Соңғы бірнеше жылда өзінің жаңашыл ізденістерімен көрермендердің рухани кемелденуі жолында есепсіз тер төгіп келе жатқан Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының шығармашылық аяқалысы мен қарымы бүгінде елден асып, алыс-жақын шетелді де мойындатып, ұлт мерейін асырып жүр. Жуырда аталмыш театр кезекті жүлдеге ие болды. Өнер ұжымы театр және кино әртісі Бикен Римованың 100 жылдығына арналған халықаралық фестивальге қатысып, екі бірдей марапатты иеленді.
Қазақстанның Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I Халықаралық театр фестивалі Талдықорған қаласында өтті. Айтулы шараға 13 театр ұжымы қатысты. Ол қатарда Қазақстаннан бөлек, Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан және Өзбекстанның театр ұжымдары бар.
— Қазылар құрамында елімізге және әлемге танымал театр сыншылары отырды. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек төрелік еткен қазылар құрамында Әзербайжан мен Башқұртстаннан да өнер иелері болды. Біздің театр труппасы Азамат Нығманов сахналаған Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» спектаклімен қатысты. Қойылым көрермен көзайымына айналып қана қоймай, қазылардың оң бағасына ие болды, — деді театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек. Халықаралық фестивальдің бас жүлдесін Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры еншіледі. Олар Д.Жұмабаева режиссерлік еткен «Бернарда Альбанның үйі» қойылымын сахналап, 1 млн теңгені қанжығаласа, павлодарлықтар Б.Римова атындағы арнайы жүлдеге қол жеткізіп, 700 000 теңгеге ие болды. Сонымен қатар, жерлестеріміз «Amanat» партиясының арнайы жүлдесімен марапатталып, қоржынды қосымша 300 000 теңгемен майлады. Бұдан бөлек, павлодарлықтар Жетісу облысы әкімінің Алғыс хатымен және «ТҮРКСОЙ» халы-қаралық ұйымының дипломымен марапатталды. Айта кетейік, жуырда өнер ұжымы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық акаде-миялық қазақ драма театрында өткен КСРО Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қ.Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған ІІ республикалық «Сын шын болсын» театр фестиваліне қатысып, «Үздік ансамбль» аталымын иеленген еді. Жақында олар Петропавл қаласындағы және Ресей мемлекетінің Мәскеу қаласында өтетін екі бірдей театр фестиваліне қатыспақ. Ал театр әртістеріне алдағы уақытта мол табыс пен жетістіктер тілейміз!
Өз тілшіміз.