Осыдан екі жыл бұрын ел азаматтары алғаш рет ауылдық округ әкімдерін сайлаған болатын. Бұл тәжірибе оң нәтижесін көрсетті. Сондықтан биыл аудан, қала әкімдерін де тұрғындардың тікелей дауыс беруі негізінде таңдау ұйғарылды. Сөйтіп, 5 қараша күні Ақтоғай, Железин және Шарбақты аудандарының жаңа басшылары тұрғындар сайлауы арқылы анықталатын болады.
Жалпы, елімізде Курчатов, Приозерск және Рудный қалалары мен 42 ауданның әкімдері сайланады. Олардың қатарында біздің облыстағы үш аудан бар. Қазіргі уақытта саяси додаға түсетін кандидаттарды ұсыну науқаны жүріп жатыр. Оның екі жолы бар: біріншісі – елімізде тіркелген партиялар өз саяси ұйымының өкілін аталған лауазымға ұсына алады. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екінші жолы – үміткерлердің өз-өздерін ұсынуы. Мұндай жағдайда кандидат тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз қолдауын жинауы тиіс. Сол кезде ғана үміткерлер тізіміне қосыла алады. Кандидаттарға қойылар талапқа келер болсақ, ол Қазақстан Республикасының 25 жастан асқан азаматы болуы керек. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа еш қатысы, соттылығы болмауы тиіс. Үміткерлерді ұсыну 5 қазанға дейін жалғасады. Ал 10 қазанға дейін кандидаттарды тіркеу жүргізіледі. 10 қазан күнгі сағат 18.00-ден бастап 4 қараша күнгі сағат 00.00-ге дейінгі уақыт – үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге берілген уақыт. 4 қараша – тыныштық, ал 5 қараша – сайлау күні. Бұл күні жоғарыда аталған үш ауданның азаматтары дауыс беріп, әкімді таңдайды.