Soccer Football - Euro 2024 Qualifier - Group H - Finland v Kazakhstan - Helsinki Olympic Stadium, Helsinki, Finland - October 17, 2023 Kazakhstan's Marat Bystrov in action with Finland's Glen Kamara Emmi Korhonen/Lehtikuva via REUTERS ATTENTION EDITORS - THIS IMAGE WAS PROVIDED BY A THIRD PARTY. NO THIRD PARTY SALES. NOT FOR USE BY REUTERS THIRD PARTY DISTRIBUTORS. FINLAND OUT. NO COMMERCIAL OR EDITORIAL SALES IN FINLAND.

Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу додасында ұпайы теңесіп тұрған Финляндия командасымен сырт алаңда кездесіп, жеңісті жұлып алды. Осылайша, қоржынға үш ұпай салып, турнирлік кестеде бұрын-соңды қол жетпеген деңгейге көтерілді. Небары 12 минуттың аралығында камбэк жасалған тартысты ойында жаңа рекордтар да тіркелді.

14 қазанда Данияға қонаққа барып, жергілікті командаға есе жіберген біздің ұлттық құрама үшін Финляндиямен кездесудің маңызы өте жоғары болды. Жанкүйерлердің көкейінде де күдік пен үміт қатар жүрді. Үш ұпайды еншілесек, құрлықтық бәсекеге тікелей жолдама алуға жақындай түсеміз. Қарсыласқа сол үш ұпайды «сыйласақ», үміт оты сөне бастайды. Сондықтан Қазақстан-Финляндия командаларының арасындағы кездесуге көз тіккен жұрттың қарасы қалың болғаны анық. Алайда Хельсинки қаласындағы «Olympic Stadium» стадионында төрешінің ысқырығы шалына сала алаң иелері басымдықты қолдарына алды. Біздің құраманың ойыншыларын айып алаңына қарай тықсыра бастады. Магомед Әдиев шәкірттері қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысып баққанымен көп жағдайда сәтсіз аяқталып жатты. Қазақстандық аяқдопшылардың ойын өрнегі ойдағыдай болмауын қарсыластар өз пайдасына шешіп кетті. Кездесудің 28-ші минутында финляндиялық Роберт Тэйлор Игорь Шацкий қорғаған қақпадан саңылау тауып, есепті ашты. Сөйтіп, ақ киімдегі футболшылар алға шықты. Бірінші таймдағы қалған 20 минутқа жуық уақытта көк жейделілер таразы басын теңестіруге талай талпынғанымен, одан түк шықпады. 15 минуттық үзілістен соң екінші таймға шыққан біздің аяқ допшылардың ойыны өзгергені анық байқалды. Магомед Әдиев жігіттерді жігерлендіре түскен болса керек, олар шабуылды үдетіп, алаң қожайындарын айып алаңында «қамай» бастады. Финляндиялық футболшылар да қарап қалған жоқ. Әлемдік клубтарда доп тебетін ойыншылар есепті еселеуге барын салды. Алайда біздің қақпашы бірнеше сейв жасап, допты сәтті қайтара білді. Ойынның 77-минутында айып алаңындағы тартыс кезінде доп қарсыластардың бірінің қолына тиіп, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Түркияның «Бешикташ» командасында ойнайтын біздің ұлттық құраманың жартылай шабуылшысы Бахтиер Зайнутдинов мүлт кеткен жоқ. Қақпашыдан айласын асырған ол Қазақстанның сапындағы 13-ші голын соғып, ұлттық құраманың үздік бомбардирі, бүгінде бас бапкердің көмекшісі Руслан Балтиевпен теңесті. Финляндия командасы үш ұпайдың уыстан сырғып бара жатқанын түсініп, қарқынды күшейте бастады. Бұған дейін асықпай шабуыл ұйымдастырған алаң иелері енді жылдам  шабуылға көшті. Бірақ біздің қорғаушылар мықты тосқауыл қоя білді. Өздері де жергілікті команданың қақпасын торуылдауды көбейтті. Сондай шабуылдардың бірі сәтті аяқталды. Кездесудің 90-ыншы минутында бұрыштама добын көтерген Рамазан Оразовтың пасы Бахтиер Зайнутдиновтың басына дөп тиіп, бірден қақпаға қарай бағытталып, торға топ етіп түсті. Сөйтіп, Зайнутдинов дубль жасап, ұлттық құраманың үздік сұрмергені атанып, командамызға сенсациялық жеңісті сыйлады. Бұған дейін қазақстандық ойыншылар Финляндия командасын ұтқан емес. Үнемі жеңілістің ащы дәмін татып келген біздің жігіттер бұл жолы жеңісті жұлып алды. Жеңіліп жатып камбэк жасап, үш ұпайды еншіледі. Сол арқылы тарихты қайта жазды. Сырт алаңда маңызды ұпайды қоржынға салған Магомед Әдиев шәкірттері турнирлік кестеде 15 ұпайымен үшінші орынға көтерілді. Сонымен қатар, бұл матчта ұлттық құрама ойыншылары 250-інші голды соқты. Бұл да – бір көрсеткіш. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында ұлттық құраманың бас бапкері жігіттердің Қазақстанға футбол тойын сыйлау үшін барын салғанын атап өтті.

— Кездесудің басында ойынымыз ойдағыдай жүрмегені рас. Гол өткізіп алған соң тіпті «шашылып» қалғаны тағы бар. Бірақ бірінші таймның соңына қарай барлық ерік-жігерді жинап, есепті теңестіру үшін аянып қалған жоқ. Бұл ретте жігіттерге жүктелген жауапкершілік жүгі психиологиялық тұрғыдан қысым жасамай қоймады. Ал екінші таймда белсенді әрекет етіп, оң нәтижеге қол жеткізе білдік. Бұл жеңіспен барша қазақстандықты құттықтаймын. Біз болсақ, бұл жеңіспен тоқмейілсіп қалмай, келесі кездесулерге қызу дайындыққа кірісеміз, — деді М.Әдиев. Енді Қазақстан құрамасы 17 қарашада өз алаңында Сан-Мариноны қабылдаса, 21 қараша күні Словениямен қонақта сынға түседі. Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алуға әлі де мүмкіндік бар. Біздің құрама бұл мүмкіндікті қалт жібермейді деп сенеміз.

 Құндыз ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.