Күні кеше облыстық мәслихат депутаттары «Павлодар облысының, қаланың, ауданның Құрметті азаматы» атағын беру ережелеріне енгізілетін өзгертулерді қолдады. Бұрын, ескі ережеге сәйкес, мұндай атақ аймаққа, аудан-қалаға еңбегі сіңген, жасы 70-ке жеткен әрі бір саладағы еңбек өтілі 10 жылдан асатын азаматтарға беріліп келді. Жаңа ережеге сәйкес, жасқа қатысты шектеу алынып тасталды. Еңбек өтілі 20 жылдан асқан деп өзгертілді. Сонымен, «Құрметті азаматты» «жасартқаннан» не ұтамыз? Атақтың қадірін төмен-детіп алмаймыз ба? Жалпы, бұл өзгеріске қатысты ойыңыз қандай? Міне, осы сауалдарға «Алаң» айдарында жауап іздеп көрмекпіз.

 

Ақын АЛАҚАНҰЛЫ, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

— Өз басым жасқа қойылатын шектеуді алып тастағанды құптаймын. Міндетті түрде 70 жастан асқанын күтудің қажеті жоқ деп санаймын. Орта жастағылар да айналасына айтарлықтай еңбегін сіңіріп, адал қызмет етіп, мол пайдасын тигізіп жатса, құрмет көрсетіп, атақ бергеннің айыбы жоқ. Керісінше, оларға қолдау, одан әрі жігерленіп, жұмыс істеуіне оң әсерін тигізуі мүмкін.

Осыдан бірнеше жыл бұрын маған Аққулы ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Былтыр Павлодар қаласының «Құрметті азаматы» атандым. Ауданда он шақты жыл тұрдым, қызмет еттім, кейін Аққулының энциклопедиясын жазып шықтым. Сол еңбектерім ескерілген болуы керек. Осы орайда атақтың сұрап алынбауы тиіс екенін айтқым келеді. Ұсынылса, демек, соған лайықты деп санаймын. Ал құжатын жинап, өздігінен сұранып, атаққұмарлыққа бой алдырса, міне, сол жаман. Мұндай әрекеттер атақтың құнын түсіріп жібереді. Олай төмен түспеген абзал дер едім.

 

Болат АМАНБАЕВ, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы:

— Ең алдымен «Құрметті азамат» атағын беруде іріктеу дұрыс жүргізілуі тиіс. Яғни, бұл атақты үлестіретін комиссия мүшелері облысымыздың жағдайымен жіті таныс әрі әр азаматтың атқарған жұмысына қанық адамдар болуы шарт. Әйтпесе, қалағаны «Құрметті азамат» атанып кете береді. Бір жылдары ережеге «70 жасқа жеткендер алады» деп өзгеріс енгізілуінің де өз себебі болды. Өйткені, атақ оңды-солды таратыла бастады. Мәселен, бір ғана Баянауыл ауданында бір жылда 45 адамға «Құрметті азамат» атағы беріліпті. Одан бөлек, өздері сұрап алатындар көбейді. Тағы бірде ауданға екі жыл әкім болған азаматтың алғанын естіп, жаға ұстадық. Өзіңіз ойлаңыз, екі жылда қандай әкім ауданның дамуына қарқын қоса алады. Бір жылы жоба-жоспар реттеуге кетсе, екінші жылы оған қаржысы жеткенше, кетіп тынады. Сондықтан осы жағы қатаң сүзгіден өткізіліп отырылуы тиіс.

Ал шығармашылық адамдарына келетін болсақ, олардың сол аудан-қалаға қатысты жазған шығармасының ауқымына, үлесінің қомақтылығына қарай саралау қажет. Кейде облысқа еш қатысы жоқ адамдар да атаққа иеленіп жатады. Осы мәселелер сүзгіден өткізіліп, лайықтыларға табыстау дұрыс жолға қойылса, жасқа қатысты шектеуді алып тастағанға еш қарсылығым жоқ. Тек бұл өзгерістер белгілі бір адамдардың мүддесі үшін жасалып жатпаса деген де тілек бар.

 

Сағит ИМАНҒАЗИНОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

— «Жасартамыз» деп құнын түсіріп алмасақ болды. Менің ойымша, еңбек өтілі 20 жыл дегеннің өзі аздық етеді. Жалпы, қоғамда атқарған ісің үшін қағаз жүзіндегі атақ емес, елдің ықыласын, құрметін алуға ұмтылу қажет. Біреудің мақтау-марапаттауына мұқтаждық болмау керек. Ішкі жан-дүниеңді қанағаттандырып, айналаңа пайдаңды тигізе берсең, ертең-ақ ел аузында жүресің. Халықтың ықыласынан артық атақ жоқ деп есептеймін.

Тағы бір айта кетерлігі, атақ беруде ең алдымен қарапайым еңбек адамдары ескерілсе деймін. Билік басында болғандар немесе оларға жақын жүргендер, тек шығармашылық сала өкілдері ғана тізімге іліге бермеуі тиіс. Қолдан қаһарман жасауға бейім болмасақ деймін.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.