Биыл Ақсу қаласында шаһар көшелерінің жолдарын ретке келтіру, аумақтарды абаттандыру бағытында бірқатар іс атқарылды. Бұл бағыттағы жұмыс келесі жылы да жалғасын таппақ.
Айталық, осы жылы шағын шаһардағы бірнеше мектептің маңына жаяу жүргіншілер жолы салынды. Абай мектебінен Х.Доспанова көшесі, 32-үйге дейін, Ы.Алтынсарин мектебінің аумағы енді тұрғындардың жүріп-тұруы үшін қолайлы болмақ. Сондай-ақ, қарттар үйінен қалалық жағажайға дейінгі аумақта жаяу жүретін тұрғындарға арналған жол жасалып, асфальт төселуде. Осы жұмыстардың барысын тексерген қала әкімі Нұрлан Дүйсембинов келесі жылы Абай мектебінің алдындағы тұрақ орындарын кеңейтуді тапсырды. Сонымен қатар, шаһар басшысы құрылыс алаңдарын аралады. Мәселен, Ленин көшесі, 47/1 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйдің аумағында сыртқы инженерлік желілер салынуда. Ал №11 шағын ауданда жылу желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Дөнентаев көшесі, 46 мекенжайында жаңадан көпқабатты баспана бой көтеруде. Нұрлан Дүйсембинов құрылыс жұмыстарының барлығын уақытылы әрі сапалы атқарып, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстарын жеделдетуді жүктеді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.