Павлодар қаласының жастары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауының негізгі бағыттарын талқылап, өзара пікір алмасты. Сондай-ақ, кездесуге арнайы шақырылған қонақтар жастар арасында туындаған сұрақтарға  жауап берді.

 

Бұрнағы күні Жастар бастамаларын дамыту орталығында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылау аясында жастар арасында кездесу ұйымдастырылды. Оған қалалық мәслихаттың депутаттары Гүлжайна Даримова, Ольга Андрющенко, облыстық «Jasyl el» штабының директоры әрі қалалық мәслихаттың депутаты Русана Сәмекова, Павлодар облысы бойынша GAMMA спорт федерациясының төрағасы Болат Сүлейменов және «Ирбис» телеарнасының тілшісі Альфия Омарова қатысып, Президенттің Жолдауында қозғалған бағыттар жайлы сөз қозғады. Жолдаудағы негізгі міндеттерге тоқталған облыстық «Jasyl el» штабының директоры әрі қалалық мәслихаттың депутаты Русана Сәмекова жаңа реформалардың еліміздегі жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына кешенді әсер ететініне сенімді екенін жеткізді.

— Мемлекет басшысы осы жылғы Жолдауында әр бағытты атап өтті. Оның ішінде жастарға қатысты түрлі салаларды да алға тартты. Мәселен, IT саласы, креативті индустрия бағыттары. Жастар – қоғамның ажырамас бөлшегі. Бүгінде жастарға мүмкіншіліктер көп. Әр жыл сайын студенттердің шәкіртақысы өсіп, сұранысқа ие мамандықтарға бөлінетін гранттар саны көбеюде. Жатақхана проблемасы да оң шешімін табуда. Біз Президентіміздің әр ойын құптап, еліміздің дамуына үлесімізді қосуымыз қажет, — дейді Р.Сәмекова. Ал өз кезегінде сөз алған «Ирбис» телеарнасының тілшісі Альфия Омарова Мемлекет басшысының тапсырмасын орын-дау барлығына ортақ міндет екендігін айтты.

— Жолдаудың мақсаты – Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, тұрмысын жақсарту. Онда елімізді дамытуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық басым бағыттар сөз болды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі, туризм, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, жасыл экономика, цифрландыру және басқа да салалар көтерілді. Сондай-ақ, жастар мәселесіне де тоқталды. Жастар ретінде Президенттің айқындап кеткен бағыттарын қолдап, сол жолда еңбек етуіміз тиіс, — дейді ол. Кездесу барысында мектеп оқушылары және колледж студенттері де пікір білдіріп, өз ойларымен бөлісті.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.