Облыста жастарға арналған «ZHAS PROJECT» шағын гранттар байқауына қатысуға өтініштерді қабылдау басталды. Оған жұмыссыз жүрген жастар қатыса алады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар істері және отбасы бөлімінің басшысы Шынболат Ташеков хабарлады.
— Бұл жоба тек жұмыссыз немесе оқу оқымай жүрген жастарды қолдау мақсатында атқарылмақ. Облыс бойынша 14 грант бөлінді. 9-22 қазан аралығында өтініштер қабылданады. Ниет білдірген жастардың арасынан 14 үздік жобаны іріктеп, гранттарды табыс ететін боламыз. Ең бастысы, бұл гранттар қайтарымсыз, – дейді ол. «ZHAS PROJECT» жобасы әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын жастарды қолдау, олардың әлеуметтік-экономикалық өмірге тарту, жергілікті қауымдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешу, жастардың кәсіпкерлік идеялары мен бастамаларына көмектесуге бағытталған. Байқау шеңберінде Павлодар облысында мемлекеттік гранттың әр жобасында 14 жеңімпаз анықталады. Олардың әрқайсысы 1 млн теңгеге дейінгі сомада гранттарға ие болады. Сонымен қатар, жоба аясында қатысушыларға арналған кәсіпкерлік дағдыларын дамыту бойынша тренингтер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Байқауға өтінім беруші алдымен Қазақстан Республикасының азаматы, жасы 18-35 аралығында, өтініш беру кезінде аймақ аумағында тұрақты немесе уақытша тіркелуі шарт. Аймақта өтініштерді қабылдауды «Жасыл ел» студенттік және жастар жасақтарының жергілікті штабы жүзеге асырады.
Айдана БОРАНБАЕВА.