студенттері. Осыдан алты жыл бұрын пайдалануға берілген 500 орындық №2 кампуста әзірше 354 жас тұрады. Биыл ғана салынған, 600 студентке лайықталған кампуста бос орындар санаулы ғана қалды. Қазірдің өзінде 595 білім алушы жайғасты.

— Университеттің қызметі сапалы білім берумен ғана шектеліп қалмайды. Сонымен қатар, біз олардың алаңсыз оқуы үшін жағдай жасауға басымдық береміз. Бұл ретте, әрине, тұрғын үймен қамту мәселесі бірінші кезекке қойылады. Биыл жаңа студенттер үйінің қолданысқа тапсырылуы барлығына оңтайлы мүмкіндік берді. Әлі де студенттерді орналастыруды жалғастырып жатырмыз. Жалпы, жатақханадағы орындар бойынша тапшылық жоқ, — дейді Торайғыров университетінің проректоры Ертарғын Шахман. Бағаларға келсек, әр кампус-
тағы орынның бағасы әр түрлі. Атап айтқанда, №1 кампуста 10 ай тұру үшін 110 мың теңге төлеу керек. №2 кампустағы әр орынның бағасы – 127 мың теңге. Жаңа студенттер үйіндегі бір орын 148 мың теңгеге бағаланып отыр. Студенттер бұл соманы бірден немесе екіге бөліп төлеп, бір жыл бойы алаңсыз тұра алады. Жалпы, қазір жоғары оқу орнында 8 мыңнан астам студент бар. Оның ішінде 3 мыңға жуық жас биыл бірінші курсқа қабылданды.

«Өз үйімде жүргендеймін»

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті де студенттерді жатақханамен қамту үшін қолдан келгенше әрекет етуде. Биыл жалпы жоспар бойынша 1300-ден астам баланы жатақханамен қамтамасыз ету ойда бар. Университет ауласындағы №1 және №2 студенттер үйі білім алушы жастарды қабылдап та үлгерді. Сонымен қатар, студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету үшін университет «Сарыарқа» қонақ үйімен 100 төсек-орынға келісім жасады. Жоғары оқу орнының мәліметінше, бүгінде мейманханаға 25 студент орналасты. Одан бөлек, Целинная көшесі, 46 мекенжайындағы «Сократ-ПВ» ЖШС-мен 500 төсек-орынға меморандум бар. Бірақ әзірше бұл қонақ үйге жайғасуға ниет танытқан студенттер жоқ. Жатақханаларға келер болсақ, №1 студенттер үйінде 300-ден астам студентке арналған орын бар. Ескі жатақхана ғимаратында кітапхана, хореографиялық зал, компьютерлік бөлме және ауласында бірнеше спорттық алаңдар орналасқан. Марғұлан университетінің жаңа жатақханасы аталатын №2 студент-
тер үйі 475 студентке арналған. Мұнда негізінен 1-2-курс студенттері орналастырылады. Аталған кампус соңғы үлгіде жабдықталған. Яғни, әр бөлменің өзінің жеке асүйі, жуынатын бөлмесі бар. Жастардың бос уақытына арналған әртүрлі демалыс бөлмелері мен алаңдар қарастырылған. Атап айтар болсақ, ғимараттың бірінші қабатында коворкинг орталығы, яғни, жастар алаңы мен үстел ойындары кабинеті орналасқан. Коворкинг орталығында түрлі тақырыпта жиналыстар, кеңестер және басқа да шаралар үйымдастырылады. Сонымен қатар, студенттердің денсаулығын әрдайым бақылап тұратын медициналық пункт жұмыс істейді. Екінші қабатта психолог кабинеті жастарға писхологиялық кеңес беру қызметін көрсетеді. Ал үшінші қабаттағы демалыс алаңында кинотеатр, төртінші қабатта компьютерлік бөлме, бесінші қабатта шығармашыл жастар үшін дайындық залы бар. Онда студенттер биге, спектаклге, концертке және басқа да жарыстар мен шараларға дайындалады. Аталған студенттер үйіне биыл ғана орналасқан Қарақат Алтай жатақханадағы жағдайдың ұнағатынын айтты.

— Мен «Серпін-2050» бағдар-ламасы бойынша Жамбыл облысы Жуалы ауданынан келдім. Алдағы төрт жыл аралығында математика және физика пәндерінің мұғалімі болу үшін оқимын. Жатақханаға орналасқаныма аз ғана уақыт болса да, мұнда өз үйімде жүргендеймін. Бөлмемізде әр студентке арналған жеке оқу үстелі, төсек-орын, тамақ дайындайтын ас бөлмесі бар. Студенттер үйіндегі орынның бір жылдық ақысы – 150 мың теңге. Меніңше, бұл қымбат емес, — дейді студент. Ал №1 студенттер үйінде тұратын жастар жатын орын үшін жылына 120 мың теңге төлейді. Қонақ үйге орналасқан 25 студент ай сайын 30 мың теңгеден төлеуі тиіс. Жалпы, осы оқу жылында университетке 1600 студент қабылданды. Олардың қатарында  Қытай, Ресей және Моңғолия мемлекеттерінен келген шетел азаматтары бар. Мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша еліміздің оңтүстік өңірлерінен 75 студент  білім алатын болады. Осы уақытқа дейін барлығы 673 студент жатақаханадағы орындармен қамтылды.

«Бір үйдің баласындай…»

Ал Инновациялық Еуразия университетінде 160 орындық бір жатақхана бар. Әзірше оған студенттер тола қойған жоқ. Мұндағы бір орынның айлық бағасы – 14 мың теңге. Осыдан 30 жыл бұрын салынған ғимаратта ас үй, жуынатын бөлме, кір жуатын бөлме бәріне ортақ. Ал бөлмелердің әрқайсысында 2-4 студенттен тұрады.

— Мен төрт жыл бойы осы жатақханада тұрып келемін. Кейбір жоғары оқу орындары тек төменгі курс студенттерін қабылдайтынын естіп жатамыз. Бірақ бізде олай емес. Жыл сайын бөлмелерімізді дайындап, ұсынады. Сабақ оқуымызға да, бос уақытымызды өткізуге де мүмкіндіктер жасалған. Бәріміз бір үйдің баласындай тұрамыз, — дейді 4-курс студенті Айдана Қалиақпарова. Жастар ісі жөніндегі комитет басшысы Людмила Шоклева жоғары оқу орны студенттерінің барынша ыңғайлы жағдайда тұрып, білім алуына университет басшылығы баса назар аударатынын атап өтті. Жаңа оқу жылы қарсаңында мұндағы бөлмелерді студенттерге дайындап, толығымен реттеп қоятын. Оқу жылы барысында да студенттер үйіндегі жайлылықты сақтауға барын салады.

Байқағанымыздай, біздің өңірде жоғары оқу орындарының студенттерінің баспана мәселесін шешуде ілкімді істер атқарылып келеді. Әсіресе, «серпіндіктер» мен шетелдіктерге ерекше қонақжайлылық танытылып отыр. Облысымыздың жастары да шетте қалмас үшін барынша жағдай қарастырылуда. Бұл тұрғыдан алғанда Торайғыров университетінің жұмысы ширақ екенін аңғардық. Басқа білім ордалары да үлгі алса, артық болмас. Бастысы, студенттердің қайта оралмас жастық дәурені есте қаларлықтай өтсе болғаны.

 

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.