Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында білім беру сапасын арттыруға, мектептердің техникалық-материалдық жағдайын жақсартуға мән беру керектігін атап өтті. Бұл ретте, облыстағы оқушы саны ең көп Павлодар қаласындағы білім беру мекемелерінің тыныс-тіршілігі қалай? Жалпы, жаңа оқу жылында қандай кедергілер кездесуде? Осы және өзге де сауалдарымызға жауап алу үшін Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлинмен сұхбаттасқан едік.
— Қуаныш Төлегенұлы, Президент білім сапасын жақсарту үшін педагогтердің біліктілігін арттыру ауадай қажет екенін айтты. Осы орайда, қала мектептерін-дегі педагогтердің білімі мен біліктілігі жөнінде не айтасыз? Мамандар жеткілікті ме?
— Бүгінгі таңда Павлодар қаласының мектептерінде 3764 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде біліктілік санаты бойынша 20 педагог-шебер, 558 педагог-зерттеуші, 1226 педагог-сарапшы, 583 педагог-модератор, 3386 жоғары білімді маман бар. Ал білім беру бөліміне қарасты мектепке дейінгі, жалпы орта, қосымша білім беру ұйымдарындағы педагогтердің
бос орындарына келетін мұғалімдер талапқа сай конкурстық негізде қабылданады. Педагогтердің бос және уақытша бос орындары ашылған жағдайда білім беру ұйымдары конкурс өткізеді. Бұл туралы хабарландырулар білім беру ұйымдары мен Павлодар қаласы білім беру бөлімінің https://goo.edu.kz web-сайтында шықты. Негізінде, биыл 1 тамыздан бастап қаланың барлық мектебінде бос орындарға конкурс жарияланды. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта математика пәні мен орыс тіліндегі бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында шаһар мектептеріндегі білім сапасын арттыру және педагогтердің білік-
тілігін жетілдіруге бағытталған жұмыстар үздіксіз жалғасын таба беретін болады.
— Бүгінде шаһардағы білім ордаларының материалдық-техникалық базасы, жалпы жағдайы қалай?
— Иә, елімізде мектептердің материалдық жағдайын жақсар-туға ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Қаладағы күрделі жөндеу жүргізілген 3 мектептің (№2, 5, 14) материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында химия, биология, физика пәні кабинеттері жасақталып, оқушы жиһазы, стем-кабинет, кітапхана және мектеп асханасын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 5 мектепте заманауи түрде жабдықталған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Тағы бір атап өтерлігі, ағымдағы жылы жан басына шаққан-дағы нормативтік қаржыландыру есебінен 24 мектепке жаңа моди-фикацияланған кабинеттер сатып алынды. Сонымен қатар, білім ордалары компьютерлік техника және интерактивті тақталармен, қажетті жиһаздармен толықты. Технология кабинеттеріне, кітапхана-ларға, спорт және акт залдарына, асханаға арналған құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етілді. Басқа да мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары ары қарай жалғасады.
— Қазіргі таңда қала бойынша күрделі жөндеуді қажет ететін неше мектеп бар? Олардың мәселесі қалай және қашан шешілмек?
— Бүгінде шаһардағы 12 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Атап айтар болсақ, олар: К.Мақпалеев, Қ.Бекқожин, Мәшһүр Жүсіп, М.Әуезов атындағы және №6, 11, 15, 21, 33, 35, 40 мектептер мен Кенжекөл ауылындағы білім ордасы. Сонымен қатар, №27 және 41 мектептердің спорт алаңдарын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік комиссияның қарауына өтінім жіберілді.
— Ал ағымдағы жылы күрделі жөндеу жүргізілген мектептердегі жұмыстар толық аяқталды ма? Яғни, оқушыларға кедергі келтіріп жатқан жоқ па?
— Бүгінде барлық оқушымыз өз мектептерінде алаңсыз білім алуда. Жазғы кезеңде шаһардағы бірқатар мектепте әр түрлі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде №2, 5, 14 білім ордасы «Заманауи мектеп» бағдарламасы аясында жөндеуден өтті. Сондай-ақ, №17, 24, 29, 39 мектептердің спорт алаңдары, К.Мақпалеев атындағы мектептің акт залы, №17 білім беру мекемесінің шатыры жөнделуде. Бастысы, балаларға ешқандай қиындық тудырып жатқан жоқ.
— Елімізде ерекше балалардың ел қатарлы білім, тәлім-тәрбие алуына басымдық берілуде. Осы бағыттағы жұмыс барысы қалай жүруде?
— Павлодар қаласының психологиялық-медициналық педаго-гикалық консультациясының деректері бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектеп жасындағы 2263 бала бар. Оның ішіндегі 1112 бала жалпы білім беретін мектептерде оқиды. Айта кетерлігі, өткен оқу жылында 43 жалпы білім беретін мектепте инклюзивті сыныптар ашылып, онда 515 бала оқыды. Ал үйде 261 бала, мектептердің арнайы сыныптарында 336 оқушы біліммен қамтылды. Сонымен қатар, 14 мектепте ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқу процесіне бейімдеуге көмектесу мақсатында педагог-ассистенттердің 34 ставкасы енгізілді. Мектеп базасында 30 логопункт жұмысы ұйымдастырылды. Барлық мектепте психолог кабинеттері қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, 8 мектепте заманауи түрде жабдықталған инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Бұған қоса «DARA» қорының қолдауымен №26 мектепте ресурстық орталық іске қосылып, оның базасында мұғалімдер, логопедтер, мектеп психологтары үшін инклюзивті білім беру мәселелері бойынша семинарлар, тренингтер, басқа да тәжірибе алмасуға арналған іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұл бағыттағы жұмыстар мектепалды тәрбие беру мекемелерінде де қолға алынуда. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 6 арнайы мектепке дейінгі ұйымда (№14, 26, 39, 52, 82, «NIMAT») және №51 бала бақшада логопедиялық топ жұмыс істейді. Оған 421 тәрбиеленуші қатысады. Бүгінгі таңда балабақшаларда ерекше балаларға инклюзивті білім беру үшін барлық жағдай жасалуда. Жалпы, арнайы комиссияның деректері бойынша қалада осы санаттағы 1212 бала бар, оның 421-і арнайы балабақшаларға барса, 200-ден астам бала инклюзивті біліммен қамтылған. Сонымен қатар, 67 логопунктте сөйлеу қабілеті бұзылған 1240 балаға түзету көмегі көрсетіледі. Әр балаға жеке бейімделген бағдарлама жасалып, оны іске асыру барысында балғынның даму динамикасы ескеріліп, тиімді әдістер қолданылады. Бұл ретте, осындай бүлдіршіндермен жұмыс істейтін мамандарды даярлау мәселесіне де мән берілуде. Мәселен, «Инклю-зивті білім беру» тақырыбы бойынша 68 балабақшада еңбек ететін 186 педагог курстық дайындықтан өтті.
— Шаһардағы мектепке дейінгі мекемелерде маман тапшылығы мәселесі өткір тұр. Осы жағдайды шешу үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?
— Өкінішке қарай, балабақша-ларда маман тапшылығы мәселесі баршылық. Бүгінгі күні Павлодар қаласы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 20 тәрбиеші және 45 тәрбиеші көмекшісінің бос орны тұр. Маман жетіспеушілігінің ең басты себебі — жалақының төмендігі. Қазіргі уақытта еңбек өтілі жоқ педагогтың жалақысы орта есеппен 140 мың теңгені, 25 жылдан астам өтілі бар жоғары санатты педагог-зерттеушінің айлығы 276 мың теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап тәрбиешілердің жалақысы 30%-ға өсті. Бұл саладағы мәселені шешуге оң ықпалын тигізеді деген үміттеміз. Десе де, сәбилер топтарындағы тәрбиеші көмекшісі шамамен 100 мың теңге, ал орта, ересек, даярлық топтарындағы көмекшілер 85-90 мың теңге ғана жалақы алады. Мұндай еңбекақыға қарап отыру қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті.
— «Қалалық балалардың тәрбиесімен айналысу қиын» деген пікірлер қоғамда жиі айтылады. Шынымен де, жаман әдеттерге әуес, қатыгез балалар қатары көбейіп бара жатқан сияқты. Бұл ретте, білім беру бөлімі тарапынан қандай жұмыстар қолға алынуда?
— Қаланың білім беру бөлімі мектептерде тәрбие жұмысын күшейтуге бағытталған жұмыстарды үздіксіз жүргізуде. Мәселен, 1 қыркүйекке дейін мектеп психологтары жасөспірімдер арасында қоғамға жат көшбасшыларды анықтау мәселелері бойынша оқушылар арасында онлайн сауалнама жүргізді. Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі, білім беру бөлімі мамандары және психологтардың қатысуымен шаһардағы жалпы білім беретін мектептердің базасында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Таяуда Ш.Шөкин атындағы мектеп-гимназия мен №29 мектептің базасында осындай екі кездесу өтті. Оқу жылы ішінде мұндай іс-шаралар қаланың барлық мектебінде ұйымдасты-рылады деп жоспарлануда. Педагогтар мен ата-аналарға баласын оқыту және тәрбиелеу мәселелеріне көмек көрсету, білім алушыларда девиантты мінез-құлық құбылыстарының пайда болуының алдын алу, коммуникативтік дағдыларды дамыту, жасөспірімдердің өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, буллингтің алдын алу мақсатында қалалық білім беру бөлімі кешенді жоспар әзірледі. Сондай-ақ, мектептер оқу орнында, үйде, көшеде зорлық-зомбылыққа жол бермеуге бағытталған іс-шаралар жоспарын дайындады. Ата-аналар мен балалардың қарым-қатынас мәселелері бойынша мектеп психологтары кеңестер ұйымдастыратын болады. Әрбір мектеп рейдтік іс-шаралар жоспарын жасап, жатақханаларға, қолайсыз отбасыларына, мектепішілік есепте тұратын балалардың үйлеріне барып, оларды бақылауда ұстайды. Осының бәрі оқушылар қауіпсіздігі үшін қолға алынып жатқан жұмыс екенін айта кеткен жөн.
— Осы жаңа оқу жылынан қандай жаңалықтар, өзгерістер күтеміз?
— Биыл «Заманауи мектеп – заманауи сабақ» жобасы іске асырылады. Жоба бірнеше бағытты қамтиды. Айталық, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған «Менің тілім — қазақ тілі» атты бағыт бар. Мұндағы басты мақсат – қазақ тіліне деген құрметті арттыру. Осы бағыт бойынша балабақшаларда «Тілашар», «Тілтаным» бағдарлама-лары жұмыс істейді. Сонымен қатар, С.Торайғыров атындағы кітапханадағы Америка бұрышымен серіктестікте ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерін арттыруға арналған «Спикинг клаб» бағыты іске қосылады. Сол сияқты өзге де бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, аталмыш жаңа жоба аясында «Action Risearch», «Lesson Study» әдістері зерделеніп, оқу үрдісіне енгізілетін болады. Қысқасы, Жолдауда айтылғандай, осы салада атқарылатын барлық жұмыс ең алдымен мектептердегі білім және тәрбие сапасын көтеруге бағытталады. Яғни, салмақ сапаға салынатын болады.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Нұржайна ШОДЫР.