Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші отырысында мемлекеттік тілді рөлін күшейту мақсатында берген тапсырмасы тұрақты түрде іске асырылып келеді. Осыған орай жуырда С.Торайғыров университеті қабырғасында «Қазақстан жастары: мемлекеттік тіл саясаты және қоғам» атты тақырыбында өңірлік семинар-кеңес өтті. Онда тілдің дамуы және мәселелері сөз болды.

Аталмыш шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің өкілдері, Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облысы және Астана қаласының жоғары оқу орындарының жас ғалымдары, студент жастардың көшбасшылары, жергілікті зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары қатысты.

Семинарға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова арнайы қатысып, аймағымызда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.

— Облысымызда игі дәстүрді үзбей  мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолында заманауи тәсілдер қолданылуда. Атап өтсек, тіл мәдениеті және туризм бағытында «Тіл керуен», қызмет көрсету өкілдеріне арналған «Тілдік стартап», «Қазақ тілі» онлайн курсы, жаңа форматтағы ана тілдік мобильдік қосымша, «QR қазақ тілі» атты жобалар тиімді пайдаланылып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту  мақсатында жергілікті халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының филиалдары да белсенді атсалысуда. Облысымыздың барлық елді мекенінде қазақ қоғамының 13 филиалы ашылып, өз жұмыстарын жүргізуде. Жоғары да айтылған шаралар өз кезегінде аймақта қоғам арасында тілдің кемсітушілік факторларын алдын алуға мүмкіндік береді, — деді А.Құрманова.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, белгілі ғалым Ербол Тілешов аталмыш шарада «Жастар дамыған уақытта қазақ тілінің мәртебесі қандай болмақ? Тілге қатысты қандай мәселелер бар? Жастар арасында тіл арқылы ұлттық құндылықтарды қалай дәріптей аламыз?» деген сұрақтар төңірегінде жауап алды дейді.

— Орталығымыздың негізгі қатысушылары – ол жастар. Себебі, келешекте тіліміздің одан әрі дамуы осы жастарымыздың қолында. Әр өңірден жиналған жастарымыз тілге қатысты өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Осыдан бір аптадай уақыт бұрын Үкімет отырысында ҚР Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдар аралығындағы тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада бірнеше бағыт бар. Өз кезегінде жүзеге асыратын боламыз. Сондай-ақ, бүгінде қоғамда Латын әліпбиі қалыс қалды деген әңгіме туындап жатыр. Дегенмен, қазіргі уақытта арнайы құрылған және орфографиялық жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Бүгінде Әліпбидің негізгі жобалық нұсқалары бар. Өткен аптада белгілі ғалымдармен кездесіп, таңбалардың белгіленуі туралы ақылдастық. Алдағы уақытта бір нұсқаға тоқтап бекітетін боламыз, — деді Ербол Ердембекұлы.

Семинар-кеңес TEDx форматында өтті. Яғни, спикерлер аудитория алдында өзіндік идеяларын айтты. Сондай-ақ, тілге қатысты түрлі мәселелерді және дамуы туралы сөз қозғап, өз ұсыныстарын білдірді. Сондай спикерлердің бірі – әлемдік бестселлер кітаптарды қазақ тілінде сөйлетіп жүрген «Мазмұндама» жобасының авторы Шыңғыс Мұқан.

Шыңғыс Жұмабекұлы Қазақстан халқын алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосу үшін алдымен ана тілдің мазмұнын байыту қажет екенін айтады. Оның арманы – бүкіл әлем сүйіп оқыған көркем әдебиетті қазақ тіліне аударып қана қоймай, әрбір қазақ баласының туған тілінде кез келген ғылымды кәсіби деңгейде меңгеріп, өзін де, өзгені де сүйіспеншілікке бөлей алатын азамат болып өсуіне жағдай жасау.

— Қазақстанның дамуы қазақ тіліне байланысты. Елімізді дамыту үшін қазақтарды, қазақтарды дамыту үшін қазақ тілін, ал ана тілімізді дамыту үшін оның мазмұнын арттыру қажет. Бүгінде орталықта шығарылып жатқан еңбектердің көпшілігі шетелдік бестселлер еңбектері. Оларды қазақ оқырмандары, әсіресе жастар құлшына оқиды. Ал өзіміздің туындыларымыз тек саусақпен санарлық. Тіл бағытында жастар да өз үлесін қосуы қажет. Себебі, тіл бір адамның меншігінде ғана емес. Бұл әрқайсысымыздың меншігіміз. Бұл салада тек әдебиетшілер, ғалымдар, тілшілер еңбек етпеуі қажет. Сондай-ақ, түрлі бағытта, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген адамдар да пайдасын тигізуі қажет, — дейді Ш.Мұқан.

Семинар барысында өзге облыстардан келген қонақтарда мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.