Қазақ халқының ұлттық ойындары ерекше сипатқа ие. Олар негізінен халықтың тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық өзгешелігіне, табиғи орналасу жағдайына байланысты болып келеді. Ата-бабаларымыз, әсіресе, «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Көкпар», «Бәйге» сияқты ойындарға көңіл бөлген. Солардың ішінде, әрине, көкпардың орны бөлек.

Көкпар ойынының біздің аймағымыз үшін де алатын орны ерекше. Себебі, өңіріміздің әр ауданында аталмыш ойынды бала кезінен жанына серік еткен азаматтарымыз баршылық. Оның ішінде Май ауданында жас ұрпақты жауынгерлік және әскери машыққа баулитын ұлттық ойын — көкпар тарту кеңінен дамып жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, көкпар ойыны Май өңірінде тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет 1999 жылы Наурыз мейрамында ұйымдастырылған.  Сол уақыттан бері әр ауылда түрлі командалар жасақтала бастады. Бүгінде ауданда жалпы 4 команда бар. Атап айтсақ, Малайсары ауылынан «Малайсары батыр», Саты ауылынан «Саты ата», Ақшиман ауылынан «Қайса ата» және Қаратерек ауылының жастарынан «Құлагер» командасы құралған.  Әсіресе, Малайсары батыр командасы — Май ауданының бірнеше дүркін чемпионы. Өткен  маусымда Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылында Ақмешіт және Бижан мешіттерінің ұйымдастыруымен өткен облыстық ойында 1-орынға ие болса,  Павлодар облысының чемпионатында Қайса ата командасымен бірлесіп,  облыстың 2 дүркін, ал Май ауданының 9 мәрте чемпионы атанды. Ал Малайсары жастар құрама командасы өткен жылы облыс чемпионы атанды. Осы команданың жас шабандоздары  Қазақстан чемпионатында облысымыздың намысын қорғап, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Биылғы Наурыз мерекесіне орай маусымашар көкпарында Май ауданының чемпионы атанып, 1,5 млн теңгеге ие болған. Оған командаға жаңа форма, аттардың ер-тоқымы, үзеңгісі секілді қажетті құралдар сатып алынған. Сондай-ақ, жақында Аққулы ауданы Мерғалым ауылында ауыл азаматтарының демеушілігімен өткен көкпар ойынында бас жүлдеге ие болды. Мұндай жетістіктер жалпы, топқа ғана қатысты емес. Топтағы әр қатысушы белгілі бір жетістіктерге жетіп жүр. Мәселен, жуырда Май ауданында Қазақстанның Халық артисі, актер Шахан Мусиннің 110 жылдығы дүркіреп аталып өтті. Осыған орай қазақтың ұлттық ойындары да өткізілді. Онда Малайсары батыр командасының жетекшісі Жанат Қопашев бәйгеде 2-орынға иеленіп, «Май ауданының ұлттық ат спортына сіңірген еңбегі үшін» белбеуі табысталған.

— Осы Малайсары ауылының тумасымын. 13 жасымнан ұлттық ат спортында жүрмін. Одан бері санасақ, 35 жылдай уақыт болыпты. Табысталған белбеу — еңбегімнің жемісі  деп санаймын. Алда командамен талай биік жетістіктерге жетеміз деген ойдамын, — дейді санаулы күндер бұрын Малайсары ауылдық мәдениет үйінің жастар және спорт жөніндегі қызметіне тағайындалған Жанат Қопашев. Биылғы маусымға командаға жаңадан Қарағанды, Алматы облыстарынан және Аққулы ауданынан 6 ат сатып алынды. Осы аттарды сатып алуға ауыл азаматтары, атап айтсақ,  Бейбіт Қожанов, Еркеболат Шәріпбеков, Жанат Қопашев, Қайыржан Жарылғасын, Орал Жұмабеков демеушілік етті. Көкпар ойынында аттар қорғаушы, шабуылшы және жекпе-жек аттары деп бөлінеді. Тұқымы жағынан айтатын болсақ, қазіргі таңда таза қанды ағылшын айғырлары, қостанай тұқымды аттар және жергілікті қолтума айғырлармен команда жасақталуда. Май ауданындағы әр команданы жетелеп жүрген жетекшісі әрі жанашыры бар. Атап айтсақ, Малайсары батыр командасының жетекшісі Жанат Қопашев, Саты ата командасының жетекшісі Аманай Солтанов, Қайса ата құрамасының жанашыры Бейбіт Қожанов, осы команданы қазіргі кезде жетелеп жүрген Фархат Мұхитов және Кеңтүбек ауылынан Рашид Жәпішев те бар. Осы азаматтар аудандағы ат спортының дамуына қажырлы еңбек етіп, биікке көтеруде. Тағы да айта кетерлік жайт, Май ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері Хасен Сейітқазин атамызды еске алуға  жыл сайын көкпардан дәстүрлі түрде облыс чемпионаты өтеді. Осы шараны өткізуді Хасен Сейітқазиннің ұлы, марқұм Қуатбек Сейітқазин бастаған. Қазіргі таңда ұрпақтары жалғастырып, демеушілік етеді.  Алайда мәселе де жоқ емес. Қазіргі уақытта ұлттық спортты дамытудағы негізгі күш, басым салмақ Малайсары ауылының тұрғыны, «Малайсары батыр» командасының капитаны Жанат Қопашев бастаған жігерін жаныған, намысты азаматтардың өздеріне түседі. Жанат Қопашев 2000 жылдары Малайсары батыр командасын құрып,  көкпар ойынында бірнеше толқын шәкірт тәрбиелеп, көкпар ойынына баулып жүр. Топта — 18 адам. Көкпаршылар аудан, облыс намысы сынға түсетін дүбірлі додаларға өздері ізденіп, ұлттық спортқа жанашырлардың қолдау-көмегіне сүйеніп барып жүр. Аудан құрамасындағы аттар да өздерінікі.  Жүйрікті өздері жаратып, өздері баптайды. Команда капитаны Жанат Қопашевтің сөзінше, бұрын барлық команда аттарына арнайы атқора қарастырылмағанын, алайда аталмыш мәселе биыл оң шешімін тапқанын айтты. Дегенмен, әр шабандоз сәйгүлігін өз қалтасынан жем-шөппен қамтамасыз етіп отыр. Ауданда арнайы стандартқа сай атшабар жоқ.

— Көкпар тарту, басқа да ат спортын меңгеруде біз өзіміз ізденіп шыңдалдық. Көрші ауылдарға көкпар тартуға жиі бардық. Аудандық, облыстық додаларда сынға түсуде де көп нәрсені үйрендік. Қазіргі таңда бір көкпар атын жем-шөп және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге айына 100 мың теңге шамасында қаржы жұмсалады. Ал кейбір шабандоздар бірнеше атты баптайды. Сондай-ақ, көкпар – спорттың күрделі ойындарының бірі. Жарыс кезінде оқыстан түрлі жарақаттар аламыз.  Осы мәселе облыс басшылығының тарапынан қолдау тапса және спортшыларға ойын кезінде алған жарақатынан тегін ем-дом шаралары көрсетілсе екен деймін, — дейді Ж.Қопашев. Ал аталмыш команданың шабандозы Аспандияр Қайролла аймақтық көкпар ойындарында бас жүлдеге тігілетін жүлде қоры төмен дейді.

— Аймақтық спорттық бәсе-келерде жүлде қоры аудандық деңгейден аз. Ал ауданда ат спортына қазіргі таңда көңіл бөлінуде. Оның бірі жуырда Наурыз мерекесіне орай аудан әкімі
Ағыбай Әмірин ағамыз өткізген аудан чемпионатын атап кетуге болады. Бас жүлдеге 1 500 000 теңге тігілді. Осы жүлдені біздің команда ұтып алды. Ал Малайсары ауылының әкімі Қуаныш Нұрғожин  командаға жанашырлық танытып, көмек көрсетіп, шабандоздармен бірге ат үстінде жүреді. Чемпионаттарда жүлде қорын ұлғайтса  деген тілегім бар. Себебі, осындай жарыстар өткізіп, жүлде қорын көбейтсек, келешек жас өрендердің көкпар ойынына деген қызығушылығын арттыра аламыз, —
дейді шабандоз.

                                  Түйін:

Ата-баба мұрасын құрмет тұтқан өңірдің жас өрендері ат жалын тартып өсіп келеді. Қазақтың игі дәстүрі — баланы ашамайға отырғызу да бұл өлкеде берік сақталған. Тайға мініп шапқылап жүрген баланы, көкпар, бәйге секілді қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеген ел азаматтарын Ақтоғай, Баянауыл, Май аудандарынан байқаймыз. Расында, жасы да, кәрісі де ұялы телефонға телмірген қоғамда балалардың тайға мініп топтасып, ат үстінде ойнауы қала түгілі, қазақтың көп ауылына үлгі болуына әбден лайық.  

Айдана БОРАНБАЕВА,

Көктөбе ауылы, Май ауданы.