Павлодарда он күнге созылған халықаралық «Pavlodar Open-2023» шахмат турнирі өз мәресіне жетті. Аталмыш турнир біздің облыста осымен 23-інші мәрте өткізілді.

Облыс орталығында ерлер және әйелдер арасында өткен жарыста шахмат турнирінің жеңімпаздары аталды. Ерекше секциялардың бірінде бас жүлдені үнді гроссмейстері Миттал Адидя жеңіп алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифингте Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко хабарлады. Оның сөзінше, павлодарлықтар арасында үздік нәтижені Денис Махнев көрсетті. Ол турнир кестесінің алтыншы орнында тұр.

— Біздің елдің қанжығасына тек жалғыз бірінші орын бұйырды. Десе де, спортшыларымыз жақсы ойын өрнегін көрсете білді деп ойлаймыз. Жалпы, бүгінде қазақстандық спортшылар түрлі сайыста жетістіктерге жетіп жүр. Жыл бойы бір елдің аумағында үш әлем чемпионаты және бес халықаралық турнир өткізілді. Жарыстың кестесінде үздік нәтижеге жетпесек те, бұл шахматшыларымыздың одан әрі дамуына негіз бола алады, — деді ол. Аталмыш турнирге шахматтан әлем чемпионатының биылғы жеңімпазы Әлішер Сүлейменов қатысты. Ол бұл жолғы турнирді тоғызыншы орынмен аяқтады. Шахматшы туған елінде, өзі өсіп-өнген Павлодарда бақ сынағанына қуанышты екенін білдірді.

– Мен жақсы көрсет-кішке қол жеткізуді жоспарлап едім, бірақ бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Кейбір партияларда сәттілік серік болуымен жеңіске жеттім. Ендігі ретте алда өтетін өзге турнирлерге тыңғылықты дайындаламын, — дейді қазақ-стандық гроссмейстер. Естеріңізге сала кетейік, Павлодарда Халықаралық шахмат турнирі 23-ші рет өткізілген болатын. Биыл чемпионатқа бес континенттен 2000 және одан жоғары ФИДЕ рейтингі бар 230-дан астам шахматшы келді. Олардың қатарында Солтүстік Америка, Австралия, Африка, Азия және Еуропаның спортшылары бар.

Айдана БОРАНБАЕВА.