Қара суық түсіп, күздің ызғары сезіле бастады. Қыстың қамына кірісетін уақыт келді. Алайда қатты отынды сату орындары өкілдерінің сөзінше, әзірше тұрғындар көмір алуға асықпай отыр. Өткен жылмен салыстырғанда сұраныс та айтарлықтай аз. Сондықтан жақын күндері кеніштер мен сауда нүктелерінде ұзын-сонар кезек болып, қазіргі қордың кейбір тұтынушыларға жетпей қалуы ғажап емес.

 

Облыс орталығында қатты отын сатумен бес мекеме айналысады. Солардың бірі – «Элит KZ» ЖШС. Кәсіпорын басшысы Дастан Дәулетбаевтың айтуынша, қазір қорда 12 мың тоннадан астам қатты отын бар. «Майкөбе», «Шұбаркөл» көмірінің бірнеше сұрпы бар. Бірақ оларды алушылар аз.

— Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы дәл осы кезде күніне 100-150 көлікке көмір тиейтін едік. Биыл келушілердің қатары 20-30 көліктен ары аспайды. Бүгінгі қорда бар қатты отын қанша уақытқа жететінін де дөп басып айту қиын. Алдағы бірнеше күн дересінде сұраныс күрт артса, көмір қалмай қалады. Оны қайта жеткізу үшін кенішке қажетті көлем көрсетілген өтінішті жолдап, сосын кезек бойынша оның бізге келуін күтеміз. Мұның барлығы уақыт алуы мүмкін. Сол себепті қазірден-ақ қамданып алған жөн, — дейді ол. Айта кетейік, биыл көмірдің бағасы да қымбаттады. Былтыр облыс орталығындағы сауда орындарында қатты отынның бір тоннасының бағасы 9 500-20 мың теңге аралығында болса, биылғы баға 10 мың теңгеден басталып, 23 мың теңгеге дейін жетеді. Мәселен, «Элит.KZ» кәсіпорнында «Шұбаркөл» көмірі 22 500 теңге тұрады.

— Біздің қорда «Майкөбе» және «Шұбаркөл» көмірінің бірнеше сұрпы бар. Жергілікті көмірдің тоннасы 12 500 – 15 500 теңгеге сатылады. Қарағандыдан жеткізілген қатты отынның тоннасы 22 000 – 22 500 теңгеден босатылуда. Тұрғындар «Шұбаркөл» қымбат болғанына қарамастан, көп жағдайда дәл осы сұрыпты таңдайды. Себебі ол жылуды ұзақ сақтайды, күлі аз шығады. Өткен жылға қарағанда баға өсті, әрине. Оған кеніштердің босату құнын 10 пайызға арттыруы себеп болып отыр. Сондықтан біз де тоннасына 1 мың теңге қосуға мәжбүр болдық, — дейді Д.Дәулетбаев. Аталмыш сауда орнынан көмір алуға келушілер қатты отынды үйіне дейін өзі жеткізіп алуы тиіс. Бұл қызметке жүк көліктерінің жүргізушілері көмектеседі. Олар 2-5 тонналық көліктерге қатты отынды тиеп, діттеген жерге жеткізіп береді. Қала ішінде жеткізу қызметінің бағасы – 3-8 мың теңге аралығында. Жалпы, облыс орталығында қатты отынды сатумен 5 мекеме айналысады. Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Дархан Ахметовтің айтуынша, қазіргі таңда сату орындарында барлығы 15 мың тонна көмір бар.

— Павлодар қаласындағы жеке сектор үйлерін жылыту үшін қысқы уақытта 60-70 мың тонна көмір керек. Бүгінде оның 20-25 пайызы сауда нүктелеріне жеткізілді. Сонымен қатар, қалаға қарасты бес ауылдағы әлеуметтік нысандарға 7 мың тонна қатты отын қажет. Осыған дейін оның 2 мың тоннасы сатып алынды. 20 қыркүйекке дейін жеткізу жұмыстары толығымен аяқталуы тиіс, — дейді ол. Бұл ретте қалалық әкімдік жылдағыдай әлеуметтік осал топ өкілдеріне көмірді тегін жеткізу мәселесін де қарастырмақ.

Павлодар қаласындағы көмір сату орындары

 

№   Мекеме         Байланыс телефондары                 Мекенжай

1  «А-Вест Павлодар» ЖШС 37-17-97, 63-13-40    Товарная, 25

2 «Элит КЗ» ЖШС         8-707-565-92-52 65-92-52     Восточный Промрайон, 2

3 «Ihsan Group KZ», «Daman Group KZ» ЖШС  8-705-576-89-90   Жаңаауыл, өзен порты

4 «AIDABOL» ЖШС         8-747-617-14-74  Товарная, 25Б

5  «Север Энерго Уголь Снаб» ЖШС 8-701-054-35-91   Товарная, 25.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.